Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Арқада Бурабайға жер жетпейді!..» - АРҚА АЖАРЫ

«Арқада Бурабайға жер жетпейді!..»

Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин жұмыс сапарымен Бурабай ауданында болып, іргелі ауданның 90 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шараға қатысып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан бір топ бурабайлықтарды түрлі наградалармен марапаттады. Сондай-ақ, Щучинск қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы Кадет корпусында биыл оқуға түскен 1-курс курсанттарының ант қабылдау рәсімі және облысымызда тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған «Nomad Food» халықаралық гастрономиялық фестиваліне қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Арқада Бурабайға жер жетпейді,
Басқа жер ойды ондай тербетпейді.
Бурабайдың көлі мен Көкшетауды,
Көрмесең, көкіректен шер кетпейді.
Қиясымен бұлт құшқан Оқжетпестей,
Басқа тау ойды аспанға өрлетпейді…
Алаштың айтулы ақыны Мағжан Жұмабаев осылай деп жырына қосқан Бурабай өңірі туралы Ақан сері, Біржан сал жəне Сəкеннің өлең-жырларында да тамаша суреттеліп еді. Осыдан-ақ бабамыз Абылайға қоныс болған шежірелі өлке Бурабай ауданының тарихы әріде жатқанын аңғаруға болады.

I. Тарихы құнды, болашағы нұрлы өлке

Биыл облысымызда бірқатар аудандар ірге көтергендеріне 90 жыл толған мерейтойларын ел болып, дүркіретіп атап өтіп жатқаны белгілі. Солардың арасында курортты өңір саналатын Бурабай ауданының шоқтығы биік. Ауданның іргесі сонау 1928 жылы Қазақстанда жаңа әкімшілік территориялық бөліністің кіруіне байланысты Қызылжар округінде Щучье ауданы болып құрылды. 2009 жылдың 3 қыркүйегіндегі Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен аудан атауы Бурабай болып өзгертілді.
Астананың 20 жылдығына орайластырылған аудандық мəдениет үйінде ұйымдастырылған шараға қатысқан облыс әкімі Мəлік Мырзалин сөз сөйлеп, аудан тұрғындарын мерейлі мерекелерімен құттықтады.
– Бурабай Ақан сері, Біржан сал, Мағжан жəне Сəкен жырына қосқан көрікті де киелі мекен. Ел тарихымызды зерттеу бойынша қолға алынған Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде Бурабайдағы Оқжетпес тауы, Абылай хан алаңы, Кенесары үңгірі, Ханның қызыл ағашы тəрізді тарихи нысандар Қазақстанның киелі жерлері картасына еніп отыр. Бұл біз үшін үлкен абырой. Жалпы, Бурабай ауданының облыстың əлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған үлесі зор. Бүгінгі таңда курортты өңірде туризмді дамыту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бурабай кентінде жабық аквапарк құрылысы басталды. Сондай-ақ, аймақтың дамуына үлес қосатын Бурабай ауылында аумағы 14 гектарға дейінгі курорт қалашықтары салынбақ. Келесі жылдан бастап жаңа жолдар салынады. Одан бөлек, аудан орталығына жаңа мәдениет үйін салуды жоспарлап отырмыз. Оның құрылысы алдағы уақытта басталады. Қазір орталықтағы ауқымды іс-шараларды мынадай шағын концерт залында өткізуге мәжбүрміз, – дей келе, аймақ басшысы өңірдің əлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан бір топ бурабайлықты Ақмола облысы əкімінің Құрмет грамотасы, соғыс, тыл және еңбек ардагерлерін мерейтойлық медальдармен марапаттады.
Сонымен қатар, шараға арнайы келіп қатысқан Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының аппарат басшысы Азамат Əмірғалиев құттықтау сөз сөйлеп, Алғыс хаттар тапсырды. Мерекелік шара жергілікті көркемөнерпаздар ұжымының орындауындағы мерекелік концертке ұласты. Мəдениет үйінің фойесінде ұйымдастырылған Бурабай ауданының тарихи көрмесі жəне Щучинск қаласының орталығындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің азық-түлік жәрмеңкесі де мерейтойдың шырайын аша түсті.
Бұдан бөлек торқалы тойда «Бурабай – Абылайдың құтты мекені» атты облыстық қазақ музыкалық-драма театры әртістерінің, облыс және аудан көркемөнерпаздар ұжымдарының қатысуымен мерекелік концерттік бағдарлама, этноауылдағы «Шеберлер ауылы» сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің көрмесі және ұлттық спорттың түрлері бойынша мерекелік жарыс өтті. Кешкісін аудан тұрғындары мен қонақтары Щучинск қаласының орталық алаңында ұйымдастырылған отандық эстрада жұлдыздары «Chicago band» және «Domino» топтарының концертін тамашалады.

ІІ. Кадет корпусы – сардарлар мектебі

Облыс әкімі Мәлік Мырзалин Щучинск қаласындағы Қорғаныс министрлігінің Кадет корпусында өткен биыл оқуға түскен курсанттардың әскери ант қабылдау рәсіміне қатысты.

Аталмыш білім ордасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1996 жылдың 1 шілдесіндегі Жарлығымен құрылды. Содан бері бөлімше командирінен бастап кіші командалық құрамдағы 3 мыңнан астам әскери маман түлеп ұшқан екен. Жалын жүрек жастар өздері таңдап алған әскери мамандықтың қыры мен сырын кадет корпусының қабырғасында меңгеріп, әскери бөлімдерге қызметке аттанады. Жалпы, осы күні кадет корпусының түлектерін Қазақстан Қарулы Күштерінің барлық саласынан кездестіруге болады. Биылғы оқу жылы кадет корпусына 500-ден астам жас оқуға түсуге талпыныс білдірсе, іріктей келе оның 259-ы ғана курсант атанды. Оқуға түскендердің арасында келісімшарт және мерзімді қызмет өткерген әскери қызметшілер де бар. Негізінен бірінші курсқа қабылданып отырғандардың басым көпшілігі еліміздің əр өңірінен келген орта жалпы білім беру мектептерінің түлектері.
Курсанттардың ант қабылдау рәсімінде облыс əкімі Мəлік Мырзалин курсанттар мен олардың ата-аналарын қуаныштарымен құттықтады. Шара аясында курсанттардың ата-аналарына 1-курс кадеттерінің саптық дефилесі, қоян-қолтық ұрыс бойынша көрсетілім өтіп, оқу ордасының мұражай, спорт залы және зертханалық бөлімдеріне саяхат ұйымдастырылды.

ІІІ. Қазақстанда тұңғыш ұйымдастырылған «BURABAY NOMAD FOOD» фестивалі

Сол күні облыс әкімі Бурабай баурайында өткізілген аспаздардың халықаралық «BURABAY NOMAD FOOD» фестиваліне қатысты. Халқымыздың қонақжайлылығын дәріптеу мен аспаздардың өзара тәжірибе алмасу мақсатын көздеген шара Қазақстанда тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр.

– Бүгін Бурабайға елімізбен қатар алыс-жақын шетелдердің ең үздік аспаздары жиналды. Сондықтан, мұндай фестивальға келмесіме болмады. Бурабайды дамытудағы басты міндеттердің бірі сапалы қызмет көрсету. Сапалы қызмет көрсетудің қатарына тағамның сапалы және дәмді болуы да кіреді. Себебі, туристер қызмет көрсету сапасын бағалағанда астың дәмді болуына ерекше назар аударады. Осы тұрғыда аспаздардың алатын орны маңызды. Бүгінгі көшпенділер фестивалі тек қана жарыс емес, сонымен қатар, аспаздардың өзара тәжірибе алмасуы мен бір-бірімен байланыс орнатуына жасалған жақсы мүмкіндік. Алдағы уақытта айтулы шараның аясы кеңейіп, дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіледі деп сенемін, – деді Мәлік Мырзалин өз сөзінде.
Дүниежүзілік WORLDCHEFS (World Association of Chefs’ Societies) аспаздар қауымдастығының қолдауымен Қазақстан аспаздарының ұлттық қауымдастығы мен Ақмола облысының туризм басқармасы бірлесіп өткізген фестивальға Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Моңғолия, Сербия, Румыния елдерінен жиналған 14 команда қатысып, бақ сынады. Фестивальдің құрметті қонақтарының арасында Еуропа және Азия бойынша WACS өңірлік президенттері, қонақжайлылық және тамақтану индустриясының мамандары болды. Көшпелі халықтардың ұлттық тағамдарын әзірлеуден жарысқа түскен командалар 12 түрлі ас әзірледі. Қазылар тағамдардың ерекше дәмінен бөлек, қайталанбас құрамы, астың әспеттелуі мен белгіленген уақытта дайындалуы бойынша бағалады. Сайыс қорытындысы бойынша Қазақстан аспаздар командасы ең үздік атанса, одан кейінгі екінші және үшінші орындарды Румыния мен Өзбекстан аспаздар командалары өзара бөлісті. Барлық команда мүшелеріне халықаралық аспаздар фестиваліне қатысқанын растайтын арнайы сертификат пен бағалы сыйлықтар тапсырылды.
Сонымен қатар, шара барысында отандық және шетелдік белгілі аспаздар шеберлік сабақтарын өткізіп, өз тәжірибелерімен бөлісті. Одан бөлек, фестиваль аясында Ақмола облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының ұйымдастыруымен «Organic Food» атты ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің көрмесі өтті.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар