Туған өлкенің ғажайып әлемі

Көне тарихы, жарасымды жалғастықтағы бай дәстүрі бар Ақмола-Көкшетау жері мыңдаған шақырымға созылып жатыр. Көзтартарлық көрікті табиғаты, құнарлы топырағы, кең жазық жайылымы, қазбалы қойнауы, жасыл желекті орманы, хайуанаттар әлемі ежелден-ақ адам баласын қызықтырумен келеді.
Сұлулық пен көркемдіктің символындай Бурабай аясы туризм индустриясын дамыту орталығы саналатыны, бұған әлем жұртшылығы «Қазақстан Швейцариясы» деген ат беруі ел мерейін асқақтатады. Сондай-ақ, астаналық облыс аумағында «Көкшетау», «Бурабай», «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи парктері, «Қорғалжын» мемлекеттік табиғи қорығы, «Бұланды», Ерейментау», «Восточный» және «Атбасар» мемлекеттік экологиялық заказниктері сияқты тамаша табиғи аймақтар бар.
Сауықтыру және спорт туризмінен өзге мұнда экстремалды, аңшылық және экологиялық туризм жедел дамуда. Ал, тарих және археологиямен айналысатындар ежелгі қорғандарман, неолит дәуірінің ескерткіштерімен, ортағасырлық мазарлармен таныса алады. Адам қиялы бұл жерлерге көптеген аңыздар мен ғажайып әфсаналар сыйлаған. Бұл аймақтан қола дәуірінің ескерткіштерін де скиф-сақ заманы және тасман, қимақтар мен қыпшақтар мәдениетінің белгілерін де табатыныңыз анық. Қазақ әдебиетінің алтын қорына енген Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Мағжан Жұмабаев, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Есенберлин туындылары халқымыздың рухани және мәдени байлығы болып табылады.

Бурабайдағы Абылай хан алаңы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев салтанатты түрде ашқан «Абылай хан алаңы» рухани-танымдық кешені тұнып тұрған ел тарихынан, ел шежіресінен сыр шертеді. Мұны жағалай тау сілемдері қоршап тұр. Сол себепті, мұндағы ауа температурасы біршама жоғары әрі тымық болады. Ыбырай соқпағымен жүре отырып Көкше таудың құшағына еніп бара жатқаныңызды байқамай да қаласыз. Осы жерден Жекебатыр тауы ап-айқын көрінеді. Жекебатыр басындағы дулығасын алып, қалың орман қойнауында мәңгі ұйқыға берілген батырдың кейпін аңғартады.
Бұл жерде ХVІІІ ғасырдың ұлы мемлекет қайраткері, көрнекті қолбасшы әрі дипломат Абылай хан тұрып, ел басқарған.
Есіл, Нұра, Сілеті өзендері қазақтың кең байтақ даласын, ну ормандарын шарлап өтеді. Бурабай, Шортан, Үлкен және Кіші Шабақты, Зеренді, Теңіз көлдері мен жүздеген өзен-сулары өлкенің тарқатылған бұрымындай, алқасына тағылған інжу-маржанындай көз жауын алады.
Ғажайып ортадағы «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің тарихы 1935 жылы шағын қорық ретінде құрылған мерзімнен басталады. 2000 жылы Көкшетау тау шатқалының солтүстік-шығыс бөлігіндегі флора мен фаунаны сақтау және зерттеу мақсатында мемлекеттік мәртебеге ие болды. Ұлттық парктің әсем табиғатын, биік тауларын, күміс көлдерін, орман-тоғайын суреттеп жеткізу мүмкін емес. Биіктігі 991 метрлік Көкше тауы аспанмен тілдескендей. Көкөрім таудың шынар басында кеменің бейнесі көрінеді. Тау етегінде Бурабайдың мақтанышы – Оқжетпес тұр қасқайып. Мұнымен жапсарлас «Голубой заливтің» қойнауындағы Әулие көлдің ортасында табиғаттың қайталанбас туындысы – Жұмбақтас жүзіп жүргендей. Мұны жағалай әр тұсынан қараған кісі біресе көрікті қыздың, біресе қас-қағымда кемпір болып құбыла қалған ғажап көрініске таң қалатыны бар.
Бурабайдың қалың орман алабында хайуанаттардың 300-дей түрі, орнитофаунаның 230, ихтиофаунаның 22 түрі мекендесе, бұлардың 11-і «Қызыл кітапқа» енгізілген. Ал, өсімдіктің 800-дей түрі кездеседі. Осындағы табиғат музейі мен эообақта бұлар туралы қызықты деректер алуға болады. Туристерге «Визит-Бурабай» орталығы қалтқысыз қызмет көрсетеді.
Қыс айларында Бурабай ақ ұлпа тонға оранады. Қарағай мен қайың ұлпа шәлі жамылып, жайнай түседі. Таңғы тұнық ауада серуендеудің өзі бір ғанибет. Туристер қыс қызығын қыздыра түседі.
Жалпы, Щучинск-Бурабай курортты аймағы – 160 мың гектар алқапты алып жатқан табиғаты айрықша көркем аумақ, мұның 44,8 пайызын орман, 11,7 пайызын мөлдір көлдер құрайды. Курортты аймақта туристерге жүзден астам қонақ үй, сауықтыру және спорттық нысан қызмет көрсетеді. Мұның өзі туристерді орналастыру бойынша Қазақстандағы курорттық жүйе көшбасшылары деңгейінен көрінуге мүмкіндік беріп отыр.

«Көкшетау» мемлекеттік ұлттық саябағы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылдың сәуіріндегі Қаулысымен «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық саябағы құрылды. Мұның негізгі аумағы Көкшетау қаласының оңтүстік-батысына қарай 60 километр аралығындағы 182 мың гектардан аса алқапты алып жатыр. Саябақ жерінің құрамына Зеренді, Шалқар, Имантау және Айыртау табиғи аймақтарының таулы-орманды, өзен-көлді өлкелері енеді. Ұжым Солтүстік Қазақстанның таңғажайып экотабиғи жүйесін, тарихи ескерткіштерін, археология және ұлттық-мәдени құндылықтарын сақтау және оны қалпына келтіру, туризмді дамытуға, халықтың демалысына қолайлы жағдай туғызу, экологиялық ағарту жұмыстарымен айналысады. Саябақ аумағында республикалық маңыздағы 13 табиғи ескерткіш бар.
Мұндағы тау шатқалдарының ішіндегі ең биігі Имантау – 661 метр, Зеренді – 588, Айыртау – 523, Сырымбет – 409 метр. Саябақ аумағында Көкшетау өңіріндегі әсем су көздері Имантау (48,9 шаршы км.), Шалқар (30 шаршы км.), Зеренді
Ұлттық саябақтың өсімдіктер және жануарлар әлемі саналуан дәуірлер және байлықтар флорасы мен фаунасының өзара сирек ұшырайтын үйлесімі болып табылады. Көне дәуірдің қыналары мен папоротниктері қазіргі ағаш және бұталы өсімдіктердің төменгі қабатында жатыр. Сібір тайгасына тән жануарлардың бұлан, сілеусін, орман сусары, ақ қоян, тышқан сияқты түрлері оңтүстік дала мен шөлейтті аймақта тіршілік ететін қарсақ, сарышұнақ, орқоян, күзен, суырлармен араласа өмір сүруде.
Өлке топырағына ат басын тіреген меймандар мен туристерге сонау XVІ ғасырда туған жерді басқыншы жаудан қорғаған Қарасай және Ағынтай батырларға мавзолей орнатылған. Бұл кешен көне түрік дәстүріне сәйкес салынды. Айғаным усадьбасы Александр 1 патшаның жарлығымен 1824 жылы тұрғызылып, кейін бірсыпыра жаңғыртудан өткізілді. Біздің дәуірімізге дейінгі 3-4 мың жылдарғы Қарсақ және Ботай археологиялық ескерткіштері ғылыми тұрғыдан әлем жұртшылығын қызықтыра түсуде.
Табиғи саябақ құрамына енетін Зеренді аймағы да көркемділігімен ерекшеленеді. Бұл өңірдегі зерлі Зеренді, қарағаймен көмкерілген Қарағайшық, Айдабол, Шымылдықты, Жамантұз, Қара үңгір көлдері табиғаттың тамаша байлығы саналады. Имантау көлінің таңғы сәттегі көрінісі көздің жауын алады. Бұл аймақтың тағы бір мақтанышы – 36 гектарлық аралды құшағына алған Айыртау көлі. Ал, осы аттас таудың биіктігі 500 метрден асады. Көркемдікке бөленген қиял жетегі сұлу сазды Сандықтаумен жалғастырады.

«Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы
Бұл өлкенің қайталанбас әсем ландшафы, ғажайып экожүйесі, сирек кездесетін өсімдіктері мен жануарлар әлемі мемлекет қамқорлығына алынған. Парктің жалпы аумағы 88,9 мың гектарды алып жатыр.
Табиғи қалпында сақталған Ерейментау таулары солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай 90-100 шақырымға созылып жатыр. Жел мен судың, ауа райының әсерінен пайда болған мың сан тас мүсіндер таңдай қақтырады. Мұндағы Ақдым тауының биіктігі 901 метр. Бұл өңірдегі 20-ға жуық өзендер мен бұлақтарда аққайран, шабақ, оңғақ, шортан, алабұға, тісшеге, нәлім, тұяқ, судак, рипус, сиг, ақ амур сияқты балықтар шоршып жатады.
Өсімдіктер әлемі де бай. Үш жүзге жуық өсімдіктің он жетісі сирек кездесетін түрге жатса, төртеуі Қызыл кітапқа енгізілген. 227 түрлі құстың 13-і Қызыл кітаптан орын алса, жануарлардың 45 түрі кездеседі. Белодымовкадағы марал өсіру кәсіпшілігі Орталық Азиядағы ең ірі кәсіпшілік саналады. Мұның аумағы 400 гектарды алып жатыр.

Қорғалжын мемлекеттік табиғат қорығы
Қорық 1968 жылы құрылып, Теңіз-Қорғалжын жазықтығындағы 259,9 мың гектар жерді біріктіреді. Мұның 198 мың гектары – акватория. Бұл қорық бүкіләлемдік мұра мәртебесіне ие болды және ЮНЕСКО тізіміне енгізіліп, Рамсар конвенциясының «А» тобына қосылды.
Атына сай Теңіз көлінің ұзындығы 85 шақырымды, ені 35 шақырымды алып жатыр. Алып айдын суы молдау Үлкен және солтүстік-шығысындағы бұғаз арқылы Кіші Теңізбен түйіседі. Көл аумағында үлкенді-кішілі 70-ке жуық арал бар. Суы тұзды көл өзінің көлемі жағынан ТМД елдеріндегі көлдердің арасында 12-ші орында. Ал тұздылығы жағынан әлемдік мұхит суынан 5-6 есе жоғары. Теңіз 2000 жылы әлемнің таңғажайып көлдерін біріктіретін «Тірі көл» ұйымына енгізілді.
Қорғалжын көлі бірнеше бұғаздарға бөлінген. Бұлардың әрқайсысы жеке көл болып саналады. Ішіндегі ең ірілері – Сұлтанкелді, Исей, Қоқай, Жаманкөл. Тереңірек үңілсек, аттарында тарихи әфсана жатыр. «Мың көл өлкесі» атанған аймақтың басты байлығы құстар. Тек қана Теңіз көлін 15 миллион дана құс мекендейді.
Бұл өлкенің жазық даласы көктемде түрлі-түсті гүлдерге толып кетеді. Қызғалдақтар, жидектер, емдік шөптер, бал қамыс, күзгі жусан қалайы кілемдей көрікті әсерге бөлейді. Жалпы алғанда, мұнда өсімдіктің 300-ге жуық түрі тіркелсе, 45-і Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.
Қалың қамыс жынысын аң-құстар паналайды. Қорықта хайуанаттардың 40-қа жуық түрі бар. Сайын дала еркесі сайғақтан бастап, сарышұнақ, жабайы доңыз, қарсақ, аққұлақ, құндыз, борсық, қасқыр, түлкі жиі кездеседі. Солтүстік Қазақстан мен Батыс Сібірден ауып келген сілеусін, елік, бұланды да байқауға болады.
Қорықтың орналасқан жері қолайлы болғандықтан, Сібір мен солтүстік тундраға балапан шығаруға және Азия мен Солтүстік Африкаға қыстауға ұшатын құстар жолшыбай осы айдындарға аялдайды. Өңірдің орнитофаунасында 300-ге жуық құстың түрі есепке алынған. Мұның ішінде 30-ы Қызыл кітапқа енгізілді. Адам көп бара бермейтін жерлерге бұйра бірқазандар жұмыртқа салады. Осы маңнан құс еркесі аққуды, аққұтан мен көкқұтанды, үкіні, балабан сұңқарды, жылқышы құсты, дуадақ, безгелдек пен тырналарды көруге болады.
Қорғалжын қорығының басты мақтанышының бірі – қоқиқаз. Ғалымдардың айтуынша, бұлар мұнда миллиондаған жылдар бойы мекендейді. Бойы бір жарым метр ірі денелі ғажайып құстың қызыл сұрғылт түсті қалың терісі тұзды көлді мекендеуге шыдамды. Алыстан көз тастасақ, қоқиқаз тобыры жер үстіндегі қара қошқыл бұлт іспеттес. Ал, аспанда ұшып жүрген осынау ерке құс ертегі кейіпкеріндей, көз алдыңызда өз қанатымен жүздеген шырақ жағып жүргендей әсерге бөлейді.
(Бұл танымдық жолсілтеме Ақмола облыстық туризм басқармасының материалдары негізінде дайындалды).

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар