Асыл тұқымды малдың пайдасы тез білінеді

Бүгінгі таңда «Армавир» серіктестігінің мал шаруашылығы кешенінде 800 бас асыл тұқымды ангус ірі қара малы қысқы күтімге алынған. Жалпы, өткен жеті жылдың ішінде мұнда 2 мың бас өгізше етке тапсырылыпты.

Село іргесінде орналасқан мал қорасына келгенімізде еңбеккерлер мал оттығына шөп салып жүр екен. Мұндағы қашарлар, бұқалар, сиырлар бөлек-бөлек шарбаққа қамалыпты. Осында мал дәрігері Бекболат Әбілпатовты жолықтырып, әңгімеге тарттық.
–Бұдан жеті жыл бұрын инвестор арқылы АҚШ-тан асыл тұқымды мал сатып алдық. Содан бері бұл малдың басын көбейте түсудеміз. Алғашында 300 бас сиыр әкелінді. Бүгінгі таңда олардың саны сегіз жүзді құрайды. Мал басын қашарлар арқылы көбейтеміз. Қазіргі заманғы мал азығын дайындаудың және таза ауаға жиі шығарудың арқасында малдың күйі жақсарды. Шетелдік малдардың жергілікті ауа райына үйренуіне біраз жыл қажет. Аяз қашарлардың салмақ қосуына көп ықпалын тигізеді. Малдар уақытында егіледі, қанына талдау жасалады. Жалпы, ветеринарлық бақылау тұрақты түрде жүргізіледі,–дейді мал дәрігері.
Мал шаруашылығы кешенінде қыс айларында сегіз адам жұмыс істейді. Олардың арасында су мен мал азығын тасымалдайтын, малдың астын тазалайтын механизаторлар бар. Өздерінің еселі еңбегімен көзге түсіп жүрген Қанаш Есенов, Бейбіт Рсаев, Виктор Беляков, Сергей Перескоков, Александр Лаврушин, Юрий Иванов пен Виктор Оленбергтің есімдерін ерекше атап өткен жөн. Механизаторлар көктем, жаз және күз айларында ауыл шаруашылығы машиналарын тізгіндеп, көктемгі егіс, жасыл орақ және орақ науқанына белсене араласады. Қыс айларында мал шаруашылығында еңбек етеді. Америкалық ангус тұқымдас малдар үшін біздің өлке туған жеріне айналуда. Бұл өзгерісті олардың мінезінен және көбеюінен аңғаруға болады.
Суретте: малшылар В.Беляков, С. Перескоков, К.Есенов пен мал дәрігері Б.Әбілпатов; мал қоралары кешені.

Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.
Суреттерді түсірген автор.
Егіндікөл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар