Біз сендерге сенеміз, әскерге аттанған ақмолалық жастар!..

«Достар» мәдениет сарайында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 25 жылдығын мерекелеу аясында ұйымдастырылған «Әскерге шақырылушылар күні» акциясында Отан алдындағы азаматтық борыштарын өтеуге аттанғалы тұрған жастарға аға ұрпақ өкілдері ақ жол тілеп, сенім биігінен көрінетіндеріне үміт артты.

 

Ұлы Отан соғысының Жеңіспен аяқталғанына 72 жыл толуына орай өткен акцияны облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма қызметкерлері ұйымдастырды. Бұл Қарулы Күштер ардагерлері, бүгінгі офицерлер мен әскерге аттанғалы тұрған жастардың, яғни, үш ұрпақ өкілдерінің басын қосқан шара болды. Аға ұрпақ өкілдері жастарға өздерінің ақыл-кеңестерін айтып, Отанға адал болуды міндеттеді.
Әскер қатарына аттанғалы тұрған азаматтарды Ақмола облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Жанат Ережепов құттықтап, оларға Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған Талғат Бигелдинов, жас ұрпаққа өзінің бай ерлік мұрасын аманат еткен Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин сияқты қаһармандар туған қасиетті жер мен елдің намысын биік ұстауды аманаттады. Көктемгі әскерге шақыру науқанында облыстан 900-ге тарта жастар қамтылса, қазіргі таңда олардың төрт жүзден астамы әскери міндеттерін атқаруға кірісіп кетіпті.
Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Ринат Галлямов, «Қарулы Күштер ардагерлері» және «Ауған соғысының ардагерлері мен мүгедектері» кеңестерінің төрағалары Мұса Елеусізов пен Дуанбай Ыбырай  да жастарға өздерінің игі тілектерін жеткізіп, ақ жол тіледі. Отан алдындағы борыштарын атқаруға аттанатын сарбаздарға облыс әкімдігінің атынан естелік альбомдар тапсырылды. Сонымен бірге, колледждер мен жалпы білім беретін мектептердің оқушылары арасында өтетін әскери-қолданбалы «Намыс» облыстық спартакиадасына қатысушыларға салтанатты түрде арнайы береттер тапсырылды.  
Ағымдағы жылдың 12-14 сәуірі аралығында Ұлы Жеңістің 72 жылдығы мен Қарулы Күштердің құрылуының 25 жылдығына орай, шағын калибрлі винтовкамен оқ атудан қалалық турнир өткізілген болатын. Осы жарыста мергендік танытып, жеңімпаз атанған командаларға шағын калибрлі винтовка сыйға тартылды. Турнир жеңімпаздарының қатарында Ж.Мусин атындағы Көкшетау қазақ педагогикалық колледжінің, №8, 16 орта мектептердің оқушылары және «Отан» қалалық кәсіби техникалық орталығының тәрбиеленушілері бар.
Әрбір азаматқа ананың ақ батасы қашан да қымбат. Отан алдындағы қасиетті борышын өтеуге аттанғалы тұрған азаматтарға ата-аналар атынан Самал Бекбаева жүрекжарды ізгі тілегін айтты. Бүгінгі бейбіт заманда сарбаздарымыздың қару-жарақты тек қана оқу-жаттығу дабылдары қағылғанда, сондай-ақ, арнайы жаттығу сабақтарында ғана ұстап, Отан алдындағы борыштары мен берген анттарына, командирлері мен жолдастарына  адал болуларын тіледі. Ал, әскерге шақырылған Әлішер Уәли Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің мерейлі 25 жылдығында өзінің азаматтық борышын Отардағы әскери бөлімде атқаратындығына қуанышты екендігін жеткізіп, қатарластарына осы бір сындарлы кезеңде жауапкершілікті терең сезінулеріне тілектестігін білдіріп, өз басы туған жер намысын жоғары ұстайтынына сөз берді.
Салтанатты шара соңы бағдарламалық концертпен жалғасын тапты.
 Ырысалды Шамшиева.
Суретті түсірген Валентина ОТТ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар