«Шындық бар жерде сенім бар»

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасында халықтың тұрмыс-тіршілігі мен мұң-мұқтажын, әлеуметтік-экономикалық мәселелерін жан-жақты саралаумен бірге оны оңтайлы шешу және билік пен қоғам арасында өзара тиімді байланыс болуы үшін Ұлттық қоғамдық сенім комиссиясын құруға уәде берген еді. Сол сөзінде тұрды. Twitter-дегі парақшасында «Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы Жарлыққа қол қойдым. Ұлттық кеңес мүшелері, белгілі қоғам қайраткерлері елімізді жаңғырту ісіне елеулі үлес қосады деп сенемін. Бұл – өте маңызды міндет» деп жазды.

Егемен елімізді одан әрі өркендету мен халықтың тұрмыс деңгейін жақсарту, қоғамның дамуына кедергі келтіріп отырған кесел – сыбайлас жемқорлықты жою, көкейкесті әлеуметтік-экономикалық және еңбек қатынастарына байланыс-ты мәселелерді шешу бағытындағы игі істер мен маңызды міндеттерден кәсіподақ та тысқары қалмайды. Екі миллионнан астам мүшесі бар қоғамдық ұйым елімізді жаңғырту бағытындағы ауқымды жұмыстардың бел ортасында болатыны сөзсіз.
Кәсіподақ – азаматтық қоғамның негізгі тірегінің бірі. Сондықтан, біз таяу уақытта атқарылатын ауқымды жұмыстардың ойдағыдай жүзеге асуы жолында күш-жігерімізді сарқа жұмсауға тиістіміз. Кәсіподақ жұмысшылардың мүддесі мен құқын қорғайтын ұйым болғандықтан, жергілікті жердегі еңбек ұжымдарымен тікелей және тығыз байланыста, диалог түрінде жұмыс істеуді жалғастыра береміз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде де осы мәселені – билік пен қоғам арасындағы диалогты дамыту қажеттігін баса айтты. Жаңадан құрылған комиссияның да басты мақсаты осы. Билік тармақтары елмен етене байланыста болуы тиіс. Сонда ғана халықтың жағдайы мен тұрмыс-тіршілігін, әлеуметтік мәселелерін жан-жақты білуге мүмкіндік болады. Ештеңені жасырып-жабудың қажеті жоқ. Ашықтық қажет. Шындық бар жерде сенім бар. Халық өздері көтерген мәселелерді биліктің ескерусіз қалдырмайтынына шүбәсіз сенімде болуы керек.
Әлеуметтік-еңбек қатынастарына байланысты мәселелерді оңтайлы шешудің бірден-бір жолы – әлеуметтік әріптестік. Оған кейінгі жылдары нақты көз жетті. Бұл – жұмыс берушілер, жұмысшылар мен мемлекеттік органдар арасындағы еңбек және әлеуметтік-экономикалық қатынастарды реттеу мәселелері бойынша мүдделерді келістіруді қамтамасыз етуге бағытталған өзара тиімді қарым-қатынас жүйесі. Осындай үшжақты комиссия республикалық, салалық және аумақтық деңгейде бар.
Республикалық үшжақты комиссияның құрамына Қазақстан Республикасының Үкіметі, Кәсіподақтар федерациясы және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы енген. Ал, салалық үшжақты комиссияның құрамында тиісті министрлік, салалық кәсіподақ, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бар. Ал, аумақтық комиссия әкімдік, аумақтық кәсіподақ, жергілікті кәсіпкерлер палатасы арасындағы әлеуметтік әріптестікті қалыптастырып отыр. Сондықтан, осы бағыттағы жұ-мыстарды одан әрі жандандыру – біздің басты мақсатымыз.

(«Egemen Qazaqstan» республикалық газетінің ресми сайты, 2019 жылғы
24 шілдедегі жарияланым).

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар