Әдепті болғанға не жетсін?!.

Биылғы жыл жастар үшін ерекше жыл. Өйткені, Елбасы Н.Ә.Назарбаев өз Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялады.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев жас қазақстандықтардың бойынан қандай қасиеттерді көргісі келеді? Әрине, Елбасымыз төл тарихын жетік білетін, бағалайтын және мақтан ететін өскелең ұрпақ, ұлттық өркениетті рухта тәрбиеленген жастар ғана еліміздің болашағына белсене атсалысатынына сенімді. Бұл үшін жас буын өкілдеріне жан-жақты қолдау көрсетіп, қоғам өміріндегі белсенділігін арттыруына күш салысуымыз керек.
Мені қазіргі кезде толғандыратын бір мәселе – кейбір жастардың қоғамдағы әдеті мен әдебі. Өкінішке орай, арамызда тым еркінсіп, даңдайсып кеткен, үлкенге құрмет дегенді білмейтін, өзіне ғана сенген қуыс кеуде жастар жетерлік. Қазіргі жастардың, әсіресе, оның ішінде қазақ жастарының ұлттық әдеп дегенді ұмытқандары аз емес. Бұған дәлел – ар мен ұятты ұмытып, жалаңаш денеге қазақтың ұлттық киімін киген қазақтың арулары мен жігіттерінің көбейіп бара жатқаны. Көп талқысына түссе де, одан еш сабақ алмастан, өз бойларынан кемшілік таппай, керісінше, үсті-үстіне видеоларын жариялауда.
Киім түгілі, аузынан шыққан әрбір екі сөздің бірі жағымсыз естілетін қазақтың жас буынының сиқын көрген кезде жағаңды ұстайсың. Көпке топырақ шашудан аулақпын, дегенмен де, бұл қазіргі заман дерті. Қанша қиындық көріп, талай жыл бодандықта болып, талай зиялыларынан айрылған, бірақ, болашақ жастардан үміт күткен ұлтымыздың қазіргі кейпі алаңдатарлықтай. Орыс тілді ата-аналарының жолымен кетіп, қазақша сөйлей алмайтын жөсөспірім жастарды көріп не деріңді білмейсің. Үйде ана тілінде сөйлемесе, ойы орысша болса, одан қалайша өз елінің патриоты шығады? Ұлттық әдептің, құндылықтың құнын түсіретін, міне, осылар.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев биылғы жылғы Жолдауында еліміздің тірегі – жастар мәселесіне жете мән берді. Мен де биылғы мектеп түлегімін. Болашақ өмірімді журналистика саласымен байланыстырғым келеді. Өзім сияқты жастарға ең алдымен, қазақ халқы ұлт екенімізді ұмытпауымыз керек екенін айтқым келеді. Ұлттық сананың өзгеруі тек үлкенге емес, кейінгі балалар мен жастарға да байланысты. Өйткені, үлкен-кіші, бәріміз бір ұлттың көрінісі, айнасы екенімізді ұмытпайық.
Аяулым СЕКЕНОВА,
Өлеңті орта мектебінің
11-сынып оқушысы.
Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар