Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бурабай ғажайып өлке. Бурабайға әлем сүйсінетін болады! - АРҚА АЖАРЫ

Бурабай ғажайып өлке. Бурабайға әлем сүйсінетін болады!

Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин өткен сенбі күні Бурабайда республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін баспасөз мәслихатын өткізіп, туризмді дамыту бағытында атқарылған жұмыстар және алдағы жоспарлар жайлы айтып берді. Журналистер курортты аймақтың көрікті жерлеріне саяхат жасап, танысты.

Таңғы мөлдір ауа тұп-тұнық, көкірегіңді толтырып қанша жұтсаң да құмарың бір қанбайтын, мәңгі жасыл қарағайлар көмкерген Бурабайдағы туризмді дамыту жобаларын таныстыруға арналған баспасөз туры облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің журналис-
тер үшін Бурабайға саяхат жасауымен басталғандығы әсерлі болды.

I. Әкімнің журналистер үшін саяхаты

Баспасөз турына қатысуға келген журналистерді облыс әкімі Мәлік Мырзалин өзі ерте жүріп, оларға атқарылған шаруалар туралы баяндап, журналистерді Бурабайдың орталық алаңымен және туристік орталықпен таныстырды. Бұл арада өлкетану және табиғат музейі, хайуанаттар саябағы мен кәдесый дүкендері, ойын-сауық орталықтары орналасқан. Бұрын Бурабайда болып көрмеген кейбір әріптестеріміз әрненің жайын сұрап, қызығушылық танытып жатты.
– Бұл жерде туристерге тегін жол картасы мен терминалды пайдалануға болады. Болашақта хайуанаттар саябағын сафари-саябақ ретінде аясын кеңейту жоспарда бар, – деп атап өтті облыс әкімі. Одан әрі саяхат көл жағалауында жалғасты. Көл жағасына ағылшын инвесторларының 10 су сырғанақтан тұратын үсті жабық аквасаябақ салу ниеттері бар екен. Құны 200 миллион теңгені құрайтын инвесторлардың есебінен салынып жатқан аквасаябақ 2019 жылы аяқталады деп жоспарланған.
– Келісім оңайға түспеді, себебі, инвесторлар ашық аспан асты аквасаябағын тұрғызғысы келді, ал бізге туристер үшін аквасаябақтың жыл бойы жұмыс істегені тиімді, – деді облыс басшысы. Сөз арасында аймақ басшысы көл жағалауында ақылы және тегін жағажайлардың қызмет көрсететінін айтып, бағасы 500 теңгеден басталатынын және оның ішіне бірнеше қызметтердің кіретінін тілге тиек етті. Сарыарқаның төсінде үзіліп түскен бір шөкім жақұттай жарқыраған Бурабайдың баурайы демалыс маусымы аяқталып келе жатса да қыж-қыж қайнап жатыр. Сол қарақұрым демалушылардың арасында спортшылар да бар. Бурабайдың спортшыларды өзіне тартатын себептері болса, оның ең бастысы, үстіміздегі жылы пайдалануға берілген, өз еліміздің ғана емес, алыс-жақын шетелдің тау шаңғысы спортының жілігін шағып, майын ішкен мамандарын елең еткізген – «Бурабай» халықаралық спорт базасы. Баспасөз турына қатысушылар онымен де танысты. Аумағы 125,54 гектарды алып жатқан кешен қалам ұстаған қауымды таң-тамаша еткенін айтсақ артық болмас.
Елімізде теңдесі жоқ спорт кешенін салуға 38 миллиард теңге қаржы жұмсалыпты. Есесіне әлем таң қалатын тамаша дүние пайда болған. Таратып айтатұғын болсақ, шаңғы жолы, 90 және 152 метрлік биіктіктен секіру тұғыры, 200 орындық қонақ үй, 250 орындық асхана, жүзу бассейні, дәрігерлік-сауықтыру орталығы бар.
– Ғажап екен!–дейді Павлодар облысынан келген шаңғы спортының аға жаттықтырушысы Александр Курсаков.
–Оқу-жаттығу сабақтарын өткізіп жатырмыз. Бұл жерде жалғыз тау шаңғысы ғана емес, қоссайысқа, триатлонға да мол мүмкіндік жасалған. Біздің жас спортшыларымыз аз уақыттың ішінде бауыр басып қалды. Дәл мынадай мүмкіндік жасалған жерде қалайша жақсы нәтиже көрсетпеуге болады. Мен сіздерге айтайын, дәл осындай кешен алыс-жақын шетелдерде де кездесе бермейді. Одан әрі облыс әкімі журналистерге серуен ретінде Бөлектаудың биік жеріне шығуды ұсынды. Таудың биік тұсынан жаяу шыққан журналистер Бурабайдың ең ғажайып көрінісін тамашалауға мүмкіндік алды. Бір шоғыр болып тұрған Бурабай тауларынан заңғар басын ала қашып шығысқа маңдай тіреген Бөлектаудың жаратылыс жайы туралы сан түрлі аңыз бар. Жастық шіркін биікке құмар емес пе? Журналистердің барлығы қарағайлы орман ішіндегі жалғыз аяқ соқпақмен бітімі бөлек жаратылған тау басына көтерілді. Облыс әкімі Мәлік
Мырзалин өткен тарихтың өнегелі тұстарын орын-орнымен сабақтап айтып берді.
Бурабайдың бауырында зерек көңілде сабақталар сыр көп. Бұрынғының үстіне жаңа мазмұн үстейтін жаңалық та аз емес. Соның бірі ашық аспан астындағы «Ботай» музейі. Археолог ғалымдардың айтуына қарағанда, Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Айыртау ауданының Никольское
ауылынан бір жарым шақырым жердегі сонау энеолит дәуірінде Қазақстанның солтүстігін мекендеген тайпалар мәдениетінен тылсым сыр шертетін көне қоныс – талай құпияны қойнына тығып жатқан ежелгі мекен. Қазіргі күні аумағы 15 гектар жерді алып жатқан ежелгі адамдар қонысынан 150-ден астам үйдің орны табылған. Сол жерлерде көне тарихтың көмбесінен көсіп сыр ұғуға тырысқан ғалымдар осы бір ежелгі тұрғынжайларды қазып, қайтадан тұрғызуға мүмкіндік алған. Ежелгі көріністі, салт-дәстүрді, энеолит дәуіріндегі адамдардың тұрмыс-тіршілігін анықтау үшін. Ботайдағы бағалы қазынаның сұлбасы, яки көшірмесі биыл Бурабайдың етегіне салынды. Өйткені, мұнда келімді-кетімді кісі көп. Әрі көне дәуірдің көрінісін көргісі келгендердің ат басын бұруына септігін тигізбек.

II. Әкімнің журналистер үшін сұхбаты

Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің журналистер үшін жасаған саяхатының соңы Бурабайдағы төрт жұлдызды «Park House» қонақ үйінің аспан асты террасасында Бурабайда туризмді дамытуда жүзеге асырылатын басты жобаларды таныстыруға арналған баспасөз мәслихатына ұласты. Бұл брифинг тікелей эфир арқылы көрсетілді.

Осы брифингте облыс әкімі Мәлік Мырзалин туризмнің экономиканың басым бағыттарының бірі ретінде бүгінгі таңда серпінді дамып келе жатқанын екпін түсіріп атап өтті.
– Дәл қазір облыстың туристік кластерінде 700-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Өткен жылы курортты аймаққа 1 миллионнан астам турист келді. Оларға 6 миллиард теңгенің қызметі көрсетілді. Бұл арада мына бір жайды айта кетуіміз керек, жазғы маусымда Бурабай баурайында қанша туристің дем алғанын дөп басып айту қиын. Өйткені, Бурабай кентінде жалға берілетін жекеменшік орындар өте көп және іргедегі Ресей тәрізді жақын шетелдерден келген дем алушылардың саны да аз емес. Тартымдылығына орай негізгі аймақтар анықталып отыр. Ал, жалпы туризм индустриясын дамытудың Жол картасы шеңберінде жеті негізгі бағыт бойынша 119 іс-шара жоспарланған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына орай, қызмет көрсету сапасы сертификатталған қонақ үйлердің саны бес есеге көбейді. Қазіргі уақытта олардың саны жиырма екі, жыл соңына дейін отыз алтысы сертификатталады.
«Щучинск — Бурабай» курортты аймағының айрықша басым аймақтарында туристерді тарту бағытында айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Бизнес құрылымдар аймақты дамыту перспективаларына сеніп, инвестиция сала бастады. Бір миллиард теңге қаржыға «Щучинск» шипажайын жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Тамызда «Архей» серіктестігінде құны 400 миллион болатын 24 бөлмелі денсаулық сақтау кешені пайдалануға берілді. «Жекебатыр» шипажай курортты мекемесінде құны 1,5 миллиард теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Келер жылы кешеннің екі корпусында жөндеу жұмыстарын толық аяқтау жоспарланса, үшінші ғимарат сүріліп, орнына халықаралық стандарттарға сай жаңасы салынбақ. Қонақ үй – бұл туристердің біздің облыс туралы әсер алатын ең бірінші нысаны. Қонақтардың осында қайта-қайта келуіне барынша жағдай жасау қажет. Ол үшін бізде барлық мүмкіндік бар. Аймақтағы шипажайлар, қылқан жапырақты орман мен мөлдір көлдер, табиғи минералды су көздері кез-келген туристің жүрегін баурап алатыны анық. Сонымен қатар, Бурабай кентінде жабық су паркін салу жұмыстары басталды. Бірегей нысандармен қатар, гольф-клуб пен трамплині бар тау шаңғысы базасы курортты дамытуға ерекше серпін беретін бірқатар жобаларды іске асыру арқылы қамтамасыз етіледі. Әлемдегі жетекші PGI Management, Андора компаниялары Көкше тауының солтүстік беткейінде далалық зерттеулер жүргізді. Оның қорытындысы бойынша тау шаңғысы курортын дамытуға арналған көлбеу жарамдылығы туралы ұсыныс жасалды.
Туризм саласындағы туризм индустриясы 100-ден астам нысандарды қамтиды. Елордамыз Астананың іргесінде 2016-2017 жылдары аралығында 4,3 миллиард долларға 6 нысан құрылып, 100-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды. Осы жылы Мемлекет басшысының қатысуымен Аршалы ауданындағы «Бейбарыс» демалыс орны ашылды. Сондай-ақ, 2018-2019 жылдары жалпы құны 2,2 миллиард теңге болатын «Home Family» «HAPPY VILLAGE», «Аққайың» тәрізді 3 нысан пайдалануға берілді.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аймақтағы ішкі туризмді дамыту жолында әрдайым көрініс табады. «Туған жер – туған ел» негізгі бағытын іске асыру шеңберінде Ақмола облысының туроператорлары облыстың тарихы және көрнекті орындарында (Бурабай, Зеренді, Қорғалжын, Ерейментау және Біржан сал аудандары) туристік бағыттарын әзірледі және соны пайдалануда. Оның ішінде 8-і қорғауға алынған орындарға бекітілген бағыттар. Өткен жылы «Визит Ақмола» туристік ақпараттық орталығы ашылды. Орталықтың басты міндеті өңірдің бірегей туристік әлеуеті туралы ақпарат тарату және бұқаралық іс-шараларды көрсету. Бурабай курортының тартымдылығын және жыл бойы бизнестің жүктелуін қамтамасыз ету мақсатында «Four seacons» тұжырымдамасы іске асырылады. Биылғы жылы жаппай туристердің келуін қамтамасыз ету үшін 14 басымдық берілген және 30 ағымдағы іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Олардың арасында «Colorfest Burabay» бояулар фестивалі, «Octoberfest Burabay» сыра фестивалі және «Burabay Swim 2018» жаппай жүзу сайыстары туристерді тартуда теңдесіз болып отыр.
Цифрландыру жобасының шеңберінде электронды ақпарат ұсынатын үш тілдегі «www.visitaqmola.kz» интернет ресурсы енгізілді. Веб-дизайнның трендін қолдану арқылы жасалған жаңа сайт қолданушыларға елді мекенді, орналасқан нысандар жəне сауықтыру орындарын таңдауға мүмкіндік береді.
Оған қоса, туристік геопортал ашу жоспарда бар. Геопорталға 50-ден астам көрікті жерлер, 43 киелі орындар, 25 туристік бағыттар (Көкшетау, Бурабай, Зеренді, Сандықтау, Қорғалжын) енеді. Онда түрлі-түсті жазулар мен фото ғана емес, геолакцияның қазіргі заманғы технологиясы, 3D көрсетілім, брондау жəне тағы басқа қызметтер болады. Сонымен қатар, сайт ақпараттық дүңгіршек жүйесімен қамтылған. Онда туристер өздеріне қажетті кез-келген ақпаратты ала алады. Туристік сайттардан QR кодтың оқуға қабілетті гаджеттерге арналған мобильді қосымшасы да қолға алынуда. Сонымен қатар, туристердің кері байланысына бағытталған бірыңғай Сall- орталығы құрылды. Елбасының өзінің тапсырмасында 2023 жылы туристер санын 3 миллионға жеткізу міндеттері қойылып отыр. Бұл міндеттерді орындауға облыстың туристік әлеуеті жеткілікті.

III. Әкімнің журналистердің сұрақтарына жауабы

Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің сұхбатынан кейін кезек сұрақ-жауапқа келді. Өңір басшысы журналистердің қойған сұрақтарын мұқият тыңдап, әр сауалға нақтылы жауап берді.

Сұрақ: – Бурабайда сауықтыру туризмі бағытында қандай жұмыстар жүргізілуде? Қоқысты бөлектеп жинау бойынша қанша жәшік қойылды, жыл соңына дейін қаншасы орнатылады?

Жауап: – Сауықтыру медициналық туризм саласында облыста 45 сауықтыру курортты нысаны бар. Бізге бұл бағытта жұмысты әлі де ширату керек. Өңірдегі сауықтыру орындарында оңалту шараларын жүзеге асыруға болады. Осы орайда, «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамы курортты аймақта жаппай қолданылатын жаңа қазақстандық бренді «Qulager-Вurabai» емдік ас суын ұсына бастады. Бұл шипалы су Көкшетау биіктігіндегі «Qulager-Вurabai» жер асты су көздерінен алынады. Ұңғыма республикалық сумен сауықтыру нысандары тізіліміне енгізілген. Бұл емдік суды Бурабай шипажайларында қолдану елімізде медициналық туризмді дамытуға мүмкіндік беріп қана қоймайды, «Ессентуки», «Боржоми», «Карлов Вары» сияқты әлемге танымал курортты қалалардың баламасы болуға жол ашады. Ал, қоқыс жәшігіне келетін болсақ, мұндағы проблема қоқыс жәшігі мен оның құнында емес, ең бастысы демалушыларды қоқысты шашпай-төкпей, тиісті жәшікке салу бойынша мәдениеттілікке үйрету.

Сұрақ: – Халық арасында Бурабайда демалу Түркиямен салыстырғанда қымбат екені жиі айтылып жүр. Мұның себебі неде?

Жауап: – Бұл – бүгінгі күнге дейін Ақмола облысының əкімдеріне үнемі қойылатын, жауыр болған әрі қиын сұрақтың бірі. Өйткені, осы мəселе əлеуметтік желілерде жиі қозғалады. Қазір жағдай бір қалыпқа түсуде. Бұл жерде мəселе қызмет көрсету сапасы мен бағаға қатысты, ал, ол өз кезегінде бəсекеге келіп тіреледі. Осы кезге дейін Бурабай курортында соншалықты қызу бəсекелестік болмады. Адамдар жылына тек екі-үш ай, яғни, жазғы демалыс кезінде жұмыс істейді де, сол уақыт аралығында жыл бойына жететін табысты тапқысы келеді. Сондықтан да, баға өсімі орын алады.
Мен қонақ үйлердің жұлдызды санатына қарай стандартталу мәселесін жиі қозғаймын. Өйткені, стандарттау – қонақ үй қызметінің сапасын жақсартуға əсер етеді. Одан бөлек Four seasons бағдарламасы бойынша əр ай сайын 3-4 маңызды іс-шараларды өткізетін боламыз. Яғни, келген туристер үшін табиғат тамашалаудан өзге де көруге тұратындай, атап айтарлық шаралар болуы керек жəне ол тұрақты түрде ұйымдастырылуы тиіс. Тұрақты деген себебім, келген туристер жыл сайын белгілі бір маусымда қандай да бір нақты шараның болатынын біліп, арнайы келсе деймін. Ол спорттық, мəдени, ойын-сауық тағы басқа шаралар болуы мүмкін. Сол кезде қонақ үй иелері бір мезгіл жұмыс істеп, қалған уақыт жабық тұрғанның тиімсіз екенін түсінеді. Әрине, аталған мəселені кешенді түрде шешу керек. Сондықтан, біз «Burabay PASS» турис-терге арналған карта жобасын іске қостық. Ол бойынша алдын ала қалаған қонақ үйді брондайсыз, содан соң сізге кешенді карта беріледі. Оның ішінде бəрі қарастырылған, бұл қаржыңызды 50 пайызға дейін үнемдеуге көмектеседі. Менің ойымша, бұл өте қолжетімді баға. Ал, содан ғана соң бізде немесе Түркияда демалғанның қаншалықты арзанға түсетінін салыстыруға болады.

Сұрақ: – Өзіңіз Бурабайда қаншалықты жиі болып тұрасыз және отбасыңызбен демалған күндеріңіз болды ма?

Жауап: – Бурабайға жұмыс бабымен міндетті түрде аптасына бір рет келемін. Тіпті, БАҚ менің осында жиі келетінімді де жазып жүр. Бірақ, облыс əкімі болған бір жарым жылдың ішінде отбасыммен бір рет қана демалуға келдім. Үстіміздегі жылы 2 қаңтарда Бурабайдағы Лапландияда отбасыммен демалдым.

Сұрақ: – Бурабайға негізінен қай елдерден туристер көп келіп демалады?

Жауап: – Биыл Бурабайда орналасқан қонақ үй, мейрамханалардың иелерімен кездестім. Олардың айтуынша, келуші туристер саны айтарлықтай өскен. Өткен жылы Щучинск-Бурабай курортында 850 мыңнан астам адам демалды. Ал, биыл демалуға келетін туристердің саны тағы 50 мыңға артады деп болжанып отыр. Тағы айта кететен жайт, туристердің көбі Астана мен Ресейден келеді. Сонымен қатар, биыл мемлекеттік тұрғыда Қытай жəне Үндістанмен жасалған визасыз режимнің арқасында аталған елдерден келушілер саны артып жатыр.

Сұрақ: – Бурабайда туризмді одан əрі дамытуда басты қандай жобалар жүзеге асырылатын болады?

Жауап: – Таяу жылдары жүзеге асырылатын жобалардың бірі – Бөлектау тауының маңайында тұрғызылатын 233 гектар аумақты қамтитын бірнеше нысан. Ол спорт жəне сауықтыру орталықтары, отбасылық қонақ үйлер, аквасаябақ, сырғанау алаңдары жəне тағы басқалар. Бүгінгі таңда аталған жобалардың инженерлік инфрақұрылымдары бойынша жұмыстар жүргізілуде. Екінші үлкен жоба Щучье көлінің жағасында, «Rixos Borovoe» қонақ үйінің жанынан коттедждер қалашығын тұрғызу. Қалашық құрылысының жұмысы жақын күндері басталады. Тағы бір біткелі жатқан іс – Бурабай кентіндегі жаңа мешіт пен 14 гектар жерді қамтитын көпфункциялы кешеннің құрылысы аяқталуға жақын. Бурабай кентінен бастау алатын кешен көлге дейін жалғасады. Ол жерде қонақ үйлер, мейрамхана, ойын-сауық орталықтары орналасады. Аталған құрылыс нысандары Үкімет пен Мəдениет және спорт министрлігінің бірлесіп жасап жатқан Бурабайда туризмді дамытудағы маңызды жобалары болып табылады.
Одан бөлек Ақылбай көлінде ат спорты жəне Көкшетаудың солтүстік жақ бетінде таудан сырғанау кешендерін салу жос-парда бар. Бүгінде таудан сырғанау кешенін жүзеге асыратын мамандандырылған əлемдік деңгейдегі алдыңғы қатарлы компаниялармен далалық жұмыстар жүргізілді. Онда таудан сырғанау кешенін дамытудың ұсынымдары таныстырылды. Алдымен таудан сырғанаудың əртүрлі деңгейі бойынша ұзындығы 5 шақырым жерді алып жатқан 14 таудан түсу құрылғысы салынады.

Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин баспасөз мәслихатын қорытындылай келіп, биылғы жылдың табысты болғандығын, алдағы уақытта қандай игі шаруалардың қолға алынатындығын түгел айтып берді. Ендігі арада туризмді дамыту мықтап қолға алынбақшы. Ол үшін барлық жағдай бар. Курортты аймақ ел экономикасына серпін беретін салаға айналмақшы. «Бурабай ғажап өлке. Бурабайға әлем сүйсінетін болады», – деді.

Аслан Оспанов,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ, Айбек ДАНИЯРОВ.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар