Тиесілі тегін дәрі-дәрмекпен сырқаттар уағында қамтамасыз етілуі керек

Жылдың соңы мен жыл басталар уақытта дәріханалардағы тегін дәрі-дәрмектің болмауы бұқара халықты әбден титықтатқаны рас.

Қала мен ауылдан ағылған науқастар «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауларына да келіп, базынасын айтуда.

Бұл мәселе «Нұр Отан» партиясының Ақмола облыстық филиалында өткен «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша партиялық комиссияның отырысында талқыланды. Партиялық комиссия төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Серік Аяғанов өңірдегі түйткіл мәселені көтеріп, құзыретті мекеме басшыларының есебін тыңдады.
2018 жылдан бастап бірыңғай дистрибьютор болып табылатын «СК-Фармация» ЖШС бүкіл ел бойынша, оның ішінде Ақмола облысында тегін дәрі-дәрмектерді орталықтандырылған сатып алуды және логистиканы жүзеге асырады. Облыста тегін дәрі-дәрмектерді енгізуді «Витайм» ЖШС-нің бірлескен мердігерлері – 24 жеке дәріхана жүзеге асырады.
Комиссия отырысында есеп берген «СК Фармация» ЖШС-нің Ақмола облысындағы өкілі Роза Тілеспаеваның ақпаратына сәйкес, бірыңғай дистрибьютердің 2018 жылғы тізімінде 1117 медициналық дәрі-дәрмектер мен өнімдері тіркелген. Бүгінгі таңда 1074 медициналық дәрі-дәрмек немесе оның 97 пайызы ғана сатып алынған. Ағымдағы жылы Ақмола облысында амбулаториялық-емханалық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін 5,1 миллиард теңге бөлініп, 432 атаулы дәрі-дәрмек сатып алынды.
Комиссия отырысында сөз алған Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Болат Әбішев облыстық денсаулық сақтау басқармасына тегін дәрі-дәрмек алу мәселесіне қатысты тіркелген өтініш-арыздар саны күннен-күнге артып келе жатқандығын айтты. Мәселен, қан қысымына қатысты маңызды дәрі-дәрмектер ағымдағы жылдың сәуір айында ғана келіп түскен. Дәрі-дәрмектің уақытында жеткізілмеуі облыстың қадағалау-бақылау органдарының тексерісіне әкеп соқтыруда. «СК Фармация» ЖШС-не ағымдағы жылдың мамыр айында берілген 748 миллион теңгенің қосымша өтінімі бойынша тиісті дәрілер қазан айында ғана келіп, медициналық қоймаларда жатып қалған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Болат Әбішев емдеу мекемелері берген тегін рецептер бойынша халық дәрі-дәрмек ала алмай, ақыр соңында өз қаражаттарына сатып алуға мәжбүр екендіктерін айтуда. Мәселен, биылғы жылы облыс бойынша дәрігерлер 730 мың тегін рецепт жазған. Бұл 76 мыңнан астам науқасқа бөлінген 3 миллиард теңгенің дәрі-дәрмегі.
Комиссия мүшелері баяндамашыларды тыңдай келе, дәрілерді сатып алуды жоспарлаудың тиімсіз жүйесі, дәрілердің ұсыныстарын дұрыс жоспарламау, қоймада қалған дәрілерді пайдаланбау мәселелері негізгі фактор ретінде айтылды.
Жиналысты қорытындылай келе, комиссия мүшелері жағдайды жақсарту бойынша бірқатар тиімді ұсыныстарды ортаға салды. Нәтижесінде барлық жұмыстар бір жүйеге енгізілетін болды. Ең бастысы, қаржылық қиындықтар туындамауы керек, – деді партиялықтар.
Динара ДҮЙСЕН,
«Нұр Отан» партиясының Ақмола облыстық филиалының баспасөз хатшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар