Өңір дамуының жаңа бетбұрысы

Жазиралы Жарқайың өңірі – аграрлық әлеуеті жоғары, халқы еңбекқор, берекелі өлке, ауданның экономикалық серпіні де бөлек. Әрқашан жарқын да жасампаз жобаларымен дамуға құлаш сермеген ауданның тыныс-тіршілігіне байыппен қараған жанның көзі сүйсініп, көңілі марқаяды. Бұл жетістік ауданда атқарылған тындырымды тірліктер өз жемісін беріп жатқандығын білдірсе керек.

Ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталсам, биылғы бірінші жартыжылдықта аудан кәсіпорындарымен 1 миллиард теңгенің өнімі шығарылды, негізгі капиталға 2,1 миллиард теңге инвестиция тартылған. Жартыжылдықтағы мал шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 1,7 миллиард теңгені құрап отыр. Ауданда 13834 бас ірі қара, 30117 ұсақ мал, 6255 бас жылқы бар. Бұл тұрғыда 1345 тонна ет, 4922 тонна сүт өнімдері өндірілді. Салық түсімдері есебінен мемлекет қаржысы 743,3 миллион теңгеге толықты. Еңбек нарығында жұмыссыздық деңгейі 0,5 пайызды құрайды, нақты секторда 251 жаңа жұмыс орындары ашылып, 102 азамат тұрақты жұмыспен қамтылды.
Аграрлық сектордағы табыс Мемлекет басшысының жеке қолдауы және инвестициялық жобаларды жүзеге асырудағы елеулі қаржылық көмек, егіншілік пен мал шаруашылығындағы алдыңғы қатарлы технологияны белсенді түрде енгізу, сала жұмысшылары мен мамандарының жанқиярлық еңбегі нәтижесінде мүмкін болды. Біздің өлке егін алқаптарының аумағы бойынша Ақмола облысында бірінші орынға ие. Бұл шаруаларға да, диқандарға да жауапты міндеттер жүктейді. Ақмола облысының аграрлық секторының үздігі екендерін биыл біздің диқандар тағы да дәлелдеп, егін орағы маусымын бірінші болып аяқтады. Егін орағы маусымына 939 техника жұмылдырылды, соның нәтижесінде Жер-Ананың қадірі мен қасиетін жете түсінетін жарқайыңдықтар 617,4 мың гектар алқаптан 586,5 мың тонна жоғары сұрыпты бидай жинады. Осынау ұлан-асыр егін алқабын күтіп-баптайтын шаруалардың еңбегі жемісті деп айтсам қателеспеймін. Бұл жетістікке қол жеткізгеніміз көктемгі егістік науқаны тиянақты жүргізілгенінің нәтижесі деп есептеймін. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан біздің шаруалар егістік науқанын 19 күннің ішінде аяқтады. Егістік алқаптарында зиянкестерден қорғау мақсатында химиялық жұмыстар уақытылы жүргізілді.
Жарқайыңның астығы жоғары сұранысқа ие, соңғы үш жылда біздің диқандар жақын және алыс шетелге 417 мың тонна астық экспорттады. Биылғы маусымда көптеген шаруалар Қытай нарығына шығуды көздеп отыр, бұл тұрғыда астықты қаптау технологиясы қолданысқа кеңінен ендірілуде. Биыл «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында егістік алқаптар 100 пайыз цифрландырылды. Бұл келешекте ауыл шаруашылығы өнеркәсібінде инновациялық технологияларды қолдануға зор мүмкіндіктер бермек. Сонымен қатар, техниканы жаңарту саласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Аудан шаруашылықтары заман ағымынан қалыспай, жылдан жылға сапалы техниканы сатып алуда. Бұл тұста мемлекеттің субсидиялары шаруалардың тынысын ашып жатқаны сөзсіз. Мәселен, биыл 21 жаңа комбайн, 13 трактор және 69 басқа да ауыл шаруашылық техникалары сатып алынды. Осының есебінен негізгі капиталға 1 миллиард 368,5 миллион теңге инвестиция тартылды. Қазіргі заманғы техникаға қол жеткізген шаруаларға мемлекеттен 354,2 миллион теңге көлемінде субсидия төленді. Жаңа техника жұмыстың өнімділігін арттыруға жол ашатынын диқандар жақсы түсінуде.
Ата кәсібіміз – мал шаруашылығын дамыту мақсатында ауданда арнайы жұмыс тобын құрдық. Осы игі істердің нәтижесінде мал басы санын арттыруды көздеп отырмыз. Әр ауылда отбасылық үлгідегі екі бордақылау алаңдарын ашу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Ірі қара малды асылдандыру үшін 83 бас асыл тұқымды бұқалар сатып алынды. Өлкемізде 47 шаруашылық мал шаруашылығымен айналысады. Айта кетерлігі, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің құрылуы біраз түйткілді мәселелерді шешуге мүмкіндік берді. Биыл ет өндіру бойынша «Державинский-1» және сүт тауарларын қайта өңдеу бойынша «МолПродЖаркаин» кооперативтері құрылды. Мал басын асылдандыру мақсатында 3 кооператив жұмысын бастады. Бүгінгі күні «Рассвет» шаруа қожалығы сүт тауарлары фермасын ашып, шаруасын дөңгелетіп отыр. Алғашында 130 сауын сиырға арналған ферма мал басын 200-ге жеткізуді көздеп отыр. Шаруашылықтың сүт өнімдерін өндіретін цехы күніне 5 мың тонна сүтті қайта өңдеп, май, ірімшік, қаймақ, сүт, айран өндіріп, саудаға шығарады. Сапалы өнім өлкен сұранысқа ие. Бұл цехты шикізатпен қамтамасыз ету үшін Нахимовка, Львовское, Пригородное ауылдарының тұрғындарынан сүт сатып алу жұмыстары оң жолға қойылды. Биылғы шөп шабу науқаны тиімді ұйымдастырылып, аз уақыттың ішінде 32 мың тонна өнім дайындалды.
Өңірдің дамуына тың серпіліс беруші күш инвестициялық жобалар екендігі белгілі. Осы орайда, биыл ауданға 8,4 миллиард теңге инвестиция тартуды жоспарлап отырмыз. Бұған қол жеткізу үшін жұмыс тобын құрып, келелі істер атқарудамыз. Астықты алқаптың бар мүмкіншілігін пайдалануды көздейтін инвесторлар ауданда жаңа элеваторлар салуда. Соңғы жылдары 3 жаңа желілік элеваторлар іске қосылды. Бұл аудандағы агроөнеркәсіптің жаңа деңгейге көтерілуіне септігін тигізді. Осындай игі жобалардың екеуі аудан орталығында жүргізілуде. Біріншісі қуаты 21,0 мың тонна, жоба құны 850 миллион теңгені құрайтын «КС Инвест» серіктестігінің элеваторы болса, екіншісі «Хлебная Нива» серіктестігінің қуаты 30,0 мың тонна болатын элеваторы биыл іске қосылды. Жоба құны – 1,3 миллиард теңге. Сондай-ақ, Құмсуат ауылында «Төре Агро» шаруа қожалығы көкөніс сақтау қоймасын салу жұмыстарын бастады. Бұл шаруашылық былтыр ғана аяғына тұрып, 40 гектар жерге картоп екті. Осының нәтижесінде сапалы өнім алып, келешекте шаруашылықтың ауқымын кеңейту жұмыстарын қолға алуда.
Елбасымыздың жылдың басында халыққа жолдаған бес әлеуметтік тапсырмасы тұрғындардың әлеуетін көтеруге бағытталған бағдарламаға айналып үлгерді. Осы бағдарламаның аясында тұрғындарды баспанамен қамту мәселесінің оңтайлы шешімін табуды межелеп отырмыз. Бүгінгі таңда Державинск қаласында 60 пәтерлі тұрғын үйді қалпына келтіруге мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шарттарын қолданып, екінші деңгейдегі банктер қатарынан инвесторлар тарту жұмыстарын бастадық, игі істің нәтижесінде тұрғындарға «7-20-25» бағдарламасы бойынша ипотекалық баспана ұсынбақшымыз.
Соңғы жылдардың бедерінде бизнес өкілдері туған жерді түлетуге бетбұрыс жасауда. «Темірлан» серіктестігінің директоры Ерлан Әлин Тасөткел ауылының мектебін, мәдени ошақтарын қалпына келтіріп, ауыл жолдарына асфальт төседі. Бұл игі іс Костычев ауылында да жалғасты. Жергілікті кәсіпкер Балғабай Қабжанов ауылдың мәдениет үйін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 80 миллион теңге бөліп, қалпына келтірді. Сондай-ақ, ауыл кәсіпкерлері бірлесіп, ауылдың орталық көшелеріне асфальт төсеп, орталық саябаққа 207 түп көшет отырғызды. Белгілі меценат, облыстық мәслихаттың депутаты Виталий Камышанский осы ауылда спорт залының құрылысын жүргізіп жатыр. Бұл жұмыстардан ауданда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі тиісті шешімін тауып жатқанын аңғаруға болады.
Ауданда үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Державинск қаласында орталықтандырылған кәріз жүйесінің құрылысы аяқталуға жақын. Жобаның жалпы құны – 2,07 миллиард теңге. Бірнеше жылдар бойы аудан орталығында лай суды шығару мәселесі тұрғындарға көптеген қолайсыздықтар туғызған еді, енді міне, экологиялық таза жобаның арқасында түйткілді мәселенің түйіні шешілмек. Менің бір байқағаным, біздің аудан тұрғындары өте сабырлы, әр мәселені байыппен барлауға ұмтылғыш. Бұған осы өңірде қызмет атқарып жүрген сегіз айдың ішінде көзім жетті. «Сабыр түбі – сары алтын» деген халық нақылын берік ұстанатын жарқайыңдықтар республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар жолдардың тауқыметін көп тартқан болатын. Жолдарды жөндеу бір күнде шешімін табатын шаруа еместігі көпшілікке аян. Биыл жарқайыңдықтардың үміт оты қайта тұтанды. «Жезқазған -Петропавл» республикалық тас жолының біздің өңір арқылы өтетін бөлігінде 32 шақырым жол жөнделіп жатыр. Бұл жобаға республикалық бюджеттен 800 миллион теңге қаржы бөлінді. Жұмыстарды атқарып жатқан «Стройтехресурс» серіктестігі құрылысты сапалы жүргізуде. Жергілікті тұрғындар игі іске оң бағасын беруде. Мердігер компания Тасты-Талды ауылында сағатына 100 тонна өнім дайындайтын асфальт зауытының құрылысын аяқтады. Осының арқасында Жаңадала ауылдық округінің 20 азаматы жұмыспен қамтылды.
Биыл Бірсуат ауылы тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында «Жер асты су көздерінен алынатын Бірсуат ауылы сумен жабдықтау жүйесін қалпына келтіру» жобасының бірінші кезеңін жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 120,0 миллион теңге қаржы бөлініп, жобаны жүзеге асыру қарқынды жүргізіліп жатыр. Жобаның екінші кезеңін 2019 жылы аяқтау көзделген. Сондай-ақ, Шойындыкөл ауылы тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту мәселесі де келешекте оңтайлы шешімін табатын болады. Биыл жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге аудандық бюджеттен 14,0 миллион теңге қаржы бөлдік. Құжаттаманы «ПИП ҚостанайВодПроект» серіктестігі әзірлеуде.
Атқарылып жатқан игі істердің барлығы Жарқайың халқының туған жерді түлетуге жұмсаған еңбегінің арқасы деп білемін. Алдымызда әлі талай жұмыстар бар. Ол мәселелердің барлығын ұйымшыл және бірлігі бекем жерлестерімізбен бірлесе отырып шешетінімізге сенімдімін.

Мұрат БАЛПАН,
Жарқайың ауданының әкімі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар