Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ортақ істің жанашыры - АРҚА АЖАРЫ

Ортақ істің жанашыры

№6 Астрахан агротехникалық колледжінің  директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Валентина Быстрицкая – «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған өңірдегі санаулы әйел басшылардың бірі.

Осыдан он жылдай уақыт бұрын ол аталмыш оқу ордасының басшысы болып тағайындалған еді.  Сол кезде кәсіби лицей  болған білім ошағы қатты құлдырау жағдайында еді. Бұл қиын сәтте оның қайта түлеп, іргелі білім мекемесіне айналатындығына сенушілер аз болды. Осы он жыл ішінде Валентина оны нағыз кәсіби даярлық ордасына, ауыл шаруашылығына мықты кадрлар даярлайтын мекемеге айналдыра білді.  Соның нәтижесінде ол жетекшілік ететін №6 агротехникалық колледж облыстағы осындай 18 оқу ошағының ішінен үздік бестіктің қатарына еніп отыр.

Мұндай еңбекқорлықты депутат кезінде  «Урюпинский» кеңшарының белді са-уыншысы болған анасы Анастасия Жуковадан үйренді. Мектепті бітіргеннен кейін  үлкен әпкелерінің ізімен Валентина да сауыншы болды.  Еңбекте ерекше көзге түскен бұл қыздарға  атақты ақын, әрі жазушы  Владимир Гундарев тіпті, өлең арнаған еді.  Сол жырға кейін әуен жазылып, ел арасында кеңінен танымал «Деревенька моя» әніне айналды.  Ардақты ана өнегесін бойына барынша сіңіріп өскен бойжеткен 25 жасқа толмай жатып, рекорд жасағаны бар. Ол кезде өңірде ешбір сауыншы  әр сиырдан жылына 4327 литр сүт сауып көрген жоқ болатын. Ал, Валентина осы мәреден асып түсіп, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.
Бұдан кейін Валентина қызмет баспалдағымен жоғарылай бастады.  Тауарлық-сүт фермасының бригадирі, зоотехник болып жұмыс істеді. Оның осы қажырлы еңбегі ескеріліп,  1984 жылы тағы да «Еңбек Қызыл Ту» орденін кеудесіне тақты.  Оны  екі жылдан кейін «Урюпинский» совхозының бөлімше басқарушысы етіп тағайындады. Бұл – үлкен жауапкершілік еді. Жас болса да, бас бола білген Валентина бұл міндетті де ойдағыдай атқарып, үш жылдан кейін  «Трудовой» кеңшары директорының орынбасары болды. Осы қызметтерде жүріп, ол адал еңбектің  кез-келген шыңды бағындыруға болатындығын айқын сезінді.
Өтпелі кезең ауыртпашылықтары тап келмесе, осы қарқынмен ауыл шаруашылығын талай биікке көтеруге атсалыса берер ме еді? Сол  қиын кезеңде ол жұмыссыз қалды. Валентинаны жаста-йынан жақсы білетін бұрынғы облыс басшысы   Владимир Гартман оған бұл жолы да көмек қолын созды. Осы адамның арқасында ол Трудовой ауылында мектеп оқушыларын қоғамдық тамақтандыру ісін қолға алды. Бұл қызметте де іскерлігімен көзге түскен Валентина облыстық білім басқармасының назарына ілікті.  Арада бірнеше жыл өтісімен Быстрицкая-
ны Астрахан ауданына құлдыраудың сәл-ақ алдында тұрған лицейді басқаруға жібереді.  Қазір міне, сол білім ордасы өңір мақтанышына айналып отыр. Валентинаның бұл қызметтен бөлек қоғамдық жұмысы да бар.  Аудандық мәслихаттың депутаты халықпен жиі кездесіп, өз сайлаушыларының көкейкесті  мәселелерін шешуге атсалысып келеді.  Күні бойы тек жұмыс үстелінде отырғаннан шаруа бітпейтіндігін анық білетін ол ұдайы іс пен  ізденіс үстінде жүреді. Өйткені, депутаттың өмірлік ұстанымы осы.
Астрахан ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар