Бұл – ел аңсаған Ұлы Жеңіс еді!..

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 74 жылдығына арналған Көкшетау қаласындағы салтанатты шараға қатысып,

майдан даласында және тылда ерлік көрсеткен ардагерлерді, барлық облыс жұртшылығын құттықттап сөз сөйледі. Салтанатты шара барысында даңқты жерлестеріміз Мәлік Ғабдуллиннің ескерткішіне және Талғат Бигелдиновтың мүсініне, Мәңгілік алау обелискісіне гүл шоқтарын қойды.

Ұлы Жеңіс! Бұл мерекені біздің аға ұрпақ өкілдерінен бастап, бүгінгі жас буынға дейін салтанатты жағдайда атап өтетін киелі мерекенің бірі болып келеді. 1939-1945 жылдардағы екінші дүниежүзілік соғыс адамзат тарихындағы ең бір зұлматты кезең болып саналады. 1941 жылдың 22 маусымы күні кешегі Кеңестер Одағына тұтқиылдан шабуыл жасаған неміс-фашистеріне қарсы соғысқа Қазақстаннан майданға аттанған 1,2 миллион жауынгердің тең жартысы қайтып оралмады. Қазақстандықтар майдан даласында ерліктің тамаша үлгісін көрсетті. Тіпті, жаудың өзі қазақ жауынгерлерінің ерлігін сүйсіне жазған-ды. Ұлы Жеңіске біздің Қараөткел мен Көкшетау өңірінің халқы да лайықты үлестерін қосты.
Көкшетаудағы Ұлы Жеңіс күніне арналған салтанатта облыс әкімі Ермек Маржықпаев бастаған делегация Тәуелсіздік алаңына келді. Алаңда сап түзеген әскери-патриоттық клубтар мен орта мектептердің жас инспекторлары, қала тұрғындары мен қонақтары мерекелік жарасымды көңіл-күймен әсерленген.
Ұлы Жеңістің құрметіне түзілген сап және ашық аспан астындағы музей салтанаттың ажарын ашып тұрған еді. «Ақбұлақ-Родник» ардагерлер клубының өнерпаздары соғыс жылдарындағы әндерді шырқауда. Абылайхан алаңы ерекше безендіріліпті. Алаңда тақырыпқа сай шағын сәулеттік пішіндер қойылған. Жиналған жұрт шараны үлкен экраннан тамашалады.
«Ел аңсаған – Ұлы Жеңіс!» театрландырылған көрінісі сұрапыл соғыс жылдарын көз алдымызға елестетті. Алдымен бейбіт өмір… содан соң дүниені дүр сілкіндірген соғыс… Майданға аттанып бара жатқан ер азаматтармен қимай қоштасқан қалың елдің көлдей төгілген көз жасы аянышты әсер қалдырды. Тылдағы ерлік пен майдандағы батырлық жиналған жұртты жігерлендіргендей болды. Аналардың сағынышы… Жеңіс күні, соғыстан оралған батырдың естелігі ешқашан да ұмытылмайды. Бұдан кейін «Ешкім де, ештеңе де, ешқашан да ұмытылмайды!» атты ұран аясында «Мәңгілік жасақ» шеруі болып өтті. Осы бір шеруден-ақ соғыстың жарасы әлі жазылмағанын аңғардық.
Қан майданда жеңіске жеткен аға ұрпақ өкілдерінің ерлігінің жемісіндей біз қазір Тәуелсіз Қазақстанның Көкбайрағын желбіретіп отырған әлемдегі абыройлы елдердің біріміз.
Қазақстан Республикасының Әнұраны шырқалғаннан кейін облыс әкімі Ермек Маржықпаев құттықтау сөз сөйледі.
–Жеңіс күні барлық халыққа ортақ қасиетті мереке. Бұл күн әр қазақстандық отбасы үшін айрықша. Қазақстан тәуелсіздігі еліміздің өркендеуі, Елорданың гүлденуі осы мерекенің жемісі. Ақмола облысынан 90 мың адам қан майданға аттанса, оның үштен бірі ғана еліне қайтып оралды. Қазір облысымызда 50 соғыс ардагері мен 5 мыңнан астам тыл еңбеккерлері тұрады. Сіздердің алдарыңызда басымызды иеміз құрметті ардагерлер. Біздің басты міндетіміз бейбітшілікті қорғау, елдің бірлігін сақтау, барлық күш-жігерімізді жұмсау болып табылады. Біз осы күндері аға ұрпақтың өшпес ерлігін елімізді қорғайтын жас ұрпақтың бойына сіңірудеміз. Тәуелсіздік тұғыры берік болсын,– деді өңір басшысы.
Даңқ аллеясында Көкшетау техникалық институтының курсанттары Құрметті қарауылда тұр. Әскери әндер байқауының жеңімпаздары да сап түзеп келеді. Мәңгілік алау қасында өткен митингіде облыс әкімі Ермек Маржықпаев соғыс және еңбек ардагерлерін құттықтады.
–Бүгін Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне тағы да тағзым етіп, мың алғыс айтамыз. Өйткені, олардың ерлігінің арқасында, бүгінгі күні бейбіт өмір сүріп жатырмыз. Біздің бақытты болуымыз үшін көптеген боздақтар қыршын жанын қиды. Ұлы Жеңіске жетіп, соғыстан кейін күйзелген елді көтеруге атсалысқан азаматтардың жарқын бейнелерін құрметпен еске алып, бас иеміз. Бабалардың ерлігі ешқашан да ұмытылмайды,–деген облыс әкімі Шымкент қаласындағы Ұлттық гвардияның әскери қызметкері, рота командирі, капитан Берік Жетпісовке лайықты тәрбие берген Жанар Шәймерденоваға «Офицер анасы» естелік медалін тапсырды. Бір минуттық үнсіздік жарияланды. Аспанға үш мәрте оқ атылып, майдан даласынан оралмаған жауынгерлерге құрмет көрсетілді.
Салтанатты шара соңында облыс әкімі Ермек Маржықпаев Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлері отырған әскери шатырға келіп, жауынгерлердің далалық асханасынан дәм татты.
Ұлы Жеңіс мейрамының 74 жылдығы көңіл толқытарлық және аға ұрпақтың ерлігіне деген зор құрметпен аталып өтті. Отанды қорғау әркімнің абыройлы борышы екендігін бүгінгі жас ұрпақтың санасына сіңірерлік ұлғатты көріністер әркімге ой салғаны анық. Сол күні кешке Көкшетау қаласында мерекелік отшашу болды.
***
9 мамыр Ұлы Жеңіс күні облыстың барлық қалалары мен аудан орталықтарында және елді мекендерінде салтанатты шаралар ұйымдастырылды. Аға ұрпақ өкілдеріне зор құрмет көрсетілді.

Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар