Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
БУРАБАЙДАҒЫ ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ ФЕСТИВАЛЬ - АРҚА АЖАРЫ

БУРАБАЙДАҒЫ ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ ФЕСТИВАЛЬ

Дәстүрлі этнографиялық фестиваль «Атадан қалған асыл мұра» атанып, Бурабайдағы Абылай хан алаңында өткізілуі тағлымды шараның мазмұнын кеңейте түсті. Өйткені, Бурабай Қазақ елі тарихының тұнық қайнары ғана емес, өршіл рухымыздың биік байрағы, мәдени құндылықтарымыздың мөлдір маржанын тұтастырған ғажайып құт мекен. Өңірдің барлық қалалары мен аудандарынан 400-ден астам өкіл қатысқан фестивальді облыстық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен шырайландыра түсті.

Абылай хан алаңының төріндегі жаңа ғана мамырлай қонған аққұтандарды елестететін ақшаңқаң киіз үйлердің жасауы жарқырап тұр. Маңайдың бәрі ұлттық киімдегі адамдарға толы. Тұлпар мініп, бүркіт қондырған, тазы құмай ерткен бүгінгінің серілері сәнді-ақ. Мұнда орталық сахна жоқ, әр үйдің алдында ән шырқалып, күй төгілуде, қызғалдақ қыздар мен асыл әжелердің билерінде мерекелік екпін бар. Айналадағы курорттар мен сауықтыру орталықтарынан ағылған жұрт, Ресейден арнайы шақырылған қонақтар кісі қарасын қалыңдатып барады. Фестиваль шеңберінен асып кеткен шара қонақтарын Кенжебек Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптары ансамблі, «Гәкку» кәсіби би ансамблі, «Көкшетау», «Шалқыма», «Он алты қыз» халықтық ансамбльдері «Шашу» биімен қарсы алды.
Ақмола облысы әкімінің орынбасары Қанат Ыдырысов, облыс әкімінің кеңесшісі Марат Иғали, Бурабай ауданының әкімі Қанат Қарауылов жиналған қауымды жылы шыраймен құттықтап, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы фестивальдің тәрбиелік мәнін ашып көрсетті.
Алаш ұландары қадым заманнан бері өз арманына жетуде біліктілігімен, білгірлігімен, рух қуатымен, жігерімен, сан қырлы талантымен ерекшелене білген. Соның бір мысалы ретінде бүгінгі күнге дейін құбылып жеткен халықтық қолданбалы өнер дәстүрін айтуға болады. Хас шеберлер алтынмен апталып, күміспен күптелген, лағыл тастармен әшекейленген қиял тербер жәдігерлерімен, жауынгерлік құралдарымен тамсандырған. Көрермен қауым бүгінгінің зергері, көкшетаулық Рүстем Шәріповтың қолынан шыққан көз жауын алар жүзік, сақина, білезік, шолпы, қаптырма сияқты заттарға айрықша зейін қойды. Шортанды ауданының өкілі Макер Тұрысхан мен көкшетаулық Мұхтар Сайдалиннің өнері де өрге озып тұрғанына қол соғушылар көп.
Көкшетау қаласының тұрғыны Шоқан Еламановтың ағаштан ойып жасаған домбыра, қобыз, қылқобыз, сазсырнай, уілдек, жетіген, дабыл, дауылпаз, құрай сияқты бұйымдары өнер шеберлерінің орындауында сиқырлы саз төкті. Сондай-ақ, қазақ халқының тұрмысы мен мәдениетінде аңшылық пен саятшылық айрықша орын алатыны белгілі. Бұл орайда да, фестиваль көрмелеріне қойылған садақ, жебе, қанжар, шілті мылтық, ау жабдықтары жұртшылықтың ерекше қызығушылығын тудырды. Құмай таздар, қорықшы алпауыт иттер, қырағы құстар, жүйрік аттар маңында суретке түсушілер бір сәт сейілер емес.
Деректерге сүйенсек, ағылшын ғалымдары кілем тоқу өнері Орта Азиядан шыққанын дәлелдеген. Бұл жолы қонақтар Кенжебай Смағұл мен Қожахима Өсерхан тоқыған кілем, текемет, алаша, киіз бұйымдарының күнделікті тұрмыста қолданылуын тамашалады. Әшекейлі киіз үйдің іргесінде қымыз сапырып, май шайқаған көріністе Біржан сал ауданының «Ақ жаулық» фольклорлық ансамблі халық әндерін әуелетіп тұрғаны көңіл көкжиегін асқақтатты. Хан алаңында ақындар айтысы өтіп жатса, қазақша күрес, тоғыз құмалақ, асық ату, бес тастың қызығы өзінше бөлек еді. Күн ұясына отырар шақта қарақұрым малдың өрістен қайтып келе жатқаны мерекелік ауанның жарасымын жарқыратқанын айтсаңызшы!
Фестивальдің бастан-аяғына дейін Ресейдің «НТВ» телеарнасының «Поедем, поедим» шоу бағдарламасының жүргізушісі Джон Уоррен мен операторлар бригадасы бір тыным тапқан жоқ. Әріптестеріміз «Беташар», «Тұсау кесу», «Босаға майлау», «Қыз айттыру», «Ши өру», «Сүйек жаңғырту», «Қымыз мұрындық» сияқты әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерімізге әрі таңданып, әрі ерекше құрмет көрсетті. Олар тіл үйірер сірнеден дәм татып, қалай дайындалатынын жазып алғанын байқадық.
Атадан қалған асыл мұрамыз ешқашан көнермейтіні, тәуелсіз Қазақстанымызда оның сан құбылып, жаңғыра беретініне шек келтіре алмаймыз. Аманат арқалаған бүгінгі және болашақ ұрпақ осынысымен өр биіктен көрінетіні сөзсіз.

Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар