Дастарханың мол болсын, қазақтың Астанасы!

Астана тұрғындарының несібесі мол, қазаны майлы болуына Ақмола облысы мүмкіндігінше өз үлесін қосуда. 2018-2019 жылдары

Астанада жылына 5 мың тонна ет өңдейтін кешен салынбақ. Кешен іске қосылған кезде ет өнімдері су тегін болмағанымен арзандайтыны анық. Әйткенмен, алып кешеннің қажеттілігін өтеу де керек емес пе? Міне, осы орайдағы салмақтың бір парасы астаналық облыстың иығымен көтеретін жүк.

Облыстың жалпы аумағы 300 шақырымды құрайтын 17 ауданы азық-түлік белдеуіне енгізілген. 2009-2017 жылдар аралығында жалпы көлемі 101,8 миллиард теңгені құрайтын 125 жоба іске асырылған. Оның ішінде 7 жоба сүтті мал шаруашылығы болса, 15 жоба ет бағытындағы мал шаруашылығы. Оған қоса құс шаруашылығын қаузайтын 9 жоба бар.
Сүт бұлағын тасытып, майлы, нәрлі етті тау-теңіз қылып үйіп тастағаныңызбен, сол күйінде дастарханға қойылмайды ғой. Енді оны заман талабына сай жақсылап, сапалы етіп өңдеу керек. Бұл орайда, сүт өңдеуге бағытталған 7, ет өңдеуді орайластыратын 5 жоба жүзеге асырылған.
Осындай ұмтылыстың нәтижесінде, 2017 жылы облыс Астананың сауда сөрелеріне 102 мың тонна сүт жөнелтті. Өткен жылмен салыстырғанда өсім 8,5 процент. Былай қарағанда, тәп-тәуір көрсеткіш болып көрінгенімен, астаналықтардың қажеттілігінің 34 процентін ғана өтейді. Тауарлы сүт фермаларының дені Қарағанды облысына тиесілі болғанымен, Ақмола облысынан ағылған ақтың үлесі бәрі бір кемшін. Сондықтан, таяу шетелдерден жеткізілетін тауарға тосқауыл қоюға тегеуріні жетпеуі әбден мүмкін.
Бұл арада тауарлы сүт фермасын ұйымдастыру ет бағытындағы шаруашылықтың бейнетінен молдау екенін ескерген жөн. Мұнтаздай таза, жылы қора, сүт сауатын, жинайтын, сақтайтын орын керек. Қазір бұрынғы соқпақпен көзді жұмып тарта берсең, тақырға отырасың. Малды бұрынғыша бағу жоқ. Ерейментау ауданындағы «Хамзе» шаруа қожалығында болған кезімізде қиын істің мән-жайымен танысқанбыз. Мал азығын салатын оттығының өзі өзгеше. Сүтті, етті симменталь тұқымдас мал баққан қауым бағымдағы малдарының қырқынды шөп жеуінен қорқады екен. Асқазандарына залал. Мал азығы арнайы цехта әзірленеді. Сауын сиырдың қайсысында кінәрат барын сауын кезінде компьютер арқылы бірден анықтайды. Жайылымнан жұқпалы ауру жабыспасын деп қысы-жазы өріске шығармай қамап бағады. Санап отырсаңыз, қаншама шығын.
Азық-түлік молшылығын енді қалай жасауға болады? Біздіңше, тауарлы сүт фермаларының өніміне жекенің қолындағы мал өнімдерін үстеу. Осы орайдағы, әу баста дұрыс шешім болып көрінген кооперативтерден қайран болмады. Тығырықтан шығар төте жол – сүт қабылдау пункттерін көбейту. Екіншіден, мал тұқымын асылдандыру. Асыл тұқым бақсақ қана айымыз оңынан туады. Облыстағы асыл тұқымды қара мал саны 67,4 мың басқа жетті. 50,5 мың басы етті, 15 мыңы сүтті тұқым. Осыдан-ақ сүт өндіруден де ет өндіру басымдырақ екендігі көрініп тұрған жоқ па? Екі бағыттағыны қосқандағы көрсеткіш бағымдағы барлық малдың 33 процентін ғана құрайды. Қалғаны сүті аз, еті ояз жергілікті тұқым. Егер жекенің қолындағы жергілікті тұқымды сіңіре будандастыру арқылы асылдандырсақ, азық-түлік белдеуін де нығайтар едік, әрі мал сүмесімен күн көріп отырған ауыл тұрғындарының да еңсесі тіктелер еді. Асыл тұқымның артықшылығына тағы бір дәлел. Асылдандыру қолға алынған 2013 жылмен салыстырғанда, барлық шаруашылықтағы сауын сиырдан сауылатын сүт мөлшері әр сауын сиырға шаққанда 266 литрге көбейіп, жылдық өнім көлемі 2977 литрге жеткен. Етке өткізілетін малдың орташа тірідей салмағы 2013 жылы 387 келі болса, биылғы жылы 395 келіге жетіп отыр. Бұл өте тәуір көрсеткіш. Осы арада толық көлемінде игерілмей жатқан ішкі резерв туралы бір пікір айта кетуге болар. Асыл тұқымды мал саны 33 процент қана дедік қой. Енді жекенің қолындағы 70 процентке жуық малды асылдандырсақ, көл көсір ет өнімдері Астананың сауда сөрелеріндегі импортты ығыстырып шығарар еді. Ығыстырып қана қоймай, шетелге шығаратын ет өнімдерінің көлемін көбейтер едік.
Астананың азық-түлік белдеуін жұмыртқа және картоппен қамтамасыз етуде кемдік жоқ. Мәселен, 2018 жылы 243 миллион дана жұмыртқа өндірілген. Өсім 9,4 процент. Осылайша астаналық тұтынушылардың қажеттілігінің 92 проценті қамтамасыз етіліп отыр. Таяуда іске қосылған Бұланды құс фабрикасы толық қуатында жұмыс істеген кезде түп-түгел қамтамасыз етеді. Картоп көлемі 6,5 процентке өсіп, 90 мың тонна мөлшерге жетіп, азық-түлік белдеуі қажеттілігінің 90 процентін жауып отыр. Ал, көкөніс көлемі тың серпілісті қажет етеді. Картоп егетін шаруашылық басшыларының айтуына қарағанда, көкөніс сақтайтын қойма болмағандықтан, өндірілген өнімді күзде сатып жіберуге мәжбүр. Молшылық маусымында картоп бағасы арзан. Сондықтан, жұмсалған шығынды жабуын жапқанымен, пайдасы мардымсыз. Картоп өсірушілерді ынталандыру үшін Астана маңына көкөніс сақтайтын қоймаларды көбірек салу қажет. Көкөніс көлемі көбейтуді қажет етеді-ақ. Есепті кезең ішінде 26 мың тонна көкөніс өндіріліп, барлық қажеттіліктің 29 проценті өтелген. Ендігі арада тамшылата суарылатын алқаптарды кеңейту және ең бастысы көкөніс қоймаларын салу бұл орайдағы мәселені түбегейлі шешуге себеп бола алады. Мәселен, жауапкершілігі шектеулі «Лея Сарыарқа» серіктестігі 100 гектар жерге картоп отырғызса, алдағы уақытта егістік жер көлемін көбейте алады. Сондай-ақ, «Green Team» серіктестігі 58 гектар жерге картоп, 10 гектар жерге көкөніс дәнін отырғызып жүр. Мұндай шаруашылықтар баршылық. Көкөніс молшылығын жасау үшін осындай шағын шаруашылықтардың өнімін күзде көтере сатып алып, көктемге дейін жағдай тұғызу қажет.
Астананың азық-түлік белдеуін қалыптастыру жобасы жаңартылды. Бұл бағыттағы жұмысты жап-жақсы жетілдіру қарастырылып отыр. Негізінен төрт бағытты қамтитын болады. Алғашқысы ет өнімдерінің көлемін арттыру болса, екіншісі 2020-2021 жылдары сүт өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін арттыру. Осы орайда, астаналық облыс 7200 бас сауын сиыры бар 5 тауарлы сүт фермасын құруды межелеп отыр. Олар Бурабай ауданындағы «Никольское», «Фирма Нанар», Зеренді ауданындағы «Аққайың-Ж», Астрахан ауданындағы «Камышенка» және Ақкөл ауданындағы «Еңбек» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері. Олардың әрқайсысында 1200-ден астам сауын сиыр болады. Оған қоса, облыс әкімдігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен, «НУХ «КазАгро» акционерлік қоғамымен бірлесе отырып жалпы құны 23,2 миллиард теңгені құрайтын 92 жобаны жүзеге асырғалы отыр. Оның ішінде ет, сүт өнімдерімен бірге құс, балық, жылыжай өнімдері жүзеге асқан кезде 40,9 мың тонна сүт, 3,2 мың тонна ет өндіру мүмкіндігіне ие болады.
Әзірге өндірілген өнімді ұсыну жолдары жетілдіру үстінде. 128 ақмолалық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің жиған-терген өнімі 44 сауда нүктелерінде сатылып келсе, «АҚМОЛ» сауда желісінің фирмалық 4 дүкені ашылып, онда жыл басынан бері 280 миллион теңгенің 248 тонна азық-түлігі сатылған. Бұл дүкендерде сатылатын азық-түліктің бағасы Астанадағы өзге дүкендерге қарағанда едәуір арзан.
Азық-түлік белдеуін қамтамасыз етудегі ақмолалықтардың үлесі артып келеді. Мәселен, 2017 жылы 7560 тонна сүт қабылдайтын 28 орын ашу жоспарланса, қуаты 10 000 тонналық 36 сүт қабылдау орындары ұйымдастырылып, бұл орайдағы жоспар еселей орындалған. 1111 бас мал бордақылауға қарымы қаптал жететін отбасылық мал бордақылау алаңдары ашылып отыр. Бұл орайдағы алғашқы меже де асыра орындалған.
Асылында азық-түлік белдеуін қамтамасыз ету екі жаққа да тиімді. Ең алдымен астаналық сауда сөрелері арзан, сапалы отандық өнімдермен толықса, ауыл еңбеккерлері үшін табысты жұмыс орны. Төрт түліктің табысымен күнелтетін ауыл адамдарының мал басы асылданып, өсіп, өнімін өткізетін нарықты іздемей-ақ табады.
Қорыта айтқанда, негізгі мал өнімдерін молайту үшін ақтылы малдың тегіс тұқымын асылдандыруымыз қажет. Сосынғысы сол түлікке жұғымды, сапалы, әралуан мал азығымен қамтамасыз ету міндеті.

Байқал БАЙӘДІЛОВ,
журналист.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар