Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұлы дала әскері –Мәңгілік ел тірегі - АРҚА АЖАРЫ

Ұлы дала әскері –Мәңгілік ел тірегі

Елбасы, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен Жамбыл облысындағы Гвардейский оқу-жаттығу полигонында өткен мерекелік шеруді көкшетаулықтар Тәуелсіздік алаңындағы үлкен экраннан тамашалады. Отан қорғаушы күні мен Ұлы Жеңістің 73 жылдық құрметіне өткізілген дәстүрлі жауынгерлік шеруде еліміздің әр облысы мен Алматы және Астана қалаларының әкімдеріне туған жердің туын қызғыштай қорғап, патриоттық рух пен елге адал еңбек етудің нышаны ретінде Мемлекет басшысының атынан Мемлекеттік Ту тапсырылды. Салтанатты шарада мемлекеттік рәмізді облысымыздың әкімі Мәлік Мырзалин қабылдап алды. Тікелей эфирден көрсетілген салтанатты шерудегі Елбасының құттықтау сөзінен соң, Көкшетаудың орталық алаңында Отан қорғаушы күніне арналған салтанатты мерекелік шеру болып өтті.

«Ұлы дала әскері – Мәңгілік ел тірегі» атты ұранмен «Отар» 40-ыншы әскери базасында өткен жауынгерлік шерудің ресми бөлігінен соң, Тәуелсіздік алаңында жиналған 5510 әскери бөлімнің, Ішкі істер министрлігінің біздің өңірдегі құрылымдарына және облыс орталығындағы оқу орындарының курсанттары мен студенттеріне Көкшетау қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы, подполковник Руслан Әміржановқа бұйрық беріп, сап түзетті. Шеруге қатысушы жауынгерлік саптардың дайындығы пысықталған соң, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының бірінші орынбасары, полковник Заңғар Ғаббасовқа есеп берді. Бас қолбасшының орынбасары жауынгерлік шерудің дайындығын қабылдап алып, шеруге қатысушыларды Отан қорғаушы күнімен құттықтады.
Парадқа Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері, интернационалист-жауынгерлер, Чернобыль АЭС-дағы апатты жоюға қатысушылар, тәжік-ауған шекарасындағы жауынгерлік қимылдарға қатысқандар, әскери-патриоттық клубтардың мүшелері, білім беру мекемелерінің курсанттары, ардагерлер ұйымдары мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Осы мерекелік шарада барша қазақстандықтар мен облыс тұрғындарын облыс әкімінің атынан өңір басшысының орынбасары Айна Мысырәлімова құттықтады.
–Біздің әскери қызметкерлеріміз – жоғары кәсіби дайындық пен жауынгерлік машықтың үлгісінің көрсеткіші. Қарулы күштер қатарында қызмет атқару әрбір қазақстандықтың құрметті де абыройлы борышы. Бұл аға буын өкілдерінің ерлігі мен жауынгерлік батырлығына негізделген патриоттық мектептің өнегелі тәрбиесі,–дей келе, облыс әкімінің орынбасары ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен елімізді жаудан азат етіп, қасиетті Отанын қорғаған Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен Отан қорғаушыларды айтулы мерекемен құттықтап, еліміздің тыныштығы мен амандығын тіледі.
Бұдан соң Тәуелсіз Қазақстанға әскери борышын адал орындап, мінсіз қызмет етіп келе жатқан бір топ азаматтар облыс әкімінің атынан Алғыс хаттармен марапатталды. Олардың ішінде Біржан сал ауданының Донс-кой және Зеренді ауданының Зеренді орта мектептерінің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері Мықтыбай Бекбаев пен Болат Тасенов, Есіл аудандық ішкі істер бөлімінің полиция инспекторы Жасқайрат Төлепберген, Көкшетау техникалық инс-титуты бастығының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Евгений Тимеев, облыстық прокуратураның қоғамдық мүддені қорғау басқармасы бастығының орынбасары Жанат Тұрәлінов бар. Сондай-ақ, 2017 жылы азаматтарды кезекті мерзімді әскери қызметке шақыру қорытындысы бойынша Ақмола облысы әкімінің жалаушасы Астрахан ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы Мұхаммед Илдетеевке тапсырылды. Марапаттау рәсімінен соң Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің, Көкшетау техникалық институтының білім алушылары мен «Гәкку» би ансамблінің және Үкілі Ыбырай атындағы облыстық филармонияның солистерінің қатысуымен «Қазақстан – менің Отаным» атты музыкалық композициясы тамашаланды. Мерекеге арнайы шақыртылған облыстық ішкі істер департаментінің жедел мақсаттағы арнайы жасағының қойылымы да жас ұрпақты ерлік пен батылдыққа, қайсарлыққа шақыратын қимыл әрекеттері баршаның көңілінен шықты. Кез келген қиын жағдайда жедел шешім қабылдап, тез әрі жылдам қимылдап, жүктелген тапсырманы орындап шығудың іс-әрекеттерін көрсеткен жасақтың қойылымына алаңға жиналған қауым риза болды. Мерекелік шеруді Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланының жедел мақсаттағы 5510 әскери бөлімнің сарбаздары бастап шықты. Ұлттық Ұлан жауынгерлері тәулік бойы біздің азаматтардың, қоғамдық тәртіп пен заңдылықты, тыныштықты сақтауды қамтамасыз етуде. Салтанатты сапты жедел мақсаттағы 5510 әскери бөлімшесінің майоры Медет Ертайлақов бастап шықты. Сапта әскери дайындық пен әскери қызмет үздіктері Артем Авдеев, Евгений Лащенов, Әлішер Есжан болды. Ұлттық Ұланның Туын көтеру мәртебесі әскери қызметтің үздігі, аға сержант Рүстем Сейітхановқа бұйырды.
Салтанатты шеруді Ақмола облысының төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жалғастырды. Сапты Щучинск қаласының мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бастығы Азат Нұрлан басқарды. Департамент қызметкерлері апаттан құтқару жұмыстары барысында 118 адамның өмірін сақтап қалған. Парадты еліміздегі төтенше жағдайлар қызметкерлерін дайындайтын жалғыз оқу орны – Көкшетау техникалық институты курсанттары жалғастырды. Сапты институттың оқу-сапқа тұру курсының бастығы Ермек Ділімбетов бастады. Бұл сапта «2018 жылдың үздік оқушысы» – Әділет Алтынбекұлы, «Көкшетау Барысы» қазақ күресі бойынша облыстық жарыстың жеңімпазы Мәлік Шөкебаев, оқу озаттары Дмитрий Чиченков, Әділет Дәулетбековтер болды. Бұдан соң парадты А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің әскери кафедраның студенттері және Ж.Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжінің «Айбын», «Томирис» әскери-патриоттық клубтарының мүшелерінен құрылған бірнеше топ жалғады. Сонымен қатар, орталық алаңнан Көкшетау қаласының №6, мектеп-лицейі мен №12, №21 орта мектептері оқушыларының саптары да жүріп өтті. Шерудің соңы мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты.
Ырысалды ШАМШИЕВА.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар