Орманды отап опа таппаспыз!

Аңызға айналған абыз даламыздың көрікті өңірлерінің бірі – Көкшетау. Қойнауында шежіре тұнған Бурабайдың өзі бір төбе. Ал, даласында сағым ойнаған Арқаға қарай аяқ бассаң алдыңда, қарағайлы орманы көз тартып Зеренді жатыр. Көкше қыратының солтүстігін алып жатқан ауданымыздың әсем табиғаты талайдың көзайымына айналғаны анық. Жер талғап өсетін қарағайлар сап түзеп, ұсақ шоқылы жазықты белестері қайыңнан алқа тағып, тал-терегі тамырын тереңге жайып, айналамыздың сән-салтанаты жарасып-ақ тұр. Керемет табиғатымен еріксіз еліртетін Зеренді ауданының Молодежный ауылының табиғаты бір төбе.

Орманның айналадағы қоршаған ортаға да үлкен əсері бар, əсем тауларымыз бен ормандарымыз арнайы тынығу орнына айналған. Біздің орман-тоғайларымыз жанға дауа болумен бірге жеміс-жидек, дəрілік өсімдіктерге де бай. Қарақат пен бүлдірген, мойыл мен долана – орман сəні. Сонымен қатар, 1 гектар орман 1 гектар ауыл шаруашылығы алқабына қарағанда 3-10 есе оттегіні көп шығарады. Орман ішіндегі ауада қаладағы ауаға қарағанда əртүрлі микробтар 40-70 есе аз. 1 гектар орман жылына 50-70 тонна шаң-тозаңды тазартады. Табиғат əлемі бір-бірімен тығыз байланыста. Олар бірінсіз-бірі тіршілік етіп, өмір сүре алмайды. Осы байлықты ел пайдасына айналдыру – біздің негізгі міндетіміз. Адамның табиғатқа əсері мыңдаған жылдар бойында қалыптасқан табиғи жүйелерді өзгерту, сондай-ақ топырақты, су көздерін, ауаны ластау арқылы жүзеге асуда. Бұл табиғат ахуалының күрт төмендеуіне əкеліп соқты, көп жағдайда орны толмас зардаптар қалдырды. Бүгінгі таңда шұғыл шешуді қажет ететін көкейкесті мəселелердің бірі – қоршаған ортаны аялап-сактау, дұрыс пайдалану болып отыр. 1989-1990 жылдардан бастап еліміз табиғат пайдалануды реттеудің экономикалық əдістерінің дамуына, жергілікті басқару органдарының құқықтары мен өкілеттіктерінің кеңеюіне бет қойды. Орман қорғау ісіне ерекше көңіл бөлініп, ондағы өсімдіктер мен аңдарды қорғау ісі жақсартылуы көзделуде.
Ерекше қорғалатын табиғат аумақтарының саны мен көлемі артып, оларды бақылау ісі жақсартылу үстінде. Қазір қолданылып жүрген Орман кодексі 1993 жылғы болса, одан бергі жылдары Конституция мен Азаматтық кодекс жаңадан қабылданғандықтан жəне орман қорғау мен орманға қатысты қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеуді жақсарту мақсатында жаңадан Орман кодексін бекіту туралы заң жобалары дайындалуда. Соңдай-ақ, ағаштарды өз еркімен шабуға жауапкершілік арттырылды. Отын дайындаудың құны 6-8 рет артты, заңсыз ағаш шабуға айыппұл көлемі 10 есе арттырылды жəне ол үшін қылмыстық жауапқа тарту белгіленді.
Əр нəрсенің жауы бар демекші, осы əсем дүниені түп орнымен құртып жіберетін орманның үлкен жауы өрт жиі болып тұратыны ащы шыңдық. Өрт қашан болсын қауіпті. Солардың ішінде орман өрті ең қатерлі апаттардың бірі. Оны ауыздықтау өте қиын, əсіресе, құрғақ жаз маусымында болған өрттер орнында қап-қара алаңқайлар, кей кезде үлкен қара дала қылады. Оны сояу-сояу болып тұрған күйген ағаштар түбірлері мен бұтақтары өте ұсқынсыз етіп жібереді. Ағашпен бірге қаншама құнды өсімдіктер түбірімен жойылады, аңдар күйіп, қашып құтылғаны қайда барарларын білмей сасады. Өніп келе жатқан жас өскін күйіп кетеді, өнуі мүмкін түбіртектер мен орман ішіндегі өсімдіктер жойылады. Өрт орманды жалмап болып, төңіректегі далаларға, егістікке, ауылдарға қауіп төңдіреді. Əлемдік статистика өрттердің үш пайызы ғана найзағайдан немесе өзге табиғи себептерден болады, қалғандарына адамдардың өздері кінəлі болады дейді. Орман өрттері орманы аз біздің облысымыз үшін ең қауіпті жауымыз. Орманды өртен сақтау үшін оны өзімізден бастау керек.
Әр азамат табиғатқа өз үлесін қосса, болашақтағы өмір өз қолында екенін түсінеді. Бұл мамандықты таңдауыма ең әуелі өмір сүріп жатқан елімнің әсем де, көрікті табиғаты әсер етті. Табиғат – адам жанымен егіз ұғым. Ал, оны қорғай білу жауапкершілікті іс деп білемін. Демалыс орындары мен орман аумақтарына барушы құрметті азаматтар, табиғатты қорғаңыздар жəне барлық жанды тіршілік иелеріне ұқыптылықпен қараңыздар. Себебі, табиғаттың байлығын қорғамасақ –
ол экологиямыздың бұзылуына əкеліп соғады. Ал, экологиямыздың бұзылуы, бұл жалғыз аймақтың емес, бүкіл Қазақстанның проблемасы болып табылады. Ал, мән бермей жасаған ісімізден жер азғындап, өрттің экологиялық зияны төңіректің бəрін шарпиды. Осыларды ескере отырып, қала, ауыл жұртшылығынан қоршаған ортаға деген қамқорлықты арттыруды сұраймыз. Өзіміз демалатын жеріміздің тазалығына көңіл бөліп, өрттің шығуына жол бермейік дегім келеді

Тетейхан МОЛДАБЕК,
Ақмола облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының «Бұқпа» орман шаруашылығы мемлекеттік коммуналдық мекемесінің орман шебері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар