Есілов және Елорда

Астананың 20 жылдық мерейтойына орай қаланың қоғамдық өмірінде айтулы оқиға болды. Астана қаласының қоғамдық кеңесінің төрағасы, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Сейітжанұлы Есіловке «Астана қаласының құрметті азаматы» атағы берілді. Бұл жаңалықты астаналықтар қуанышпен қабылдаған еді, өйткені, қаланың өсіп-өркендеуіне зор үлесін қосқан Сансызбай Сейітжанұлы сондай атаққа лайықты жан болатын.

Ол бүгінде әлемдегі сәулетті көркем шаһарлардың біріне айналған қаланың құрылысына өз үлесін қосқанын мақтаныш тұтады. Мерейтой қарсаңында берілген мәртебелі атақ сол еңбегінің өтеуі еді және ол қосымша жауапкершілік пен міндет жүктейтінін де жақсы біледі. 10 желтоқсанда Елорданың көшіп келуінің 20 жылдығына орай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болды.
Сансызбай Есіловтың ел игілігі үшін атқарған еңбегі «Құрмет», «Достық», «Парасат» ордендерімен және бірқатар мерейтойлық медальдармен аталып өткенін айтсақ, артық болмас.
Біздің буынның маңдайына тәуелсіз еліміздің іргетасын қалап, керегесін бекіту сияқты тарихи міндеттерді атқару жазылған екен. Сансызбай Сейітжанұлының өмірінде Елорда ретінде қалыптасқан Астананың әкімдігінде еңбек етіп, қала құрылысын өркендетуге үлес қосқан сәттері маңызды орын алады. Тарихымызда алтын әріппен жазылатын алғашқы он жылда өте көп шаруалар атқарылды және құрылыс қарқынының шапшаңдығы таңғаларлық дәрежеде болып еді. Сол бір аса ауыр да, жауапты кезеңде қала әкімі болған Әділбек Жақсыбековтың осындай жауапты, күрделі жұмыстарды атқаруына өз төңірегіне кәсіби біліктілігі жоғары, іскер азаматтарды топтастыруының үлкен көмегі тигені анық. Бұл кезде еліміз нарыққа көшкеннен кейінгі өтпелі кезеңнің ауыртпалықтарын тартып жатқан. Сондай қиындықтарға қарамастан, астанасын көшірген қазақстандықтар халықтық үлкен асарды жаппай қолдап, игі іске белсене атсалысты.
Сансызбай Есілов он жыл бойы: 1997-2007 жылдар аралығында Астана әкімінің орынбасары, кейінірек бірінші орынбасары қызметін атқарды. Астананың өзіне тән сәулетімен айшықтанып, өркендеген кезі де дәл осы тұс болатын. Қала ауқымы да, тұрғындар саны да жылдам өсті. Елбасының тікелей басшылығымен және бақылауымен қаланың тарихи ескі бөлігі қайта жаңғыртылып, жаңа аумақтар игерілді. Ескі үйлер бұзылып, орнына заман талабына лайықты жаңа, сәулетті үйлер бой көтере бастады. Қаланы абаттандыру мен көріктендіру, көгалдандыру жұмыстары да үнемі ерекше назарда болды. Әлеуметтік нысандар мен аулаларды абаттандырудың, жол құрылысының арнайы бағдарламалары жасалып, қаланы қуатпен, сумен қамтамасыз ету, саябақтар мен гүлзарлар салу, қоршаған орта тазалығын жақсарту – бәрі басты назарда ұсталды.
Қала әкімдігінде С.Есілов осындай аса маңызды салаларға жетекшілік жасады. Қарбаласқа толы сол бір кездер туралы ол бүгінде зор ынтамен және бүкпесіз баяндауға қашанда әзір. «Астананың құрметті азаматы» атану мен үшін үлкен мәртебе. Қаланың көркейіп, дамуына қосқан азын-аулақ үлесімді ескергендеріне алғыс айтамын. Өмірімнің 30 жылы осы қаламен тығыз байланысты өткен екен. Әлі де жұмыс жасап келемін. Осы қалада өстім, оқып, еңбек еттім. Алғашында ауданда жұмыс істесем, кейінірек Целиноград облыстық партия комитетінде қызмет атқардым. 90-шы жылдары облыс әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік мүлік комитеті төрағасының орынбасары болдым. Содан кейін Ақмола облысы әкімі аппаратының жетекшісі болып қызмет еттім. Ал, Елордамызды Алматыдан Ақмолаға ауыстырған соң қала әкімі Әділбек Жақсыбековтың шақыруымен әкімдікке қызметке ауыстым. Қала әкімінің орынбасары болып мен жалпы алғанда, он жыл еңбек еттім. Қала құрылысы еліміз үшін аса ауыр экономикалық жағдайда өтті», – деп есіне алады ол өткен күндерді.
Ақмолалықтар әр қыс сайын пәтердің суықтығынан, электр қуатын жиі өшіріп тастаудан, газбен қамтамасыз етудегі іркілістерден зардап шегетін, ал жаз айларында ыстық су болмай қалатын. Осыған орай, астаналықтарды жылумен, электр қуатымен, таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін шешу қажет болды. Сондықтан, қалалық шаруашылықтағы қордаланған мәселелерді шешіп, жылу-электр орталығы қайта жаңғыртылды, сумен қамтамасыз ететін жаңа нысандар салынды, көше жолдары жөнделіп, абаттандыру жұмыстары қолға алынды.
– Мен қала өміріндегі аса ауыр кезеңде қызмет еттім, – деп есіне алады Сансызбай Сейітжанұлы. –Өзімнің Әділбек Жақсыбековтың командасында болғанымды мақтаныш етемін. Әкімдікке өз ісін жетік білетін білікті мамандар, іскер басшылар іріктеліп алынды. Олардың арасында Фарит Галымов, Асқар Мамин, Төлеген Мұхамеджанов, Анатолий Ченцов, Николай Тихонюк, Ахметолла Шәкіров бар.
Қаланың күрделі саласына жетекшілік ете жүріп, ол істі жедел шешуді қаматамасыз етті. Сала басшылары бірлесе жұмыс істеп, қиын мәселелерді жедел шешетін. Әкім барлық істі өз бақылауында ұстап, қатаң талап қоятын.
– Президент сенімінің үдесінен шығу үлкен міндет жүктеді, аянбай жұмыс істеуге тура келді, – дейді Сансызбай Сейітжанұлы. –Қала шаруашылығы аса қиын жағдайда еді. Жылу-электр орталығы көп жылдар бойы жөндеу көрмеген. Өтпелі кезеңнің ауыр жылдары қаланың барлық саласына зардабын тигізгендігі сезіліп тұрды. Қуат беретін кәсіпорындар банкрот деп танылып, жұмыс істеуі қиындай түсті. Су желілері әбден тозған еді, соған орай құбыр жарылып, апатты жағдайлар жиі болып тұратын. Елбасы қала жағдайы туралы жан-жақты және жақсы хабардар болды. Мемлекет басшысы тарапынан ұдайы қолдау көрсетіліп отырылды. Вячеслав су қоймасынан келетін үшінші желі тартылды.
Мемлекет басшысының ықпалымен, 1999 жылы Жапония сумен қамту жүйесінің қайта құрылысы бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие бөлді. Бөлінген қаржы есебінен су желілерін қуаттандыру және сорғылар кешенінің құрылыстары жүргізілді. Қазіргі күні астананы сумен және электр қуатымен қамтамасыз етуде проблема жоқ. Орын алған қиындықтарды еңсеруде және күрделі мәселелерді жоюда іскерлік пен табандылық көрсеткен Жұмабаев Айтмұқан Қазбекұлына, Нұркенов Жаңбыршы Есетұлына, Валерий Анатольевич Кушнаренкоға, Жақыпов Ғабидулла Қабдрахманұлына, тағы басқаларға алғыс айтқым келеді».
Қала тұрғындары әрбір жаз сайын ыстық сусыз қалған жағдайлар болды. Байырғы тұрғындар «геологтар даңғылы» аталып кеткен Жеңіс даңғылында жыл сайын жылу желілерінің ауыстырылған кезді жақсы біледі». Соған қарамастан «сақалды» проблеманы шешу мүмкін болды. Сансызбай Сейітжанұлының айтуынша, жылу желілерін жөндеуге қатысты келісім шарттарына қол қойған кезде, ыстық сумен қамтуды елеулі қаржы шығынынсыз, қолайлы уақыт схемасымен шеше білдік. Осының нәтижесінде, қолайсыздық пен реніш тудырып келген жыл сайынғы проблема оңтайлы шешілді. Ол жұмыстар жүргізіліп жатқан жерде болып, қолайлы техникалық шешімдер қабылдануына тікелей қатысты. Бұл орайда, ол кешенді түрде шешілуге тиісті өзекті мәселелердің өн бойына терең бойлай білді. Өркендеп өсе түскен астананы қатты отынмен қамтамасыз етуде, оны дер кезінде сатып алуға қатысты мәселелер де бой көрсетіп отырды. Бұл жерде де тиімді дипломатия көмекке келді – келіссөздерден кейін мәселе оң шешімін тауып жатты. Көмір беделді кісінің адал сөзімен жеткізіліп тұрды. Өңірлер де ықпалдасып, жас астанамыздың бой көтеру кезеңінде көп көмегін тигізді. Астананың іргесі қалай қаланғанын еске ала отырып ол: «Әкімдіктегі апталық ілездемелерде ағымдағы мәселелер талқыланып, қала тіршілігіне мониторинг жасалып, қалалық билік жедел ақпараттармен қамтылып отырылды», – дейді сөзін толықтырып. Президент 2001 жылы іс барысындағы мәжілісте астананы абаттандыруға қатысты сын айтумен бірге, «Қаланы саламыз. Басты мәселе – Астананың ылайықты азаматтарын тәрбиелеу» деген тапсырмасын ұмытқан емес. Сөз арасында айта кетейін, астана тұрғындарының жалпы мәдениеті тақырыбы, қазірше күн тәртібінен түскен жоқ.
Сансызбай Есілов 2007 жылы парламенттік сайлауға қатысып, ІV шақырылған Қазақстан Парламенті Мәжілісі депутатының мандатын алды. Оның ТМД Парламентаралық ассамблеясы қызметіне белсенді қатысуы мемлекеттік наградамен атап өтілді. 2012 жылы ол астаналық мәслихат хатшылығына сайланды. «Мәслихат хатшысы қызметін атқару арқылы өзімнің қолайлы ортамды тапқандай болдым, адамдармен жұмыс істеудің жаңа тәсілдерін енгіздім, депутаттар қызметін топтастыруға талпындым», – дейді Сансызбай Сейітжанұлы.
Сансызбай Есіловтің жай кездегі мінезі – Есілдің ерке ағысындай жайлы болғанымен, тасқындар ойнаған сәтте буырқанып, жағалаудан шығып кетуі де мүмкін. Оның өткір көзі рентген сияқты адамның көңіл-күй мен болмысын дәл ажыратады. Бұл мінез отбасылық дәстүрлер ұстанымындағы балалық шақтан бастап қалыптасқан. Қатал – майдангер әкесі үйге тек 1950 жылы оралған. Анасы – мұғалім. Ұлағатты әжесі үлкендерді құрметтеуге, ізеттілікке үйретті. Оның ақылды кеңестерінің пайдасы зор болды. Жақсы сөйлеу, өзін үлгілі ұстай білу балалық шақтың өнегесі. Әжесінің тәрбиесі, руханилықтың алғашқы сабақтары, адалдық пен аңғарымпаздық өнегесі үнемі есте ұсталып, оның өмірлік ұстанымына айналды. Ауыл тіршілігіндегі еңбекке ерте араласты. Алты ұлдың ішіндегі үлкені болғандықтан, одан сұраныс та жоғары болғаны анық. Інілері еңбекқор да талапкер ағаларына теңелуге тырысты. Осынау асыл қасиеттер еңбексүйгіштікке, көшбасшылыққа себепші болды. «Көп оқуға, әлемді танып білуге тәрбиелеген анама шексіз рахметімді айтамын. Оқуға құмарлық – білім адамның қуаты, оның қаруы, адам білімді болған сайын кәсібі біліктілігің жоғарылай түсетінін білдім. Бірақ, бұл табанды еңбекке арқа сүйегенде ғана өзінің күткен жемісін береді»,– дейді ол. Осынау ұмтылыстардың жай кетпегенін көреміз. Целиноград темір жол техникумында оқу әке қалауы еді. Одан кейін әскер қатарында шыңдалу мектебінен өтті. Еңбек жолын теміржолшылықтан бастады. Целиноград құрылыс инженері институтын өндірістен қол үзбей жүріп бітіріп, кәсіби білімін толықтырды. Еңбек етіп, туысқандарына көмектесті. Жоғары білімді, өндірістік тәжірибесі бар, әскери шынығудан өткен жас жігіт Астрахан аудандық партия комитетінің нұсқаушылығына шақырылды. Бұл оқиға оның өмір тағдырына қуанышты өзгерістер әкелді. Ендігі жерде партиялық ғылымды игеру талабы қойылды.
Білімі мен кәсіби біліктілігін арттыруға ынталы Сансызбай Есілов Алматының жоғарғы партия мектебін бітіреді. Содан кейін партиялық қызметке ұсынылып, алдымен Теңіз аудандық партия комитетінің хатшысы, содан кейін Целиноград облыстық партия комитеті бөлім меңгерушісінің орынбасары болды. Осылайша ол сол кеңес заманында жеке тұлға ретінде қалыптасып, басшылық пен ұйымдастырушылық қасиеттерді бойына орнықтырды. Өндіріс саласы мен экономиканы (экономика ғылымдарының кандидаты дәрежесі бар) және әлеуметтік саланы жақсы білетін азамат өзінің бойындағы алғырлық қасиеттерінің арқасында қызмет баспалдағымен батыл алға жылжыды. Астана көшіп келген жауапты кезеңде Сансызбай Сейітжанұлы сияқты өзін нақты істе барлық қырынан көрсеткен білікті де іскер адамдар қажет болған еді. Осының бәрі оны лайықты еңбек нәтижелеріне жеткізіп, айналасындағыларға танымал ете түскені анық.
Астананың патриоты ретінде Сансызбай Есілов ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі қарсаңында сервистік қызмет өкілдерін сапалы қызмет көрсетуге шақырған болатын. Өзі басқаратын қоғамдық кеңес арқылы қаланы абаттандыруға белсене атсалысуға үндеп, дәстүрлі экологиялық шараларды ұйымдастыруға шақырған оның бұл әрекеті ескерусіз қалмады. Елорданы ғана емес, жалпы елімізді әлемге танытатын айтулы шараны жоғары деңгейде өткізуге ол осылайша өз үлесін қосты.
Қоғамдық кеңесте қала өміріне қатысты маңызды мәселелер талқыланып, түйткілді мәселелерді шешуге назар аударылып жатады. Мәселен, медициналық қызмет көрсетудің жайы жан-жақты сөз болып, бұл саланың қызметін жақсарту мәселелері талқыланғанын атап өтуге болады. Денсаулық сақтау, қоршаған орта тазалығы, білім сияқты салалардың қызметі әркімді де толғандырмай қоймайды. Жария талқылаудың нәтижесі – жауапты адамдармен, қатысушылармен еркін пікір алмасу. Осындай шараларда Сансызбай Есіловтың бұл саладағы тәжірибесі үлкен көмегін тигізеді. Адамдармен жұмыс істеу білімділік пен үлкен күш-қуат жұмсауды қажет етеді. Оның бойынан осындай қасиет үнемі табылып жатады. Қоғамдық кеңестің бір отырысында ол қаланың ағаштарын сақтау мәселесіне қатысты коммуналдық қызмет атына сын айтты. «Астана көшіп келген жылдар ішінде біз қаншама ағаш көшеттерін отырғыздық. Қаланы көгалдандыруға жыл сайын бюджеттен қыруар қаржы жұмсап жатамыз. Осыған орай, сол ағаштарымыздың қурап қалмай, жайқалып өсуі үшін қалалық қызметтер жауапкершілікті мойындарына ала отырып, міндеттерін айқындап алуы тиіс», – деген еді ол.
Астаналық ардагерлер кеңесі үшін ардагерлер ұйымының 30 жылдығы мерейтойлық жылы мақсатты жұмыстармен өтті. Алдын ала жоспарланған шаралар аға ұрпақтың белсенділігін анық байқатты. Жас ұрпаққа өнегелі тәрбие беруде ардагерлердің атқарып жатқан жұмыстары аз емес.
Сансызбай Сейітжанұлы ел тарихына, соғыс, еңбек ардагерлеріне құрметпен қарайды. Елбасының стратегиялық бағдарламаларына орай ол жергілікті баспасөзде үн қосып, өз пікірлерін білдіріп отырады.
«Кіші Отан» бағдарламасы балабақшалардан бастап мектептерге дейін енгізіліп, оқыту барысына туған өлкенің тарихы, белгілі тұлғалармен кездесулер, отбасылық құндылықтарды насихаттау жұмыстары жүргізілуі керек. Елордамызды тұрғызуға атсалысқан құрылысшылар жайында жазып, солардың өмірі арқылы жастарға адамгершілік қасиеттерді насихаттау қажет. Қалалық кеңес төрағасының бастамасымен соғыс және еңбек ардагерлері, қоғамдық пікір туғызған Елорда тұрғындары жайлы мақалалар жарық көріп тұрады. Қалалық ардагерлер кеңесі қазіргі жағдайда экстремизм мен терроризмге қарсы күресте ардагерлердің рөлі тақырыбында дөңгелек үстел мәжілісін ұйымдастырды. Ардагерлер кеңесі төрағасының пікірінше, шағын орталықтарға балаларды шақырып, олармен әңгімелесіп, түрлі интеллектуалды ойындарға қызықтырудың да маңызы зор.
Ардагерлер ұйымы басып шығарған «Ардагерлерге денсаулықтарын сақтау үшін көмектесу» еңбегі көптеген қарт адамдарға оқырлықтай дүние бола алады. Сонымен қатар, егде жастағылар арасында спорттық жарыстар ұйымдастырудың да пайдасы бар. Жеңіс күні, Қарттар күні – қалалық кеңестің төрағасы үшін ерекше күндер болып табылады. Сансызбай Есіловтің тақырыптық шараларды ұйымдастыру және өткізу туралы бастамалары үнемі қалалық құрылымдар тарапынан қолдау табады. Бұл күндері ұрпақтар сабақтастығы, зейнеткерлердің белсенділігі анық байқалады. Сансызбай Сейітжанұлы «Көмекке мұқтаж зейнеткерлерге қол ұшын беру аса маңызды», – деп есептейді.
Міне, біздің кейіпкеріміз осындай, өз ісіне берік, айналасындағы жандарға үнемі көмектескісі келіп тұрады. Ал, отбасында сыйлы, балаларына жақсы тәрбие бере алған қамқор әке. Немерелерінің мейірімді атасы, отбасының мақтанышы. Ол кісі бар өмірін еңбекке арнады. «Астанамыз күн сайын құлпырып келеді. Өзім осы өлкеде туып өссем де, кейде бейтаныс орындарды көріп, Елордамды танымай қаламын. Оның әсемдігін көріп, кеудемді зор мақтаныш сезімі кернейді», – дейді Сансызбай Сейітжанұлы. Иә, шынымен де солай, жиырма жылдың ішінде көптеген өзгерістер болды. Есілдің жағасындағы астанамыз ірі мегаполиске айналды.

Раиса АҒЫБАЕВА,
Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар