Әкім мектеп ауласына ағаш екті

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев өткен бейсенбі күні Көкшетау қаласындағы №13 «ЭКОС» экологиялық мектеп-гимназиясында

«Экология және адам» атты тақырыпта өткен экологиялық сағатқа қатысып, оқушылармен бірге білім ошағының ауласына ағаш көшеттерін отырғызды. Айта кетейік, бұл күні мұндай шара облысымыздың барлық мектептерінде өтті.

Жиырма жылдық тарихы бар №13 «ЭКОС» экологиялық мектеп-гимназиясы облысымыздағы экологиялық бағытта білім беретін бірден-бір мектеп болып саналады. Осында арнайы келген облыс әкімі Ермек Маржықпаев алдымен мектеп фоесінде орналастырылған көрмені ташалады. Содан кейін экологиялық сағат барысында оқушыларға облыстағы экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында қандай шаралар атқарылып жатқанын, астананың айналасындағы жасыл белдеу, жасыл экономика, қала мен елді мекендерді көгалдандыру жұмыстары жайлы айтып берді.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында мемлекетіміздің одан әрі дамуының негізгі бағыттарын айқындады. Ал, елдің дамуы экологияны сақтау мәселелерімен тығыз байланысты. Өйткені, жер біздің ортақ үйіміз. Табиғатты, экологияны қорғау – біз үшін өте маңызды. Бұл бағытта еліміз бо-йынша үлкен жұмыстар атқарылуда. Соның бірі – «Жасыл ел» бағдарламасы. «Бірге – Таза. Қазақстан» акциясы да үлкен қолдау тапты. Мемлекет басшысы Үкіметтің экологияны жақсарту, баламалы энергия көздерін пайдалануды кеңейту, қоршаған ортаны сақтау ісін дәріптеу жұмыстарын жандандыру керектігін айтып, науқанды одан әрі жалғастыруды тапсырды. Бүгінгі экологиялық сағат та осы бастаманың жалғасы іспетті. Жастар, сіздерді туған өлкеміздің табиғатына қамқор болуға шақырамын, – деді облыс әкімі оқушылар алдында сөйлеген сөзінде. Одан әрі оқушыларға Нұр-Сұлтан қаласының айналасындағы бірегей жасыл белдеу жайлы бейнебаян көрсетіліп, осы ретте облыс әкімі бүгінгі таңда Шортанды ауданынан бастап Щучинск қаласына дейінгі үлкен алқапты көгалдандыру және Бурабай курорт аймағы мен облыс орталығын жалғайтын жасыл белдеуді қосу жұмыстары жалғасып жатқанын тілге тиек етті. Жалпы көлемі 1300 гектар аумаққа ағаш көшеттері отырғызылады.
– Ағашты күтіп, баптау – үлкен еңбек. Жаңа егілген ағаш көшеттері ну орманға айналуы үшін қаншама жылдар керек. Бұл еңбектің барлығы ғылымның арқасында ғана жүзеге асады. Сол себепті, жастар аға ұрпақтың еңбегін қадірлеп, қоршаған ортаға қамқор бола біліңдер, ғылыммен айналысыңдар. Облысымыздың Ақкөл ауданында үлкен орман бағын аштық. Бүгінде онда өсімдіктердің шамамен 57 түрі өсіріледі. 2023 жылға қарай біз осы орман бағынан облысымызға жетерліктей ағаш көшеттерін аламыз деп жоспарлап отырмыз, – дей келе, Ермек Маржықпаев оқушылардың қойған сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ, биыл мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерді жас экологтар сапына салтанатты қабылдау рәсіміне қатысып, оқушылармен естелік суретке түсті.
Қоршаған ортаны қорғау, таза ұстау мәселелері экологиялық сағатта кеңінен сөз етіліп, оқушылар өздерінің жобаларын таныстырды. Шараны жүргізген аталмыш мектеп-гимназиясының жоғары санатты педагог-зерттеушісі Құралай Әбдосова экологиялық білім және тәрбие беру бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатқандығын әңгімелеп берді. 1998 жылы мектепке экологиялық мектеп-гимназиясы мәртебесі беріліпті. Содан бері заманауи қоғамда экологиялық проблемаларды шешуге үлес қосатын, Табиғат-Анаға жаны ашитын шәкірт тәрбиелеу білім ошағының басты міндетіне айналған. Мектеп ұстаздары «Экологиялық даму» бағдарламасын жасап, қолданысқа енгізген екен. Сондай-ақ, мұнда оқушылардың «ЭКОС» деп аталатын ғылыми қауымдастығы жұмыс істейді. Жиырма жылдың ішінде 40-тан астам экологиялық жоба қорғалып, облыстық және республикалық деңгейде жүлделерге ие болыпты.
Бұл күні облыс әкімі жоғары сынып оқушыларымен бірге мектептің жанында 15 түп ғаш көшеттерін отырғызды. Осы орайда айта кетейік, облыстық білім басқармасының мәліметінше, биыл Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Білім және ғылым министрлігінің бас-тамасымен осындай кең ауқымдағы бірінші рет ұйымдастырылып отырған шара облысымыздағы 126 мың оқушы білім алатын 557 мектепті қамтыды. Облыс бойынша шамамен, 10 мың түп ағаш көшеттері отырғызылды.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар