Бірлік – біздің қасиетті туымыз!

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бес әлеуметтік бастама – қоғамның әлеуметтік бірлігінің тұғыры» атты ассамблеяның былтыр өткен кезекті XXVI сессиясында: «Ассамблея құрылған күннен бастап еліміздегі мызғымас бірліктің ұйытқысы, сарқылмас берекенің бастауы болып келеді. Бүгінде ол еліміздегі татулық пен тұрақтылықтың ең басты кепілі. Әрдайым елдік істердің басында жүретін ассамблея менің іргелі бастамаларыма әр уақытта қолдау білдіріп, халқымызға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде», – деп атап өткен болатын.

Шынымен де, Қазақстан сан қырлы жаңғыруға бет бұрған қазіргі таңда ассамблеяға да тың міндеттер жүктеледі. Елбасы елдігіміздің бойтұмары – ел бірлігінің қадір-қасиетінің орны бөлек екенін әркез айтып келеді.
Бүгінде Ақмола облысында 100-ден астам этнос өкілдері тұрады. Оның ішінде 51 пайызын қазақ, 33,1 пайызын орыс, 4,4 пайызын украин, 3,5 пайызын немістер және қалғанын татар, өзбек, кәріс, белорус, поляк, өзге де ұлт өкілдері құрайды.
Облыста 52 этномәдени бірлестік тіркелген. Түрлі этнос өкілдері облыстың қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени даму үрдісіне белсене атсалысады. Ұлтаралық шиеленістердің алдын алу, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту мақсатында жыл басынан бері өңірімізде 91 қоғамдық маңызды іс-шара өтті. Оның ішінде Алғыс айту күніне, Наурыз мейрамына арналған бірқатар мерекелік іс-шаралар, «Сарқыт», «Сыбаға», «Шашу» қайырымдылық акциялары, жыл сайынғы «Ақмола жұлдыздары» халық шығармашылығының қалалық байқауын ерекше айта кеткім келеді.
Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы мәдени ұйымдармен бірлесіп, «Масленица» халық серуенін, «Терендез» армян халық мерекесін, ингуш пен шешен халықтарын Орталық Азия мен Қазақстанға депортациялаудың 75 жылдығына арналған халықаралық конференцияны, тағамдар фестивалін және тағы басқа көптеген іс-шара ұйымдастырды.
Биылғы жылдың 1 наурызында Қоғамдық келісім үйінде Алғыс айту күніне орай өткізілген салтанатты кештің орны ерекше болды. Оған Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының мүшелері, облыстық этномәдени бірлестіктердің, мемлекеттік органдардың, жұртшылық өкілдері, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздары қатысты. Сонымен қатар, Алғыс айту күні аясында облыстық ассамблея мүшелерінің, этномәдени бірлестіктер басшыларының қатысуымен білім беру мекемелерінде, ұйымдар мен кәсіпорындарда түрлі іс-шаралар өтті.
Облыстық ассамблея қызметін ғылыми-сараптамалық топ бірге іске асырады. Бұл топтың құрамына Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті мен А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедраларының оқытушылары кіреді. Мұнымен қоса, облыста 116 медиация кабинеті бар. Жергілікті ассамблеямен 11 кәсіби және 75 кәсіби емес медиатор тығыз байланыста жұмыс істейді. Жыл басынан бері кәсіби емес медиаторлар азаматтарға 266 кеңес беріп, сотқа дейінгі 53, сотта 145 медиациялық келісім жасалды.
Өңірде 248 қоғамдық келісім кеңесі өз қызметін жүзеге асыруда. Олардың негізгі міндеті қоғамдағы әлеуметтік шиеленістің алдын алу және түйткілді мәселелерді шешу болып табылады. Үстіміздегі жылы 3 мың адамды қамтыған алпысқа жуық шара өтті.
Облыста ашылған 101 аналар кеңесі де ұлтаралық келісім мен тұрақтылықты сақтауға, қыздарымыздың қылықты, ұлдарымыздың ұлықты болып өсуіне, еліміздің отансүйгіш азаматтары мен азаматшаларына айналуына өз үлестерін қосуда. Аймақта облыстық және қалалық деңгейдегі бір, аудандық 12, ауылдық деңгейде 87 аналар кеңесі жұмыс істейді. Олардың құрамына 60-тан астам орталық, үйірме мен клубтар кіреді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Аналар кеңестері қайырымдылық акциялар ұйымдастырады, халықтың рухани құндылықтарының негізінде қыздардың тәрбиесімен айналысады. Биыл облыстық ассамблея жанындағы Аналар кеңесі науқас балалар, көп балалы және аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету мақсатында төрт қайырымдылық акция ұйымдастырды. Кеңес төрайымы Зере Қиықованың бастамасымен Көкшетау қаласындағы Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің жанынан «Балқадиша» клубы ашылды.
Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының қайырымдылық шаралары үстіміздегі жылы да жалғасын тауып жатыр. Мәселен, 2019 жылдың бірінші тоқсанында ассамблеяның «Қайырымдылық керуені» республикалық қайырымдылық акциясының аясында 32 іс-шара өткіздік.

Бір сөзбен айтқанда, тұрақтылық пен келісім жылма-жыл, күн сайын жүргізілетін ауқымды жұмыс. Сол себепті, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы да бірлігімізді нығайтуға, халқымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға әрі қарай да атсалысатын болады. Бүгінгі мереке – Қазақстан халқының бірлігі күнінде барша жерлестеріме зор денсаулық, отбасында бақыт, қызметте табыс тілегім келеді. Қазақстандықтардың бірлігі – Қазақстанның ілгері дамуының мызғымас кепілі екенін әрдайым есте сақтайық. Достығымыз арта берсін, егеменді еліміз гүлдене берсін!

Мәрзият ТОХАЕВА,
Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар