Елбасы Жамбыл облысы Гвардейский кентіндегі «Отар» 40-шы әскери базасына келгеннен кейін парадқа басшылық етуші – Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері Құрлық әскерінің бас қолбасшысы, генерал-майор Мұрат Бектанов әскери парадты өткізуге және аумақтық әскерлер құрамаларына жауынгерлік
туларды тапсыру рәсіміне дайын екені жөнінде баяндағаннан кейін Мемлекет басшысы ардагерлерге, сарбаздар мен офицерлерге арнаған сөзінде қарулы күштер қауіпсіздігіміздің басты кепілі, Отанымыздың бейбіт өмірі мен егемендігіміздің берік тірегі болып саналатынын атап өтті.
Еліміздің жүргізіп отырған дәйекті әрі бейбітсүйгіш саясатына қарамастан, Қазақстан әскері тәуелсіздігімізді күзетіп, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы аясында ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге табысты атсалысып, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымы шеңберінде маңызды бітімгершілік функцияларды лайықты атқарып отыр.Мемлекет тарапынан армиямызға мейлінше қолдау көрсетіліп, оның әлеуетін нығайтуға зор мән беріліп, 2030 жылға қарай заман-ауи, мобильді әрі жоғары кәсіби армия жасақтау жөнінде мақсат қойып отыр.
– Әскери парад сіздердің жауынгерлік шеберлік деңгейлеріңіздің және дала жағдайына жаттыққандарыңыздың шынайы көрінісі болды. Парад Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жауынгерлік дайындығы мен кәсібилік деңгейінің одан әрі артуына септігін тигізеді деп сенемін. Баршаңызды Отан қорғаушы күнімен және алда келе жатқан Жеңіс күнімен құттықтаймын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.