Келешегі кемел Бурабай

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, Щучинск-Бурабай курортты аймағын дамытуға айрықша көңіл бөлініп, қазірдің өзінде сүйсінерліктей игілікті істер жүзеге асырылды.

Щучинск-Бурабай курортты аймағы – 160 мың гектар алқапты алып жатқан табиғаты айрықша көркем аумақ, мұның 44,8 пайызын орман, 11,7 пайызын мөлдір көлдер құрайды. Курортты аймақты туристерге 204 қонақ үй нысандары қызмет көрсетеді. Мұның өзі курортты аймақта туристерді орналастыру бойынша Қазақстандағы курорттық жүйенің көшбасшыларының бірі деңгейіне көтеруге мүмкіндік беріп отыр.
Өткен жылдың алғашқы 9 айында ЩБКА нысандарында 125 мыңдай адам орналас-тырылып, оларға 3,3 миллиард теңгенің қызметі көрсетілді.
2011-2016 жылдары бұл аймаққа келушілерге көрсетілген қызметке жасалған талдау барысы жыл сайын 10-нан 26 пайызға дейінгі оң өсімнің барлығын көрсетуде.
Аталған кезеңде демалыс индустриясына 24 миллиард теңге инвестиция құйылып, 49 жоба іске асырылды.
Аймақтың инженерлік инфрақұрылымын дамыту мен инвестициялық климаттың тартымдылығын арттырудағы өзекті мәселелерді кешенді түрде шешу мақсатында Щучинск-Бурабай курортты аймағын дамытудың 2012-2016 жылдарға арналған жоспары түзіліп, ойдағыдай орындалды. Өткен бес жылда жұмыс жоспарының екі кезеңінде 12 миллиард теңге қаржы бөлініп, 43 іс-шара жүзеге асырылды.
2016 жылдың қарашасында Щучинск-Бурабай курортты аймағын дамыту жоспарының 2017-2020 жылдарға арналған ІІІ кезеңінің міндеттері бекітіліп, онда 61,3 миллиард теңгенің 33 іс-шарасын іске асыру қарастырылды. Облыстық әкімдік 31,1 миллиард теңгенің 26 іс-шарасын жүзеге асырудың жауапты атқарушысы болып табылады.
2018 жылға 1,8 миллиард теңге бөлініп отыр: қаржының 1449,7 миллион теңгесі ЩБКА инфрақұрылымы мен экологиялық проблемаларын; 82,2 миллион теңгесі көлік-логистикалық және телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға; 222,6 миллион теңгесі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге; 4,6 миллион теңгесі туристік әлеуетті күшейтуге бағытталады.
Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді басшылыққа ала отырып, Ақмола облысының әкімі Мәлік Кеңесбайұлы Мырзалин Щучинск-Бурабай курортты аймағында туризмді дамытуды тұтас өңірлік экономиканы дамытудағы басым бағыттардың бірі ретінде қарастыруда.
Бурабай курортын, сондай-ақ, Щучинск қаласы мен Қатаркөл кентін халықаралық стандартқа сәйкестендіру жұмыстарын жүйелі әрі мақсаткерлікпен жүргізу үшін бас жоспарлар түзіліп, бекітілді.
Көкшетау қаласы әуежайының қайта құрылысы аяқталуына байланысты Бурабай курортының әуе қатынасы географиясы кеңи түсті. Қазіргі күні халықаралық әуежайда Ақтөбе, Омбы, Орынбор, Екатеринбург қалаларымен қосымша әуе рейстері ашылды.
2018 жылы Солтүстік Қазақстан облысымен бірлесіп Ресей Федерациясы жағынан Одесское, «Бидайық» бақылау-өткізу бекеті, Ильичевка арқылы өтетін жолдың жөндеу жұмыстары мен қайта құрылысы аяқталады. Бурабай курортына тікелей тартылған бұл жол арақашықтықты 150 километрге қысқартады.
Халықаралық сарапшылардың қатысуымен дайындалып, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі бекіткен Бурабай курортты аймағын дамытудың 2020 жылға дейінгі дамуының жүйелік жоспары ЩБКА дамытудың негізгі базалық құжаты болып табылады.
Біз аталған жоспардан кешенді дамудың инвестиция тартуға неғұрлым қолайлы негізгі 4 зонаны (буынын) бөлектеп қарастырамыз.
Бірінші аумақ (370 га) – Шабақты көлі аумағында ойын бизнесін ашуға мүмкіндік беретін туризмнің бизнес класы. Мұндағы негізгі инфрақұрылым бұрынғы «Бурабай АЭА» базасында құрылып, 36 гектар жер аумағы игерілді (бес жұлдызды «RIXOS Borovoe» отелі, Қазақстан Лапландиясы, тағы басқа жылжымайтын мүлік нысандары), құрылыс жұмыстарынан бос 76,5 гектар және 257,5 гектар орман алқабын құрайды. Бұл инженерлік инфрақұрылыммен қамтылған неғұрлым көзтартарлық учаскелер.
Щучинск-Бурабай курортты аймағын дамыту жоспарының ІІІ кезеңі шеңберінде биыл Шортан көлінің айналасында орналасқан сауықтыру орындарына сумен қамтамасыз ету және су тарату желілерінің құрылысы аяқталатын болады. Біздің тарапымыздан құрылған инфрақұрылымдарды есепке ала отырып, Шортан көлінің маңында орналасқан «Самал», «Алмаз», «Сұңқар», «Зеленый Бор», «Щучинский», «Park Haus Kokshetau» отельдері мен басқа да нысандардың иелеріне мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестік негізінде сауықтыру орындарын абаттандырып, тартымдылығын арттыруға ұсыныс жасаймыз. Тапсырыстар Ақмола облысының Туристік ақпараттық «Visit Aqmola» орталығы арқылы қабылданады.
Екінші аумақ – Үлкен және Кіші Шабақты көлдерінің айналасындағы көпшілік демалысы аймағы (тау шаңғысы кешенінің құрылысы қарастырылуда және туристерге қолайлы жағдайларды қамтамасыз ететін барлық коммуникацияларды қамтитын инфрақұрылым жабдықталады).
Аталған аймақтың дистинациялық тартымдылығын күшейту мақсатында «Бурабай» МҰТБ бірлесіп, кемпинг-туризмді ұйымдастыру мен суға түсу алаңын абаттандыруды ұсынамыз. Бұны іске асыру көп шығынды қажет етпейді, ұйымдастыру шараларын жүргізу қажет, мұның ішінде МҰТБ су алаптарын пайдалану да ескерілуі тиіс. Біз мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестік негізінде төмендегі бағыттар бойынша бірлесіп қызмет істеуге дайынбыз:
1. Бурабай кенті, Оқжетпес ауылы, Кенесары көшесі, кенттің оңтүстік-шығыс бөлігі, «Бурабай» МҰТБ аумағымен шекаралас бөлік;
2. Бурабай кенті, Набережная көшесі, кенттің Үлкен Шабақты көлінің жағалауындағы солтүстік бөлігі (жағалауға дейін 100 м.), Кенесары көшесіне дейінгі қашықтық 1 километр;
3. Абылай хан с/о, Ақылбай ауылы, ауылдың оңтүстік бөлігі, Кіші Шабақты көліне дейінгі қашықтық 590 метрді құрайды;
4. Щучинск қаласы, «Санаторий «Щучинский» шағын ауданы, Шортан көлінің 3 километрлік солтүстік-батыс бөлігі (жағалауға дейінгі қашықтық 100 м.). МҰТБ жағалау аймағында үлкен жағажай мен кемпинг алаңдар құрылысын ұйымдастыру.
Үшінші аумақ (300 га) – Қатаркөл көлінің маңайында бұрыннан қалыптасқан балалардың сауықтыру-демалыс орталығының әлеуметтік туризмі (мұнда 26 балалардың сауықтыру орталығы (БСО), аз қамтылған және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың демалыс орындары бар.
Сондай-ақ, Щучинск-Бурабай курортты аймағын дамыту жоспарының ІІІ кезеңі шеңберінде Қатаркөл канализациялық коллекторының құрылысы аяқталып келеді. Бұл 3100 адамды тұрақты су тарату жүйесімен қамтамасыз етеді және курортты аймақтың экологиялық жағдайын сауықтырады. Ал, Қатаркөл көлі аумағындағы балалардың сауықтыру орталықтарына тартылатын су жүйесі құрылысының жоспарлануы Қатаркөлден су тарту және жағалаудағы БСО орталықтандырылған су жүйесіне қосу прблемасын шешуге мүмкіндік береді.
Біз аталған аймақтағы меншік иелеріне нысандарды мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестік (МЖӘ) негізінде модернизациялауды ұсынамыз.
Сауықтыру-емдеу демалысы қосымша инвестициялық ұсыным жасауға мүмкіндік береді, мұның ішінде бальнеологиялық және балшықпен емдеуге қатысты барлық жағдайлар жасалған. Балпашсор емдік балшық қайнары Қызылағаш ауылынан 6 шақырым қашықтықта орналасқан. Оның қоры 15,8 мың текше метрді құрайды. Мұны инвестициялық жобаға енгізу мәселесі қарастырылуда.
Төртінші аумақ (123 га) – Сарыбұлақ ауылындағы этноауыл (шетелдік туристердің қазақ халқының ғажайып тұрмысына қатысты өскелең сұраныстағы этноауыл құру).
Инвестициялық тартымдылықтағы айрықша аймақтарды құру қызметтің ішкі нарығы мен шетелдік туризмге бағытталған бәсекеге қабілетті туристік орталық құруға мүмкіндік береді.
Осымен бір мезетте, Бурабай ауданының әкімшілік орталығы – Щучинск қаласы қазірдің өзінде кәсіби спорт орталығы ретінде айқындалғанын айтқымыз келеді. Мұнда 2017 жылы гольфке арналған кәсіби кешен ашылды (18 шұңқыршаға арналған оның ұзындығы 6600 метр), ағымдағы жылдың мамырында спортшыларға арналған қонақжайлар мен тамақтану орнын қамтитын инфрақұрылымдағы трамплин кешенін және биатлон алаңын біріктіретін республикалық шаңғы базасы ашылады. Бұл көптеген шетелдік туристерді қамтитын жоғары деңгейдегі халықаралық жарыстар орталығы болмақ.
Фуникулерлі тау шаңғысы кешенінің құрылыс алаңы айқындалды, біз инвестициялық ұсыныстарды күтеміз. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен биыл қала орталығында көпбейінді Спорт сарайының құрылысы басталады. Ол 2019 жылы пайдалануға беріледі.
Сонымен бірге, біздің тарапымыздан қауіпсіздік мәселелері шешілуде. Щучинск қаласында Бурабай аудандық ІІБ жаңа ғимаратының және қызметкерлерге арналған 100 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы аяқталып келеді, ІІБ атты взводының ғимараты пайдалануға берілсе, поселкелік полиция бөлімінің ғимараты салынбақ. Бурабай және Үлкен Шабақты көлдерінің жағасында судан құтқару станциясының құрылысы жобалануда.
Сумен қамту және су тарату жүйелері қайта құрылды. Биылғы жылы мазут жағатын қазандықтар табиғи метан газымен алмастырылады.
Бурабай кентінің өзінің тартымдылығы мен көзтартарлық бейнесін қамтамасыз ету маңызды мәселелердің бірі саналады. Бұл істі мемлекеттік салымдар арқылы ғана емес, қазақстандық және шетелдік инвестицияны кең көлемде тарту арқылы шешуге болады.
Қазіргі күні біздің тарапымыздан сумен қамту және таратуға жылумен қамтамасыз ету мәселелері шешілді, сондай-ақ, көше жолдарын жарықтандыру жобасы жүзеге асырылуда. Биылғы жылы жағажай бағытындағы жолдар абаттандырылады.
Бұл ретте кент ішіндегі «Бурабай» МҰТБ қарасты 14 гектар аумақты абаттандыру мен құрылыс ісін тәртіпке келтіру елеулі алға жылжу болмақ.
Әйткенмен, негізгі үш құрылымнан тұратын көпбейінді форум-орталық құрылысының жобасы айрықша өзекті болмақ. Бұлар: көрме кешені, киноконцерт залы, Бурабайда әртүрлі бағыттағы халықаралық және аймақтық форумдар, коференциялар және іскерлік кездесулер өткізуге арналған заманауи конгресс-холл. Жер телімі бөлінді, енді жобалау ісіне кірісу қажет.
Әкімдік туризмді дамытудың маңыздылығын ескеріп, Ақмола облысында туристік саланы дамытудың 2018-2020 жылдарға арналған Жол картасын бекітті. «Жол картасын» жүзеге асыру жоспары сала алдында тұрған өзекті мәселелерді бағамдауды айқындайды және атқару органдары мен барлық деңгейдегі бизнес құрылымдарының жұмыс жоспарын нақтылау құралы болып табылады. Сондай-ақ, азаматтардың туризм саласындағы кәсіпкерлік бастамаларына жол ашады.
Әкімнің тапсырмасы бойынша 2017 жылы Ақмола облысының туристік бренді айқындалды. Бренд нұсқасының негізіне «Көл аймағы» тұжырымдамасы алынды. Ақмола облысы саналуан табиғи-климаттық ерекшеліктерге бай, кең белдеу көркемдікке бөленген ғажайып өлке. Бірақ, мұнда барлық аумақтағы көлдердің жалпақ жайылуы мен әсем орналасуының ортақ тартылысы бірден байқалады.
Сонымен бірге, әркелкі өзендер, су қоймалары, каналдар мен қайнарлардың құрамында көлдер бүкіл су байлығының 80 пайызын құрайтындығын атап көрсету маңызды: мұнда таулы және жазықтық, тұзды және тұщы, мөлдір және тұнық, сылдыр сезімді және толқынды көлдер жеткілікті. Міне сондықтан, қонақжайлылықтың негізгі тұтқасы ретінде осынау кәусар көлдер облыстың символы бола алады.
Щучинск-Бурабай курортты аймағының қызметін жыл бойы пайдалану мақсатында, біздің тарапымыздан 20-дан астам бағытты қамтитын «Four seasons» тұжырымдамасы жүзеге асырылуда. Бұл – аталған аймақтың жыл бойғы және науқанаралық жүктемесін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін сауықтыру-көңіл көтеру, әртүрлі тақырыптық және мәдени-көпшілік шараларды қамтитын кешенді шаралар жиынтығы. Жергілікті тұрғындар мен туристер арасында жыл сайын өткізілетін бүркітшілердің халықаралық «Қансонар» жарысы, «Бурабай» желкенді қайық регатасы, «OktoberFest Burabay» көбікті сусындар фестивалі, «Балмұздақ фестивалі», «Гастрономиялық фестиваль» сияқты шаралар қызығушылық танытуда.
Туристік әлеуетті белсенді түрде арттыру мақсатында «Visit Aqmola» Туристік ақапараттық орталық құрылды. Оның қызметі кешенді маркетингтік талдамаларды қамтамасыз етуге бағытталған. Ақмола облысы 2018 жылдың қаңтарында Испанияның Мадрид қаласында өткізілген әлемдегі ірі туристік FITUR көрмесінде өзінің туристік әлеуетін алғаш рет таныстырды. Visit Aqmola стенді шетел туроператорларының үлкен қызығушылығын тудырды.
Ақмола облысының әкімдігі кәсіподақтармен бірлесіп мұнай саласының өкілдерін санаториялық-курорттық сауықтыруға тарту жұмыстарын жүргізуде. 2018 жылдың басынан бері ЩБКА санаториялары мен демалыс базалары өңірдің туристік әлеуетін Маңғыстау, Атырау және Қызылорда облыстары кәсіподақтарына таныстыру шараларын өткізді. Кәсіподақтарға арналған Инфотурлар қорытындысында мұнайшылардың Ақмола облысында тынығып, ем қабылауы үшін келісімшарттар жасалды.
Туристік орталық қазақстандық және шетелдік туроператорлармен бірлесіп ЩБКА «визиттік турпакетін» жасады және туристерге қызмет көрсететін колл-орталық құрылды.
Цифрландыру бағдарламасының аясында өңірдің туристік тартымдылығын 10 пайызға арттыруға мүмкіндік беретін бірыңғай ақпарттық геопортал құру жөнінде белсенді жұмыстар жүргізілуде (облыстың киелі орындар картасы, QR-технологиялық кодтау, аудио гид қызметі, шұғыл қосымшалар, интерактивті карталар және экскурсиялық бағыттар, кері байланыс мүмкіндіктерін қамтиды).
Жалпы алғанда, Щучинск-Бурабай курортты аймағын дамыту мәселелерін кешенді шешу табиғаттың осынау ғажайып өлкесін көркейтуге жаңа екпін қосады, ең бастысы Бурабайға туристік ағымды еселеуге қолайлы жағдайлар тудырады. Бұл курортты аймақтың инвестициялық тартымдылығына қолайлы әсер ететіндігі анық.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар