«Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтарының слеті өтті

Жас ұрпақтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыру мақсатында Зеренді ауданының «Парус» демалыс орталығында «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтарының үшінші облыстық слеті өтті.

Іс-шараны Ақмола облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті мен облыстық ішкі саясат және білім басқармалары ұйымдастырды. Екі күнге созылған слетке облыстың 19 өңірінен жиналған 100-ден астам оқушы қатысты. Олардың ішінде «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтарының мүшелері мен оқушылар арасындағы жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша қалалық және аудандық конкурстардың жеңімпаздары бар. Сонымен қатар, «Адал ұрпақ» мектеп клубтарының аудандық және қалалық қоғамдастықтарының басшылары, қоғамдық бірлестіктер мен қорлардың өкілдері қатысты.
Ақмола облысы бойынша жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Арман Бердалин шараға қатысқан балаларға сәттілік тілеп, оларды жемқорлықтың жат көріністеріне төзбеушілік танытуға шақырды.
«Қазіргі заман – білім мен ғылым заманы. Сол себепті, сендердің міндеттерің – жақсы оқу, еліміздің адал және парасатты азаматтары ретінде қалыптасу. Сендердің қазіргі таңда дамыған, бәсекеге қабілетті әрі заманауи Қазақстанның қалыптасуына өз үлестеріңді қосуға мүмкіндіктерің бар» – деп атап өтті Арман Бердалин.
Слеттің бағдарламасы өте қызықты болды. Шараның алғашқы күнінде облыстың барлық мектептерінде ашылған парасаттылық және адалдық мектептерін қолдауға бағытталған «Жарқын болашақ» атты би марафоны өтті. Бұдан кейін оқушылар топтарға бөлініп «Адал жол» квест-ойынына қатысты. «Адал ұрпақ» клубтарының «PechaKucha» форматындағы презентациялық жобаларды таныстыру рәсімі, спорт жарыстары, коуч-бапкерлердің және менторлардың қатысуымен шеберлік сағаттар өткізілді. Қатысушыларға «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтарының үшінші облыстық слетіне қатысқаны үшін арнайы сертификаттар табысталды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар