Соқыр көзден де жас шығады…

Жүз қайталап, мың қайталап қалыптасып қалған машықтан-ау, сірә. Су қараңғы болса да матрастың үстіндегі көбелек түймелерді атқан оқтай қылып түсіреді екен. Ешқандай құралмен қарыстап өлшеп, мөлшерлемейді де. Көз көрмегенмен көңілде бәрі сайрап тұр. Әуелі матрасқа қажетті мақтаны қолмен түтіп, түйіншектерін жазған. Фабрика тіккен матрастан артықшылығы да осы. Мақтасы жібек шілтердей жұп-жұқа болып үлбіреп тұр.

Зағиптар тіккен дүниеде қырыс-тырыс, жамбасыңа батар жалғыз түйнектің болмайтындығы бұлар бәрін қолмен атқарады. Ал, саусақ ұшы соншалықты сезімтал. Тіпті, көзі бар адамнан әлдеқайда артық деп айтсақ та болар. Зағиптың саусағы бәрін сезеді. Мақтаның түйіншегін ғана емес, өмірдің түйінін де. Мақтанікін жаза алғанымен, өмірдің түйінін жаза алмай жүр. Әйтпесе жұмыс деген не тәйірі?! Сол да бұйым болып па. Бұл жерде қиындық жоқ. Қиындық тапсырыс алу мен тендерге қатысуда. Мәселен, «Қазақ соқырлар қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Көкшетау оқу-өндірістік кәсіпорнының басшысы Батырхан Ахметовтың айтуына қарағанда, шикізат қымбат. Матрастың мақтадан тігілетіндігі белгілі. Сол мақтаны қияндағы Арқаға жеткізгенше қаншама тасымалдау ақысы төленеді. Зағиптың зарыққан қолына тигенше әлденеше есе қымбаттайды. Мақталы өңірлерде өнімдері арзан болуы мүмкін, ал, Көкшетауда мақтаның келісі 400 теңгеден. Бұл көтерме бағамен алғандағысы. Көп ретте, көтерме саудаға қауметтері жетпей, бөлшек саудадан да алады. Мақта шіркіннің қасқалдақтың қанындай қат тауарға айналуы шыр бітірмеуге айналды. Ол жердің бағасы күйіп тұр. Келісі 600 теңгеден. Бір матрасты тігуге шамамен 7 келідей мақта жұмсалады екен. Бағасы да аса қымбат емес, көлеміне орай. Ең көлемі шағыны 5500 теңгеден басталады. Әзірге сапасына шағым айтқан жан кездескен емес. Зағип болса да өз істеріне мығым шеберлер тауарларын қыздың жиған жүгіндей етіп қаттап қойған. Тендерге түскен кезде өзгелерге ұқсап бағасын төмендетуге мүмкіндіктері жоқ. Олай істесе тауарларының өзіндік құнын да ақтай алмас еді. Ал, Батырхан Ғазезұлына тиындап болса да табыс табу керек. Артында қоғамның 25 адамы тұр. Олардың 20-сы мүгедек. Мүгедек болғанда табан ізін тап басып таба алмайтын суқараңғы соқырлар.
Тендер туралы таратып айта кетелік, бұлар өздері тәрізді кәсіпорындар арасында мемлекеттік сатып алуға қатысады. Бірақ, ол жерде де үміткерлер аз емес. Ауғандықтар, Чернобыль апатын жоюға қатысушылар, тағы да басқа жеңілдікке ие 200-ден астам кәсіпорын бар.
–Біздің шикізатымыз қымбат болғандықтан, жолымыз оңғарылмай тұр,–дейді кәсіпорын басшысы,–шіркін-ай, әр өңірдің ерекшелігі ескерілсе ғой. Сонда бізге де жұмыс табылар еді.
Кәсіпорын матрас, көрпе-жастық тігуге маманданған. Тігін машинасын ұршықша үйірген Дәмелі Қоңырова І топтағы мүгедек болса да хас шебердің нақ өзі. Алдынан жұмыс үркіп отырады. Шіркін-ай, тапсырыс болса таңның атқанына, күннің батқанына қарамай жұмыс істесем деп талпынып отыр. Бірақ, «тіленшінің сүйген асын кім берсін?» дегендей тапсырыс шіркін кіл зағиптар жиналған, қоңырқай тіршілік кешіп жатқан кішкентай кәсіпорынға түсе бермейді. Осы бір жай кәсіпорын басшысын да қатты алаңдатып отыр.
Кәсіпорындағы зағиптардың бәрі егде адамдар. Бұл жерге жастар келе бермейді екен. Өйткені табысының жілігі татымсыз.
–Бәлкім олар бүгінгі технологиялық мүмкіндіктерді пайдаланып, молырақ табыс табатын шығар,–дейді кәсіпорын басшысы,–біз қазір өз қотырымызды өзіміз қасып күнелтіп жатырмыз. Тапсырыс берушілердің дені жекеменшік. Кейбір ауыл шаруашылығы құрылымдары. Таяуда 20 матрасқа тапсырыс түскен. Соның өзіне қуанып күні-түні тігіп, уақытында тапсырдық.
Адамға қуану үшін көп нәрсе керек емес екен ғой. Титімдей дүниеге төбелері көкке жеткендей. Енді қайтсін, жаратқанның жазуы да…
Мемлекет тарапынан көмек бар. Бірақ, оның да бір түйткіл тұсы орын алып отырғандығын ашына айтады зағиптар. Мәселен, жылына бір мезгіл емделуге жолдама беріледі. Ал, зағип жанды қолынан жетектеп алып баратын көмекшісіне ондай жағдай тудырылмаған. Міне, сондықтан олар уысына түсіп тұрған көмектен де айырылып қалып отыр.
Қоғам жанында өздерінің кітапханасы, клубы жұмыс істеп тұр. Көркемөнерпаздар үйірмесі әр мерекені қалт жібермей ойын-сауық ұйымдастырады. Дойбы, шахматтан жарыс өткізеді. Осы арада мен де елең еткем. Сөйтсем кәдімгі шахмат тасының астында тақтаға қадайтын кішкентай ағаш қазығы бар екен. Кішкентай болғанымен, орнықты тұруға кәдімгідей демеу, тіреу. Өмірдің өкпек желіне тоңып жүрген зағиптардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту үшін осы бір ағаш тіреудей көмек керек болып тұр.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.
Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар