Инвестициялық бағдарлама өз нәтижесін беруде

Облыстық табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті «Көкшетау Энерго» серіктестігіндегі табиғи монополия субъектілерінің жаңғыртылуы мен инвестициялық міндеттемені игеруі жөнінде баспасөз турын өткізді.

Баспасөз турына «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалының, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы мен «Облыстық табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тұтынушылары» қоғамдық бірлестігінің өкілдері қатысты. Серіктестік Ақмола облысының төрт ауданында және Солтүстік Қазақстан облысының бес ауданында орналасқан электржелілік шаруашылықтарға қызмет көрсетеді. Компанияның бас директорының орынбасары Константин Раньев өз баланстарына 206 шағын станция және 16 561,28 шақырым электр желісі кіретінін атап өтті.
–Серіктестіктің қызмет көрсету аймағы 82,796 мың шаршы шақырымды құрайды. Негізгі өндірістік қорды жаңарту көздерінің бірі инвестициялық бағдарлама болып табылады. Бағдарлама аясында серіктестік өз күшімен қондырғыларды жаңғыртып, қалпына келтірді. 2017 жылғы инвестициялық бағдарлама жүйені дамыту, электрқондырғыларды жаңғырту және қалпына келтіру, өндіріске жаңа техника мен технология, өндірістік үрдістерге автоматтандыру және телемеханикаландыру жүйесін енгізу үшін жасалған. Оның ішінде электр энергиясын бақылаудың және есептеудің автоматтандырылған жүйесі бар. Бағдарламаның негізгі мақсаты кернеудің барлық деңгейіндегі жүйелерде электр энергиясы шығынын азайту, тозған электрқондырғыларды жаңарту, жүйелердегі апатты және қондырғыларды жөндеу шығынын азайту болып табылады, – деді бас директордың орынбасары.
Көкшетау мен Щучинск қалаларының және Бурабай курорттық аймағының энергия нысандарында инвестиция салудың басымдық бағыттары анықталған. Мұнда электр тұтыну көлемі «Көкшетау Энерго» серіктестігі тарататын жалпы электр қуатының 55-60 пайызын құрайды. Жыл өткен сайын электр тұтынушылар көбейіп келеді. Өткен жылы компания 1 081 713 435 келіВат сағат электр энергиясын босатқан. 2017 жылғы инвестициялық бағдарламаны орындауға 782 миллион 911 мың теңге бөлініп, қаржы толық игеріліпті. Алдымен біз Біржан сал ауданының Заозерный селосында орналасқан «Көкшетау Энерго» серіктестігінің шағын станциясын аралап көрдік. «Восточный» ауданаралық электр желісінің бас инженері Мұрат Нұралин өз сөзінде 110\10 келіВаттық шағын станциясында 10 келіВаттық ашық электр тарату қондырғысы қалпына келтірілгенін, майлы электр ажыратқыштың орнына элегаздық ажыратқыш орнатылғанын айтып берді.
–Бұл біздің кәсіпорынның батыс бөлігін электрмен қамтамасыз етудің сенімділігін арттырды. Бұған дейін 110 келіВаттық майлы электр ажыратқышы пайдаланылды. Өзекті мәселелер 1990 жылдардың соңында туындады. Сол жылдары майлы электр ажыратқышы әбден тозған болатын. Оның қосалқы бөлшектерін сатып алу мүмкіндігі болмады. Өйткені, ол өндірістен алып тасталынған еді. Бұл шағын станция транзиттік нысан болып табылады. Бұған Степногорск жылу электр орталығының, КЭГОК пен Макинск шағын станциясының электр энергиясын қосуға болады. Сондай-ақ, бұл шағын станцияның кернеуі Солтүстік Қазақстан облысының Ақжар, Уәлиханов, Ақмола облысының Бурабай және Біржан сал аудандарына таратылады. Шағын станция 1994 жылы пайдалануға беріліп, майлы электр ажыратқыштары орнатылған. Оның кепілдік мерзімі 25 жыл. Бірақ, бұл қондырғы пайдалану кезінде сенімсіз болды. Шамалы май көлемі проблема тудырды. Қатты аязда электр ажыратқышы қатып қалып, қорғау жүйесі істен шығатын. Апатты жағдай туындаған кезде бірнеше аудан электр энергиясысыз қалатын. Сондай-ақ, жолды қар алғанда жөндеу бригадасының мұнда жетуі оңайға соқпады. Бүгінгі таңда бұл проблемалардың бәрі артта қалды,–деді бас инженер.
Бұдан кейін Щучинск қаласына ат басын бұрдық. Мұнда 13,8 шақырым желінің сымы кабельге ауыстырылыпты. Сондай-ақ, №91 трансформаторлық шағын станциясы мен №99 кешенді трансформаторлық шағын станциясы қалпына келтіріліпті.
–Соңғы жылдары Щучинск-Бурабай курортты аймағында көп нысандар салынғандықтан, тұтынушылар саны көбейді. Болжам бойынша мұнда электр қуаты 50 мегоВатқа жетуі мүмкін. Оның үстіне курортты аймақтың экологиясы таза болуы үшін электр қондырғылары арқылы жылу беріле бастады. Шағын станция 1971 жылы пайдалануға берілген. Мұндағы ашық және жабық электр таратушы қондырғылар әбден тозды. Қосалқы бөлшектер болмады. Майлы электр ажыратқыштары пайдаланылды. Май жанатын материал. Токтың тұйықталуы кезінде сыртқа май ағатын, кейде жанатын. Бұл жағдайда тұтынушылар электр қуатынан ажыратылды. Осы орайда, майлы электр ажыратқышының орнына вакуумдық ажыратқыш орнаттық. Бұл қондырғы ток тұйықталғанда өзі ажыратылып, апат болған орынды көрсетеді. Шағын станция жанында Щучинск қаласының канализациялық су сорғыш станциясы орналасқан. Сондықтан, бұл нысан электр қуатын тұрақты қажетсінеді,–деді бас инженер Мұрат Нұралин. Бұған дейін 3 мегоВаттық шағын станцияға жаңа тұтынушыларды қосуға мүмкіндік болмапты. Күрделі жөндеуден кейін станцияның қуаты 6 мегоВатқа өсіп, тұтынушылар саны көбейген. Компания қондырғыларды Петропавл, Астана, Кентау және Ресей зауыттарынан сатып алады. Бірқатар шағын станциялардың төбесі тозған. Бұл қондырғылардың істен шығуына қауіп төндіреді. Мәселен, қаланың ортасында орналасқан 91 шағын станция 1973 жылы салынған екен. Ол әбден жарамсыз болғандықтан, жанына жаңа шағын станция салыныпты. Қондырғылары да ауыстырылып, екі трансформатор, вакуумдік электр ажыратқышы орнатылған. Қазір нысанның қуаты артып, жаңа тұтынушыларды қоса бастапты. Мұнда бір электр желісі істен шықса, екіншісіне қосылады. Бұл тұтынушылардың электр қуатынсыз қалмауына мүмкіндік береді. Негізгі шағын станциядан 17 шақырым электр желісі тартылған. Егер бір учаскеде ток тұйықталса, сол жерді шағын станция жедел ажыратып тастайды. Сөйтіп, барлық электр желісі кернеусіз қалмайды. Тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салынып жатқан секторға Астана электротехникалық зауыты жасап шығарған 400 келіВаттық трансформаторлық шағын станция салыныпты.
Бұдан соң Көкшетау қаласының шағын станцияларын аралап көрдік. Облыс орталығындағы № 483 кешенді трансформаторлық шағын станция-
сы қалпына келтірілген. Сондай-ақ, 4,6 шақырым желінің сымы кабельге ауыстырылыпты. Ет комбинаты жанындағы 110\10 келіВаттық шағын станциясы 9800 абонент пен 350 заңды тұлғаға қызмет көрсетеді. Юбилейный, Бурабай шағын аудандары мен осы маңдағы ірі кәсіпорындар да осы нысанға қосылған. Мұнда да қондырғылар ауыстырылыпты. Шағын станциялар қызметінің басшысы Владимир Сәлімжановтың айтуынша, бұрынғы прибор жасау зауыты жанындағы шағын станциясының трансформаторы 1970 жылы пайдалануға берілген. Ол әбден тозғандықтан, жуырда жаңасына ауыстырылыпты. Бұл шағын станцияның қуаты осы маңайдағы жер үйлердің орнына салынатын көпқабатты 25 тұрғын үйге молынан жетеді екен. Бұдан бұрын радио зауыт маңындағы «Астра» шағын станциясына Болгарияда жасалған электр ажыратқышы орнатылыпты. Қондырғы әбден тозыпты. Оның үстіне қосалқы бөлшектер болмаған. Монтерлер майлы электр ажыратқышын ұстауға қорқатын. Осы орайда, Астана электротехникалық зауытында жасалған шағын станция орнатылыпты. Қазір ол қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр. Бұл жұмыс тұтынушыларды электр қуатымен қамтамасыз етудің сенімділігін арттыруға, трансформаторлар қуатын көбейту есебінен желіге қосылатын тұтынушылар санын көбейтуге мүмкіндік беруде.
Рамазан ТІЛЕУОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар