Жаңа мешіттен бастасақ…

Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің 2015 жылғы 20 тамыздағы №101 санында «Айтайын дегенім…» айдарымен жарық көрген І.Мұқанбетжанованың «Той сияқты болып кетті» атты мақаласын оқып, дәл өзім жазғандай ойда болдым. Шынында орынды айтылған сөз. Қазіргі кезде қазақ несие алып той жасаса, қайтқан адамды соңғы сапарға шығарып салу да көп қаражатты қажет етеді. Өйткені, дастархан мәзірі тура тойдағыдан аумайды. Қаралы болып отырған үй іші жоқтау айтып, қимас адамының соңғы сәтінде қасында болудың орнына базар аралап, жылқы іздеп, әуреге түседі. Ал, осыған дайын тұрған қаражат болса бір сәрі.
Ерте кезде ата-бабаларымыз үй салуға «асар» жасап, кісі қайтса әр үйден бір-бір түйір ет шығарып, бір-біріне көмек көрсеткен. Қазіргі күні осы дәстүрді сақтап отырған облыс орталығына іргелес Бұлақ, Ақан, Биіктесін, Елтай, тағы басқа ауылдардан неге үлгі алмасқа?!. Бұл елдердің тұрғындары қаралы болған шаңыраққа ауыртпалық түсірмейді, жаназаға келген адамдарды үйді-үйге бөліп алып, көмек береді.
Мұның өзі өте дұрыс деп ойлаймын. Бәріміз де тіліміз бен діліміз бір қазақ емеспіз бе. Бұл әркімнің басынан өтетін шаруа ғой. Осындайда саудагер қырғыздарға шашқан ақшаны неге мешітке бермеске. Басы артық шашылып, қайткенде де «дұрыс жөнелте алмады» деген сөзге қалмаудың қамын ойлаймыз. Ал, бұдан о дүниеге аттанған марқұмға тиер сауап жоқ екенін біле тұра, осы бір ойдың жетегінде әбден кетіп қалғанбыз.
Кез-келген өлікті жерлеу рәсіміне міндетті түрде имам бас-көз болатыны белгілі. Сондайда халықтың көзін ашып, тіпті болмаса, бұйрық түрінде осы шаруаны ретке келтірсе ғой. Ал, біздің имамдарымыздың кәрі-жасы жаназада мәйітті алдарына қойып, ұзақ шариғат айтады да, өліммен, о дүниедегі тозақпен жиналған қауымның денесін тітіркендіріп жібереді. Одан гөрі өлікті жөнелтуде қаралы үйден артық шығын шықпауы жағына көбірек көңіл бөлгендері дұрыс емес пе. Өз басым егер имамдарымыз осы мәселені қатты қолға алса, көнбейтін халық жоқ деп ойлаймын. Өкінішке орай, әзірше олай болмай тұр.
Бұйырса, келер айда облыс орталығында зәулім жаңа мешітіміз пайдалануға берілмекші. Оның кісі қайтқанда асын беріп, қырқын, жылын өткізуге болатын асханасы бар деп естиміз. Меніңше, өлік жөнелткенде, оның дұғаларын бергенде ысырапшылдыққа ұрынбауды осы жаңа мешіттің асханасынан бастағанымыз жөн болар еді. Онда аста-төкке жол бермей, астың бәрін жаңа бір ережемен ысырапсыз бергізуді қалыптастырған болса, бұл басқа жерлерде де дәстүр болып орнығып кетер еді. Әйтеуір, қалай дегенде де, жаңа мешітпен өлік жөнелтудегі бей-берекеттікті тежеудің осындай бір қолайлы мүмкіндігі туып тұрған сияқты. Тек бәрі ендігі жерде құрметті имамдарымыздың өздеріне байланысты ғой дейміз.  
Құрмет НҰРСЕРКИНА,
Көкшетау қаласындағы №8 орта мектептің
бастауыш сынып мұғалімі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар