Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қазақстанның Адамзат өркениетін сақтап қалудағы тарихи қадамы - АРҚА АЖАРЫ

Қазақстанның Адамзат өркениетін сақтап қалудағы тарихи қадамы

I. Елбасы ядролық қару-жарақсыз әлем құрудың жаңа кезеңін бастап берген дара тұлға!

Семей сынақ алаңын жабу – ядролық қарусыз әлем құру жолындағы қазақ халқының ұлы қадамдарының бастауы болды. Қазақстан Семей сынақ алаңы жабылған сәттен бастап адамзат тарихындағы ең зұлмат сойыл – ядролық қарумен күрестің көшбасшысы атанды.
Нұрсұлтан Назарбаев.

Жабал Ерғалиев,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына биыл – 27 жыл! 1991 жылдың 29 тамызында өз Жарлығымен Семей ядролық сынақ полигонын жапқан Нұрсұлтан Назарбаев – әлемдік тарихтағы адамзат баласының ядролық қарусыз дамуының және сол ізгі мүдде үшін осы күнге шейін күресіп келе жатқан саяси дара тұлға!
Адамзат баласының мүддесі үшін ядролық қару-жарақсыз әлем құрудың бас-тамашысы және оны батылдықпен жүзеге асырушы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев болатын! Мұны әрдайым қайталап айтудан жалықпайық!
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан
Назарбаев бейбіт дүниеге жаңа дем бергендігі мен дүниенің үміті мен сенімін оятқандығы үшін әлем жұртшылығының алғысын арқалап келе жатқандығы да бар. Өйткені, Қазақстан 1991 жылы, өз тәуелсіздігінің қарсаңында тұрған тұста, қуаты жөнінен әлемдегі төртінші ядролық арсеналды иеленіп отырған еді.
Кешегі Кеңес Одағын уысында ұстап тұрған Сталиннің 1947 жылдың тамызында қол қойған қаулысымен қазақ жерінде құрылған қасіретті Семей ядролық полигонын 1991 жылдың 29 тамызында Кеңес Одағының тұсында өзінің Жарлығымен жапқаны да жаһан жұртының есінде әлі. Елбасының бұл парасаттылығы мәңгі ұмытылмайды және адамзат дамуы өркениетінің беттеріне алтын әріптермен жазылып та қойылған-ды.
Көне тарихтың зерделі жадындағы жайттың бірі сол, 1949 жылдың 29 тамызында Кеңес Одағы Семей ядролық полигонында бірінші атом бомбасының сынағын өткізгендігі адамзат тарихында «қырғи-қабақ соғыстың» басталуымен есте қалған-ды. «Қырық жыл бойы қырғын салған ядролық сынақтың ауыр зардабын, сөз жоқ, ең әуелі қазақ даласы мен қазақ баласы тартқан еді. Елбасы сол өз даласы мен өз халқын ауыр қасіреттен біржолата арылту үшін 1991 жылдың 26 желтоқсанында АҚШ-пен кең ауқымды дипломатиялық қарым-қатынастар орнатып, Қазақстандағы ядролық арсеналдың тағдырына қатысты мәселе екі ел басшылары үшін алдыңғы қатарлы маңызға ие болды», – деген бір ойымызды тағы да қайталай отырып, 1991 жылдың 26 желтоқсанынан бастап, Кеңес Одағы өзінің өмір сүруін ресми түрде тоқтатқан тұста, Қазақстан 370 ядролық оқтұмсықты «Х-55» қанатты зымырандармен жарақтандырылған 40-қа тарта «ТУ-95» ауыр бомбалаушы эскадроны бар, сондай-ақ, 104 «МБР РС-20» (НАТО жүйелеуінде SS-18 «Сатана») континентаралық баллистикалық зымырандары үшін әрқайсысының тротилдік баламасының қуаты 1040 ядролық оқтұмсықты құрайтын ядролық арсеналға ие болып қалған әлемдегі төртінші мемлекеттің бірі болғандығын бүгінгі әңгіме орайында тағы да бір еске сала кетейік.
Нұрсұлтан Назарбаев бастаған біздің тарихи жолымыздың ең бір есте қалар тұсы тағы да мына бір жай болса керек-ті. 1992 жылдың 23 мамырында Қазақ Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы стратегиялық шабуылдаушы қаруларға шектеу қою және қысқарту жөніндегі Лиссабон хаттамасына қол қойып, ядролық қаруды таратпау міндеттемесін бекітті және ядролық қаруға ие болудан өз еркімен бас тартты. Мұны да ұмытпайық!
Қазақстан Парламенті әлемдік тарихқа «СНВ-1» деп енген келісімді 1992 жылдың 2 шілдесінде бір ратификациялап алды да, 1993 жылдың 14 қаңтарында еліміз химиялық қаруды қолдануға, жинау мен өндіруге, жасап шығаруға тыйым салу және оны жою туралы конвенцияға да қол қойған болатын. Ядролық қаруды таратпау жөніндегі шартты Қазақстан Парламенті 1993 жылдың 13 желтоқсанында ратификацияласа, дәл сол күні Алматыда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен АҚШ-тың сол кездегі вице-президенті Альберт Гор Қазақстанда ядролық қауіптерді бірлесе қысқарту бағдарламасын жүзеге асыруға жол ашатын негіздемелік келісімге қол қойған еді.
Нұрсұлтан Назарбаев 1994 жылдың 14 ақпанында ядролық қаруы жоқ мемлекет ретінде ядролық қаруды таратпау жөніндегі шартқа Қазақстанның да қосылатындығы жайындағы ратификациялық құжаттарды Вашингтонда АҚШ-тың сол кездегі Президенті Б.Клинтонға табыс етті де, сол 1994 жылдан бері біздің тәуелсіз еліміз ядролық қарудан бас тарту туралы және ядролық қаруды таратпау саласында әлемдегі көшбасшы мемлекет болып келе жатыр. Бұл да әрдайым есте жүрерлік жай!
Тағы да жады мықты тарихқа жүгінер болсақ, 1994 жылдары Қазақстандағы ядролық оқтұмсықтар саны 1400-ге жетіп қалған-ды. Сол тұста Қазақ еліндегі тажал қаруы Франция, Ұлыбритания және Қытай сынды әлемнің үш бірдей қуатты мемлекеттерінің ядролық қаруын қоса алғандағыдан да көп болғандығын айта кету керек. Елбасының ядролық жойқын қарудан өз еркімен бас тарту туралы шешім қабылдап, тұмсығында алапат атом заряды бар сол қаруларды аса қатаң қауіпсіздік жағдайында Ресейге өткізуі ең әуелі Қазақ елінің баянды болашағын ойлағандығы еді.
Қазақстан Республикасы 1994 жылдың ақпанынан Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікке мүше болып кірді де, қазіргі таңда еліміздің барлық ядролық нысандары МАГАТЭ-нің кең ауқымды кепілдігінде тұр. 1996 жылдың 21 сәуірінде ел аумағынан 1216 дана ядролық қаруды алып кету үдерісі аяқталды да, сол 1996 жылдың 30 мамырында Семей полигонына орнатылған соңғы ядролық сынақ заряды жойылды. Сөйтіп, ядролық сынақтардан жапа шеккен қазақ жері тажал қарудан біржолата босатылып, халқымыздың көз жасын құрғату, қасиетті жеріміздің топырағын залалсыздандыру басталды.
1999 жылдың 5 тамызында Қазақстан Женевада Қарусыздану жөніндегі конференцияның толыққанды мүшесі болып қабылданды. Қазақстанның және Нұрсұлтан Назарбаевтың аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға қосқан зор үлесі мен ізгі қадамы екендігі де әрдайым мақтаныш етуге тұрарлық іс!
Бәрі де есімізде! 2010 жылдан бері әрбір екі жыл сайын өткізіліп келе жатқан бұл Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммиттің үшінші кезеңі 2014 жылы Нидерландтың Гаага қаласында өткендігі де есімізде. Мұны бүгінгі алаң дүниенің бүгінгі адамдары да ұмыта қойған жоқ. Сол Гаагада өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық ІІІ саммитке қатысып, сөз сөйлеген Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа 2014 жылғы наурыз айының 24-інде қырмызы қызғалдақтың «Президент Назарбаев» атты жаңа түрінің таныстырылып, сыйға тартылғандығы да есімізде!
Сондағы көңіл қуанышымен: «Қырдың топырағынан нәр алды дейтін сол қырмызы қызғалдақтың нәзіктігіндей адам үміті де Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен бүр жарды. Нұрсұлтан Назарбаев қарусыздану мен ядролық қарусыз дүние құрудың жаңа кезеңін бастаған әлемдегі тұңғыш саясаткер болды. «Қырғи-қабақ соғыстың» ауыр зардабынан тұншыға бастаған дүниеге жаңа дем берді! Ертеңіне елеңдеп, болар күніне алаңдап отырған дүниенің үмітін оятты! Бір-бірімен жауласып жатқан дүниені жарастыруға болар деген сенімін оятты!» Бұл ойымызды сол кезде айтқан да, жазған да болатынбыз.
Ал енді, кешегіні бүгінмен байланыстыра сөйлер болсақ, біздің Елбасыға әлем өзінің алғысты гүлін ұсынуы тағы да жалғасып еді. Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаевтың 2016 жылдың қараша айының 6-9 аралығында Жапонияға жасаған сапары кезінде қазақтың бір перзентіне деген əлемнің тағы бір ыстық ықыласы тағы да жүрек тебірентті.

Күншығыс елінің халқы үшін хризантема гүлі аса қасиетті болып саналады. Сол қасиетті хризантема гүлінің бір түрін жапондықтар «Нұрсұлтан Назарбаев» деп атап, сол сапары барысында қазақ елінің Тұңғыш Президентіне тарту жасады. Жапондықтар хризантеманы бақыт гүлі деп қастер тұтады. Жапонияның гербінде де осы гүл бейнеленіп, хризантема Күн- шығыс елінің жəне оның императорының көрінісі ретінде де танылады. Сондықтан да, жапондықтар жыл сайын бақыт гүлі – хризантеманың жаңа түрін ойлап табуға, оның одан əрі көрікті бола түсуіне айрықша мəн береді екен. Соңғы бес жылдан бері 50 мың гүлдің ішінен өзінің əдемілігімен ерекше көрінер бақыт гүлінің жаңа түрінің ендігі атауы – «Президент Назарбаев!»
Мұндай құрмет бұған дейін бірде-бір əлемдік саясаткерге көрсетілмеген еді. Ежелден өз хризантемаларын бақыт пен ақылдылықтың белгісі деп танитын жəне де нені болсын əбден ойлап барып жасайтын жапондықтар Нұрсұлтан
Назарбаевты бейбітсүйгіш Президент ретінде танитындықтарын ғана білдіріп қоймай, Елбасының бойындағы кемеңгерлік пен даналыққа əбден көңілдері де толып, риза болғандарынан жасап отырған ізгі бір сый-құрметтері деп таныдық та, кезінде əр қазақстандық үйімізде отырып, осыған қуана қол соққанбыз!
Қазақстан және оның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөйтіп, тұтаса біткен әлемнің бір-біріне сеніммен қарау қөзқарасын ала келген, дүние мемлекеттері арасындағы қарым-қатынастың ендігі арқауы өзара сенім мен өзара құрметтеушілік қана бола алады деген және соған үлгі тұтарлықтай тың да батыл қадам жасай білген әлемдегі бірден-бір Президент, бірден-бір саясаткер бола білді!
Қазақстан және оның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлемді жаппай қырып жоятын қару-жараққа аса сақ қарау қажеттілігін, ендігі арада Адамзат өркениетін сақтап қалу үшін ядролық қарудың таратылмауына, тіпті одан тұтастай бас тарту сияқты жаһандық өзекті мәселені тұңғыш айта білген, соны үзбей айтып та келе жатқан әлемдегі бірден-бір Президент, бірден-бір саясаткер бола білді! Бұл ақиқатты әлем мойындап отыр! Бұл ақиқатты сол әлемнің өзі айтып келеді!
2012 жылдың наурыз айының 26-27-сі күндері Оңтүстік Корея астанасы Сеулде болып өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық екінші саммитте де бұл ақиқат айтылды. Айтқанда да, қалай айтты дейсіз ғой?! «Біз Қазақстанды барлығына үлгі ретінде үнемі айтамыз. Сіздердің Президенттеріңіз – ол ядролық қарусыз әлем үшін бастама көтерген адам. Және ол өзге елдердің лидерлерін ядролық қаруды қысқартуға үнемі шақырып келеді», – деп Ядролық қаруды таратпау проблемаларын талдау жөніндегі орталық директорының орынбасары Леонард Спектор бір айтса, «Жаһандық қауіпсіздік үшін әріптестік» ұйымының президенті Кен Лунго: «Сіздердің республикаңыз ядролық қаруды таратпаудың жаһандық режімін Семей полигонын жабудан бастады және ядролық қарудан бас тарту арқылы үлес қосты. Бұл шешім сіздердің Президентіңіздің көшбасшылығын және дара саясаткер екендігін көрсетеді деп есептеймін», болмаса, Стратегиялық және халықаралық зерттеу орталығының энергетикалық және ұлттық қауіпсіздік жөніндегі сарапшысы Эдвард Чаудың: «Бүгінде Қазақстанға бүкіл әлем үміт артып отыр. Барак Обама мен Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қаруды таратпау көзқарастары бірдей. Олар бірлесе отырып, атомды бейбіт дамытуды және Орталық Азияда, сондай-ақ, жаһандық ауқымда тұрақтылықты қамтамасыз етуде бұдан да үлкен істер атқара алады»… деген, тағы да Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының антисемитизммен күрес жөніндегі іс басындағы төрағасының өкілі, раввин Эндрю Бейкер: «Біз қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға аса зор үлес қосқаны үшін Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа шынайы алғысымызды білдіреміз», деуі тұтас әлемнің алғысындай, дүние жұртшылығы мен қауымдастықтарының ризашылығындай қабылдануы керек. Және де 50-ден астам дүние елдерінің, 4 бірдей халықаралық ұйымның басшылары қатысуымен Сеулде өткен Жаһандық саммитте Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей полигонын жауып, ядролық қарудан өз еркімен бас тартуы арқылы бүкіл әлемнің даму тарихын өзгерте алған және де адамзат өркениетіне төнген қауіп пен қатердің бетін қайтара білген әлемдегі бірден-бір әрі Тұңғыш Президент, алғашқы саясаткер ретінде бағаланып, құрметтелуі ең әуелі Қазақ елінің мерейі мен абыройы екендігін білген де, соны айтқан да абзал!
Ендігі арада ендігі дүние дамуы ядролық қарусыз бағытымен өркендеу саясатын ұстанатын болса, бұл қадамның Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жасап берген әлемге үлгі болуға жарарлық қазақстандық жобаның адамзаттың жаңа мыңжылдығының тарихи тағдырын анықтар маңызды тұжырымдама есебінде қабылдануы шарт еді. Дүние осыны ұғынды да, сол қадамға баруға ниет қойғандықтарын Сеул саммитінің ахуалынан аңдаған да болдық. Және де үрпиген үрейлі дүние өзінің үміті мен сенімін артып отырған Елбасының осы жолғы саммитте тағы да тың ойлар мен бастамалар жасағандығы ядролық қарусыз әлем құруға бет бұра бастаған тұтас әлемнің қауіпсіз өмір сүруге деген құлшыныстары мен ниеттерін ынтықтыра түскендей болғандығы да бар.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ядросыз әлем құрудың бас архитекторы ретінде Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммиттерді әрбір екі жыл сайын өткізуді ұсынуы және де өз елінің алдағы саммиттердің бірін қабылдап алуға әзір екендігі жайындағы мәлімдемесі де ақылға қонатын, көңілге жағатын әбден орынды ұсыныс болатын. Сеул саммитінің тағы бір орынды ұстанымы Иран мен Корей Халық-Демократиялық Республикасының атом бағдарламалары сияқты мәселелердің күн тәртібіне шығарылмауы еді. Бұл жолы Сеул саммиті Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарудан бас тарта отырып, үлкен пайдаға кенелуге болатындығын да әрі досы да, тілектестері де көп болып, өсіп-өркендеген мемлекет дәрежесіне жетуге зор мүмкіндіктер ашылатындығын да өзгелерге ұғынарлықтай ұстанымымен атап өткендігін айтқан ләзім. Және де әлемнің бұл мәселеге, яғни өзгелерді ядролық қарудан бас тартып, ядросыз әлем құрушылардың қатарына басқалардың күштеуімен немесе түрлі
саяси, экономикалық қысым көрсетушіліктің айдауымен емес, керісінше, олардың да өз ықтиярларымен, соған қоса тағы да өз ерік-жігерлерімен келіп, қатарға тұрғызу үшін бұған назарбаевтық сабыр мен салқынқандылық, назарбаевтық ақыл мен парасат, назарбаевтық бастама мен өнеге, адалдық пен шынайы таза пейіл мен жанашырлық қажеттілігін әлемнің әбден мойындап, құп алғандығы деуіміз керек.
Елбасының: «Біз қорқыныш пен күдік емес, бейбіт қарым-қатынастар мен өсіп-өркендеудің пайдасына таңдау жасадық. Біздің бәріміз өзге елдер үшін олар да дұрыс таңдау жасайтындай деңгейге көтерілетіндей жағдай туғызуға ұмтылуымыз қажет», – деген осы бір парасатты пікірі ядролық қарусыз әлем құру жолындағы ендігі әлемнің ұстанымы болары да анық.

ІІ. Елбасының «Әлем. ХХІ ғасыр» Манифесі немесе жаһан тағдырына деген жауапкершілік!

2016 жылғы наурыздың 31 және сәуір айының 1-і күндері Америка Құрама Штаттарының астанасы – Вашингтонда болып өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV саммитке де әлем бар назарын аударған еді. Қазіргідей жаһандық қауіп пен қатерлер асқынып, адамзат баласының тағдыры қыл үстінде қылпылдап тұрған сәтте АҚШ-қа әлемнің 51 елінен келген президенттер мен премьер-министрлер бастаған және де бұған қоса Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропалық кеңес, Еуропалық комиссия, МАГАТЭ-сі бар, бұдан да өзге халықаралық беделді ұйымдардың әйдік жетекшілері жиналған бұл Саммиттен не күтуге болатын еді?!
Әлем жұртшылығының көкейіндегі осы бір үміті ақталып, күдігі сейілгендей болды. Сол үміт болып қайта жанған да және сол күдікті көңіл сейілткен де Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі еді! Бүгінгі аласапыранды және де адамдары босқан дүние мен бір-біріне оқ қаруын кезеніп, бейбіт күннен үміті үзілгелі тұрған дүниеге 2016 жылғы 31 наурыз күні Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі тағы да бір жаңа дем берген-ді!
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әлем мемлекеттерінің басшыларын ядролық қауіпсіздікті нығайтуға шақыруға және де бұл іске бастамашы болуға толық моральдық та, адамдық та құқы бар болатын. Бүгінгі дүние дамуының және барша адамзат баласы алдындағы жан мен ар тазалығының айғағындай болып Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айдай әлемге және де сол әлемді оның бүгінгі де келер ұрпақтарын, жалпы адамзатты соғыстан құтқарып, арылтудың өзіндік жүрек үні – өз Манифесін жариялады!
Вашингтондағы саммитте сол жолы сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан ядролық нысандар мен материалдар қауіпсіздігінің деңгейі өте жоғары мемлекеттердің алғашқы жиырмалығының қатарына кіретінін айта келіп, Қазақстанның бүгінгі күні уран қоры және оның кенін өндіру жөнінен әлемдік көшбасшы болып, осы өнімді негізгі экспорттаушылардың бірі екенін атап өтті. Ендігі арада түрлі елдердің ұлттық энергетикалары мен өнеркәсіптерін төмен байытылған отынға көшіру ісін ынталандыру шараларын әзірлеу қажеттігін алға тартты. Өйткені, тұтас планета бойынша жыл сайын адам санының жедел артуы мен осы заманғы ғылымның шапшаң қарқынмен дамуы энергия көздеріне деген сұранысты өлшеусіз өсіре түспек. Ендігі заманның мүддесін ядролық технологиясыз елестетудің өзі мүмкін емес. Елбасының «мемлекеттердің азаматтық ядролық технологияларға қолжетімділігі тең болуы тиіс» деуі адамзат санасындағы атомның күші мен құдіреті сол адамзатты қырып-жоюға бағытталған деген әуелгі сананы өзгерту керектігін меңзегендігі деп ұғынғанымыз абзал.
Қазіргі уақытта оқта-текте болса да аспанға көтерілген ұшақтардан бастап, адамдардың ең көп шоғырланған жерлерінде аяусыз жарылыстар жасап жатқан терроршылардың жаппай қырып-жою қаруын пайдаланып кетулерінің нақтылы жағдайға айналып отырғанын да айта келіп, Елбасының Біріккен Ұлттар Ұйымының аясында барлық елдің қатысуымен терроризмге қарсы күрестің жаһандық желісін құру қажеттілігінің де пісіп-жетілгендігін алға тартуы бүгінгі үрейлі әлемнің жарияланбаған соғыстан жеңіліс таппауын алдын ала ойлағандығы еді. Мұнда жалпы Адамзат тағдыры жатыр!
Сол барша адамзатқа жаһандық соғыс қатері төніп тұрғандығын да Нұрсұлтан Назарбаев өз манифесінде ашық айтты. Дүниені соғыс вирусы жайлап бара жатқандығына алаңдаушылығын білдірген Елбасы сол соғыс және де милитаризм адам баласының ой санасы мен мінез-құлқына тереңдей бойлап, еніп барады дегенді де жасырмай айтты. Ал, адам баласының санасындағы соғыс кез келген қару түрінен де қауіпті болары бар. Өйткені, Елбасы өз манифесінде «Ядролық қаруды таратпау туралы шарт өзінің міндеттерін орындамауда. Ажал себетін қару мен оны дайындаудың технологиялары ірі державалардың қосарланған стандарттарының салдарынан бүкіл әлемге тарап отыр. Олардың терроршылардың қолына тиюі уақыттың еншісіндегі нәрсе ғана сияқты көрінеді», – деп мәлімдеуі қаһарлы сипатқа ие болып бара жатқан халықаралық терроризмнің бүгінгі қаупін дөп басқандығы деп санаймыз.
Үрей көп адам баласында! Сол үрейдің ең бастыларын Елбасы атап айта отырып, әлемнің көрнекті оқымыстылары Альберт Эйнштейн мен Бертран Расселдің «қатал, қатерлі және қашып құтыла алмайтын сұрақ: біз адам баласын жоюға тиіспіз бе, әлде адамзат соғыстан бас тарта ма?» деген осыдан алпыс жылдан астам бұрын адамзаттың алдына тартылған манифесін бүгінгі дүниенің есіне тағы да бір салғаны бар. Соны айта келіп, Қазақстан Президенті адамзат баласының баршасына «ХХІ ғасыр: соғыссыз әлем» атты кең ауқымды бағдарлама қажет деген ой тастады. Сол ойын нақтылы етіп тұжырымдай отырып, бұл бағдарламада негізгі үш басты қағидатты, «қазіргі кездегі бірде-бір соғыста жеңімпаз болмайды және бола да алмайды, онда бәрі де жеңіледі», «жаңа соғыста жаппай қырып-жоятын қарулар – ядролық, химиялық, биологиялық және ғылым жетістігі негізінде ойлап табылуы ықтимал басқа да кез келген қару түрлерін қолданудан қашып құтылу мүмкін болмайды. Бұл бүкіл адамзаттың қырылуына алып келеді» және де «мемлекеттер арасындағы барлық талас-тартыстарды реттеу үшін негіз бейбітшілік пен қауіпсіздік үшін теңдей жауапкершілік, өзара құрмет және ішкі іске араласпау қағидаттарына негізделген бейбіт үнқатысулар мен конструктивті келіссөздер болуы керек» дегенді алға тартты. Егер де адамзат баласы – біз қазіргі мына тіршілікті, өзімізді және келер ұрпақты сақтап қаламыз десек, Елбасының бұл қағидаттары бүгінгі дүниенің берік ұстанымына айналуға тиісті.
Елбасы манифесін адамзаттың ендігі дамуы үшін міндетті түрде орындалуға тиісті басты бағдары деп қабылдар едік. Манифестегі бес бірдей міндетті қағидаттардың біразын Қазақстан Нұрсұлтан Назарбаевтың ақыл-парасатымен, ерік-жігерімен жүзеге де асыра бастаған мемлекеттердің бірі. Елбасы атап көрсетіп отырғандай, 2015 жылдың
7 желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстанның бастамасы бойынша Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларация қабылдады. Айдай әлемге анық жай, Қазақстан осыдан 27 жыл бұрын әлемде алғаш болып Семей ядролық сынақ полигонын мәңгіге жапты және де Кеңес Одағынан мұраға қалған атом қаруынан, оны жеткізу құралдарынан өз еркімен бас тартты. МАГАТЭ аясында Қазақстан аумағында атом энергетикасын дамытуды жоспарлап отырған мемлекеттерге арналған төмен байытылған ядролық отын банкі де құрылды.
Міне, Нұрсұлтан Назарбаев, сондай-ақ, бүгінгі күні ядролық қаруларын ендігі арада ғарыш кеңістігіне, әлемдік төрт мұхиттың бейтарап суларының түбіне, Арктикаға орналастыруға тыйым салатын жаһандық шешім қабылдау мәселесінің де аса көкейкестілігіне дүние назарын аудара отырып, жаппай қырып-жоятын жаңа қару түрлерін жасау үшін ғылыми жаңалықтарды пайдалануға тыйым салатын халықаралық құжат жасап, оны орындауды міндеттеу маңызды екенін көлденең тартты. БҰҰ-да жаппай қырып-жоятын қару жасау және жетілдіру үшін пайдаланыла алатын ғылыми жаңалықтардың Тіркеу реестрін құрған абзал, деген ойы да әлем халықтарының зор разылығын тудырды.
Әзірге әлемде ядролық қарудан азат алты аймақ бар болса, ендігі арада халықаралық бар күш-жігерді Таяу Шығыста ядросыз аймақ құруға белсенді кірісу керектігін Елбасы өз манифесінде тегіннен тегін айтып отырған жоқ. Өйткені, сол Таяу Шығыс өзінің геосаяси жағдайына байланысты қазіргі де, болашақтағы да қарулы қақтығыстардың өршіп, ушыға түсер орталығы болып қала берері анық. Бұл ушығудың соңы ядролық лаңкестікке әкеліп соқпасына әзір ешкім де кепілдік бере алмай отырғандығы тағы бар. Олай болса, Елбасының таяудағы он жылдықтың жалпыға ортақ міндеті ретінде Ауғанстан, Ирак, Йемен, Ливия мен Сирия, одан қалды Украинаның шығысындағы соғыстар мен жанжалдарды және Палестина-Израиль қарсы тұрушылықтарын тоқтату, Корей түбегі, Оңтүстік-Қытай теңізі мен Арктика ендігіндегі жарылыс қаупін азайтуды ұсынуы XXI ғасырды және тұтас адамзат өркениетін ешқашан және ешбір «жеңімпазы болмайтын» жаһандық соғыстан құтқарып қалудың планетарлық маңызы бар жедел шаралары ретінде тани білсек, адамзаттың бейбіт те алаңсыз өмірінің жаңа кезеңі басталды дей беріңіз.
Біз – кешегі Кеңес Одағы бар тұста әлемдегі әскери блоктарды жатқа біліп өскен ұрпақпыз. Кеңес Одағы мен Еуропадағы сол кездегі социалистік мемлекеттер Варшава шарты әскери блогының құрамында болатын да, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Варшава шарты блогы да тарап, кешегі күні кеңестік армияның тұрған орындарын түрлі желеулермен ақырын жылжып НАТО блогы ала бастағаны да осы күнгі анық жай. Елбасы өз манифесінде: «Геосаяси ахуалдың мәні мынада: егер тым болмаса бір ірі әскери блок бар болатын болса, онда оның антиподы құрылатыны заңдылық. Күш қарсы күш тудырады», дей келіп, қазіргі әскери блоктарға бейбітшілік пен қауіпсіздіктің жауапкершілігін толық сезіне де бермейтін түрлі мемлекеттердің еніп отырғандығына өз алаңдаушылығын білдіреді. Бұл – бүгінде бүкіл дүниені алаңдатып отырған мәселе! Ал, сол жай әлемдік арена төрінен тұңғыш рет айтылды! Айтқан да Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев! Және Елбасы осыған орай не істеу керектігін де айта келіп, ендігі арада әскери блоктарға Біріккен Ұлттар Ұйымының туы астында өзге де мемлекеттердің бейбітшілік, тұрақтылық, сенім мен қауіпсіздік үшін Жаһандық коалициясын қарсы қою қажет деген пікірін білдірді.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі халықаралық қарусыздану үдерістерін жаңа тарихи жағдайларға бейімдеу идея-
сымен де аса маңызды болып саналады. Таяудағы жылдары жер-жаһанды әскери әрі саяси милитарландырудан, қару-жарақтың одан әрі таралуынан сақтап қала алмасақ, жаңа қатерлердің бірінен соң бірінің туындай беретіндігін де Елбасы атап көрсетті.
«Іс-әрекетсіз отыру немесе бітімгершілік қызметпен айналысқансу әлемдік апатпен пара-пар», – деген Елбасының тұжырымы – жер-жаһанның және адамзат баласының тіршілігі мен өркениетінің де жер бетінде сақталып қалуына деген алты құрлықтың төрт бұрышын да алаңдатып отырған мәселесі.
Иә, Елбасы айтқандай, бүгінгі әлемге тыныштық керек!
Көкшетау.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар