Мәңгілік елдің Астанасы

Бес жарым ғасырлық тарихы бар қазақ хандығының қанша астанасы болғанын кім білсін, дегенмен, соңғы жүз жылдықтағы қазақ елінің астаналары туралы тарихи нақты деректер жетерлік. Өткенге ой жүгіртіп қарайтын болсақ, қазан төңкерісінен кейін 1920 жылы РСФСР құрамындағы Қырғыз автономиялы республикасы болып құрылған еліміздің тұңғыш астанасы – Орынбор қаласы болған екен. Орынбор ол кезде Алтайдан Оралға дейінгі аумақты қоныстанған қазақ жерінің құрамында болғандығы белгілі.

1925 жылы Орта Азия елдеріндегі ұлттық аумақтарды межелеу нақтыланып, осыған орай бұрын Түркістан автономиялық республикасының құрамына енген Жетісу мен Сырдария облыстары және Қарақалпақ автономиялы облысы Қазақ автономиялық республикасының құрамына қосылды. Осыдан кейін ел астанасы шалғайдағы Орынбор қаласынан ішкергі жақтағы Сыр бойындағы Ақмешітке қоныс аударылған еді. Сол тұста астананы Ташкенге, не Шымкентке ауыстыру туралы мәселе көтерілген екен. Егер елордамыз Ташкенге қоныстанғанда ежелгі шахар қазақ елінің құрамында қалары анық-ты. Бірақ та, солақай саясатшылардың араласуымен астана Ақмешітке ауып кете барған. Ақмешіт атауының Қызылорда болып өзгеретін кезі де осы тұс болатын.
Қазақ елінде кіші төңкеріс жүргізіп, халықты қынадай қырған қандықол Голощекин басқарған кезде ел астанасы 1929 жылы орысы қалың Алматыға ауыстырылды. Жалпы, астананың көшірілуінің астарында қай кезде де үлкен саяси мән жататыны белгілі. Ғасырлар бойы орталық болған Мәскеуден астананы Нева өзенінің жағалауында батпақтың үстіне тұрғызылған жаңа қала – Петербургке көшіргендегі ұлы Петрдің мақсаты орыс мемлекетін империяға айналдырып, Балтық теңізіне шығатын аумақтарды шведтерден тартып алу болғаны мәлім. Яғни, астананың көшірілуінің астарында қашанда ел мүддесін көздеген үлкен саяси мақсат-мұрат тұратыны анық.
1991 жылы ата-баба армандаған тәуелсіздігімізді алған күннен бастап астананы орталық аумаққа көшіру мәселесіне Елбасы үлкен мән бергендігін түрлі деректерден жақсы білеміз. Тәуелсіздігімізді алған алғашқы жылдарда халық сүйсініп оқитын оқырманы көп «Қазақ әдебиетінде» Оралхан Бөкей ағамыздың ел астанасын Ақмолаға көшіру жөніндегі ой-пікірінің жариялануы тектен-тек емес еді. Яғни, астананы орысы қалың солтүстік өңірге ауыстыру қажеттігін Елбасы сол тұста-ақ сезініп, бұл мәселеге көңіл бөле бастаған сияқты. Өйткені, КСРО тарар тұста оның соңғы президенті Горбачевтың Қазақстанның солтүстіктегі бес облысы Ресейдікі деген сандырағы мен қазақтың нанын жеп, аяғын теуіп кеткен Солженицынның «Ресейдің көсегесін қалай көгертеміз» деген тақырыппен үлкен басылымдарда жарияланған мақаласында қазақ елінің солтүстігі түгел орыс жері болатын деген пікірінің айтылуы тәуелсіздігін жаңа алған республикамыз үшін ел тұтастығын сақтау жайын ойлау қажеттігін алға тартқаны анық.
Астананы Қазақстанның қақ ортасында жатқан орысы қалың Ақмолаға көшірудің астарында ел тұтастығын сақтау, тәуелсіздігін жаңа алған мемлекетіміздің іргесін бекіту, ұлтаралық жанжалдардың шығып кетуіне жол бермеу сияқты саяси мүдделер болғаны көзі ашық, көкірегі ояу кім-кімге де белгілі жай. Сол тұста қазақтардың ешқашан мемлекеттігі болмаған, тәуелсіз мемлекетін құра алмайды деп сәуегейсігендер де аз болмаған. Тың игеру кезінде өсіп, өркендеген солтүстіктің аграрлы-өнеркәсіпті аймақтарын Ресейге қосуды көксейтіндер сырттан да, іштен де шығып жатты. Солтүстік облыстардағы қазақтардың аздығы, елді мекен, жер-су атауларының жаппай орысшалануы – бәрі де тәуелсіздігін қалыптастыруды қолға алған жас мемлекеттің іргесін нығайтуға қажетті батыл шаралар жасауды алға тартқаны даусыз. Осындай тұста батыл шешім қабылдап, сол тұстағы экономикалық қиындықтарға қарамастан, ел астанасын көшіруді қолға алу айтуға ғана оңай шаруа болғандығы анық.
Астана көшіріледі екен деген сыбыс шыққан кезде-ақ оған қарсыластар жан-жақтан үн көтеріп жатты. Ел газеті атанған «Егемен Қазақстанда» біреу астана Ақмолаға көшірілсе, іргелес Қытай еліміздің ең шұрайлы өлкесі – Жетісуды Алматымен қоса тартып алады деп те жазғаны есте. Осындай қарсылықтарға қарамастан, астананы облыс орталығы болған провинциялық қалаға көшіру үлкен тәуекелді қажет еткен батыл қадам еді.
1999 жылы Астанада қызмет істедім. Елорда енді ғана көшіп келіп жатқан тұс. Орталықтағы үйлердің бәрін пластикамен қаптап, шынымен жылтыратып қоршағаны болмаса, баяғы провинциялық Целиноград қалпында қалған. Үкімет пен Парламент, басқа да мекемелер түгел дерлік Астанаға көшіп келіп, жұмыс істеп жатты. Содан шенеуніктердің арасында айтылып жүрген бір әңгіме халық арасына таралып кетті. Қысы қатал және ұзаққа созылатын Ақмолаға бойларын үйрете алмаған шенеуніктер сенбі-жексенбі сайын жылы Алматыға қайтып, демалысты үйлерінде өткізеді екен. Содан демалыс бітіп, жұмысқа барар кез туғанда: «Үйге келіп аунап-қунап демалдық, қой енді моламызға қайтайық» дейтін көрінеді. 1998 жылы 6 мамырдағы Елбасы Жарлығымен Ақмола атауының Астанаға ауыстырылуының астарында да осындай сыр жатқан секілді. Шынында да, мола деген атаудың ел астанасына тіркелуі оншалықты жағымды нәрсе емес еді.
2001 жылы Есілдің сол жағалауынан жаппай құрылыс салына бастады. Алғашқылардың қатарында бүгінде Ақпарат және коммуникациялар министрлігі отырған ел арасында «зажигалка» аталып кеткен биік ғимарат та бар. Бәйтерек бой көтерді. Есілдің жағасынан хан Кененің атқа мінген айбарлы ескерткіші тұрғызылып, уақыт үндестігімен сәулетті биік үйлер ертегідегі сыйқырлы қуаттың күшімен тұрғызылғандай көз алдымызда әп-сәтте өсіп салынып жатты. Қысқа мерзім ішінде Есілдің жағалауынан бой көтерген әсем қала Елбасының ерік-жігерімен, болашақты бағамдар байсалды ақыл-парасатымен дүниеге келгені анық-ты. Негізі тарихты жасайтын қалың тобыр емес, жеке тұлғалар. Көпті бастап, бағыт-бағдар беретін, болашаққа жетелейтін де сол заманынан оза туған тұлғалар екендігін тарих әрдайым көрсетіп келеді.
Мен оқта-текте жолым түсіп, Астанаға барған са-
йын бейне шет елдердің киноларынан көретін үлкен қалаларында жүргендей әсер аламын. Аспанмен астасқан биік сәнді ғимараттар, бір-біріне ұқсамайтын сәулеті мен сәні бөлек үйлер, субұрқақтар мен көз жауын алар гүлзарлар, ертегі кейіпкерлерін бейнелеген тас мүсіндер – бәрі де сыйқырлы таяқтың күшімен қас-қағымда пайда болған ертегінің қаласындай әсерге бөлейді. Сонау Целиноград атанған кезден білетін бұл шахардың бүгінгі бейнесі үнемі таңдандырып, таңдай қаққызумен келеді. Тағы бір жағымды құбылыс – бұрын 90 пайыздан астамы орыс болған шахарда қазір қазақтардың саны 77 пайыз екен. Сөйтіп, бұл қазіргі заманғы сәулетті сәнді қала қазақыланып, қазақ елінің шынайы астанасына айналды.
Астана – бұл болашақ өз биігіне ұмтылған жаз қазақ мемлекетінің айбыны мен арман-мұраты іспетті және Астана – бұл қазақ мемлекетін қалыптастырып, тәуелсіздігін нығайтқан, дамыған озық елдер санатына қосуға ұмтылған Елбасының ерік-жігері мен болашаққа деген құлшынысының көрінісі секілді. Елбасы мен Елорда егіз ұғым екендігі туралы ел арасында айтылып жүрген сөздердің астарында осындай шындық жатқаны анық.

Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар