Жақсы тәрбие – жақсы ата-анадан

«Отбасында адам бойындағы қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім – жақындарына, туған-туыстарына деген сүйіспеншіліктен басталады», – деп Елбасымыз айтқандай, шаңырақтың шайқалмауы үшін шағын мемлекет – отбасында сыйластық болуы қажет. Расында да, үлгілі отбасы – Отан тірегі. Үлкеннен үлгі алып, артынан ерген өскелең ұрпаққа өнеге көрсетіп жүрген отбасылардың беделі әр уақытта да асқақ. Олар өзгелерге үлгі көрсетіп, ұлттық салт-дәстүрді дәріптеп, жалпы қоғамға өз пайдасын тигізуде. Осындай өнегелі отбасылардың бірі – біздің Бозайғыр ауылындағы Ресейдің Омбы қаласынан көшіп келген, өз ортасына сыйлы, ел құрметтейтін Жүнісовтер отбасы десек артық айтқандық емес.

Жомарт ақсақал бәйбішесі Ханшайым екеуі Омбы қаласында өмір сүріп, білім саласында қызмет еткен. Алланың берген үш ұл, жеті қыз баланы дүниеге әкеліп, оларға жоғары білім беріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немере, шөбере сүйіп отырған бақытты жандар. Олар біздің ауылға көшіп келіп, бір шатырдың астында сегіз жыл көрші болып тұрдық. Сонда көріп-білгенім, ене мен келін, келін мен қайын сіңлі арасындағы қарым-қатынастары бір-біріне деген сыйластық, құрметтері өзгеге үлгі боларлықтай.
Қазақтың үйі қонақсыз болмайды ғой. Сондай жағдайда қанша кісі болса да, у-шусыз әрқайсысы өз жұмысын атқарып, құрмет көрсетеді. Жомарт ақсақалдың балаларына дауыс көтергенін естіген емеспін. Балалары әкесінің көңіл-күйін қабағынан танитын. Өмірде парыз бен қарыз бар ғой. Парыз – балаға жақсы тәрбие беріп, оқытып, өз алдына үй қылып шығару болса, қарыз сол ата-ана алдындағы қарызды өтеу. Қазіргі таңда балалары өсіп-өнген, еліміздің өркендеуі жолында абыройлы қызмет атқарып жүр. Балалары Астанада тұрады. Бірі дәрігер, бірі қаржыгер, мұғалім, экономист, әскери қызметкер. Ата-аналарына деген құрметтері де керемет.
Олардың денсаулықтарына көңіл бөліп, жылда-жылда дем алуға жібереді, бар жағдайларын жасауда, жақсылап үй салып берді. Жомарт ақсақал зейнеткерлікке шыққан соң дінге бет бұрып, ораза ұстап, намаз оқыды. Шынын айту керек, қазіргі таңда ауылда шариғат айтып, жастарды дінге тартатын ақсақалдар да жоқтың қасы. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген ғой. Бәйбішесі Ханшайым екеуі 50 жылдан артық бірге өмір сүріп, балаларының қызығын көріп отыр. Мұндай отбасынан неге үлгі алмасқа?!
Біздің тұсымызда ажырасу дегенді естімейтінбіз. Үй іші болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай қоймайды дейтін. Қазіргі таңда ажырасу мәселесі ушығып тұр. Бұған кім кінәлі? Ақыл қоспайтын ата-ана ма, үлкенге құлақ аспайтын балалар ма? «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған», еліміз аман, жұртымыз тыныш уақытта жастарымыз бақытты отбасы болсын деген тілек қана бізде. Ал, оларға Бозайғыр ауылындағы Жүнісовтер сияқты отбасылар барынша үлгі бола алады.
Қапан СӘДГУЖИНОВА,
қарт ұстаз.
Бозайғыр ауылы,
Шортанды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар