Ашық күндерді тиімді пайдалана білу керек

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша бүгінгі таңда 1251,6 мың гектар жердің егіні орылып, 1264,4 мың тонна астық бастырылды. Бұл көрсеткіш 4 миллион 384 мың 400 гектар дәнді және бұршақты алқаптың 28 пайызын құрайды. Әзірше, әр гектардан орташа 10,3 центнерден өнім жиналуда.

Биылғы жылғы егін орағы ауа райының қолайсыздығынан кеш басталды. Қазір бұл науқанда 8,4 мың астық жинайтын комбайн, оның 3518-і қазіргі заманғы өнімділігі жоғары комбайн, 2504 жатка, 4708 жүк автокөлігі, 7730 трактор тіркемесі пайдаланылуда. Биыл 114 жаңа астық жинайтын комбайн, 254 трактор сатып алынғанын атап өткен жөн. Қазір өңірдің 494 механикаландырылған қырманындағы жұмыс қарқын ала бастады. Қолда бар ауыл шаруашылығы техникасы мен алқапты есепке алғанда бір комбайн 521 гектар жердің астығын жинауы тиіс. Осы орайда, орақ жұмысын 26 жұмыс күнінде аяқтап шығу жоспарланған болатын. Бірақ, екі апта бойы толассыз жауған жауын диқандардың жұмысына кедергі болды. Белгіленген жос-
парды екі ауысымдық жұмысты ұйымдастыру арқылы орындауға болады.
Облыс бойынша күзгі дала жұмыстарын өткізу үшін 72 мың тонна кепілдендірілген дизель отыны, 3,8 мың тонна дизель майы, 7,1 мың тонна бензин бөлінген еді. Бүгінгі таңда 52,1 мың тонна дизель отыны, дизель майы мен бензин толық тасымалданды. Биылғы жылдың астығын 69 астық қабылдау кәсіпорны қабылдауда. Бұл кәсіпорындар 4,6 миллион тонна астық сақтай алады. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы құрылымдарында 2 миллион тонна астық сақтайтын қоймалар, 230 астық кептіргіш бар. Мамандардың 3 миллион тоннаға жуық ылғалды астық түседі деген болжауын есепке алсақ, бұл кептіргіштермен астықты толық кептіруге болады. Осы орайда, биылғы жылғы жаңа астық жақсы сақталады деген сенім мол. Қазір облыстың элеваторларында 728,5 мың тонна астық сақталуда. Оның 381,5 мың тоннасы жаңа астық.
Есіл ауданының диқандары орақ жұмысын 13 қыркүйекте бастаған екен. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Қайрат Ахметжановтың айтуынша, 115,5 мың гектар алқаптың егіні орылып, 88,2 мың тонна астық бастырылған. Гектар берекесі 10,6 центнерден айналуда.
–Ауданның ауыл шаруашылығы саласында 42 серіктестік, 122 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Биыл диқандар 439,7 мың гектар алқаптың астығын жинап алуды жоспарлап отыр. Оның ішіне 20 мың 237 гектар жердегі майлы, 33 мың 618 гектар алқаптағы азықтық дақылдар, 371,2 гектар жердегі картоп, 109,8 гектар алқаптағы көкөніс кіреді. Орақ науқанында 846 астық жинайтын комбайн, оның 142-сінің өнімділігі жоғары, 272 трактор, 246 автокөлік пайдаланылуда. Биыл 14 комбайн, 16 трактор сатып алынды. Ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдарына 7 мың 150 тонна кепілдендірілген дизель отыны бөлінген. Оны тасымалдаумен екі оператор айналысады. Бірақ, оператор болып саналатын «Петро кz» кәсіпорны өз міндеттемесін орындамай отыр. Соның салдарынан бүгінгі таңда тек қана 4 мың 119 тонна сұйық отын тасымалданып алынды. Ауданның 7 элеваторы мен 3 астық қабылдау кәсіпорны астық қабылдай бастады,–дейді бас маман.
Рамазан ТІЛЕУОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар