Халықаралық қарттар күніне арналған салтанат

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев «Көкшетау» мәдениет сарайында Халықаралық қарттар күніне арналған салтанатты шараға қатысып,

қазыналы қарияларға жылы лебізін білдірді және облысымыздың дамуына сүбелі үлес қосқан бірқатар аға буын өкілдеріне Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етті.

1990 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы қазанның алғашқы күнін Халықаралық Қарттар күні деп жариялаған болатын. Содан бері елімізде жыл сайын Қарттар күні атап өтіледі.
– Құрметті жерлестер, ардақты ардагерлер! Сіздерді Қарттар күнімен шын жүректен құттықтаймын. Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Халқымызда «Қариясы бар елдің, қазынасы бар» деген дана сөз бар. Аға ұрпаққа шексіз ризашылық белгісі ретінде біздің елімізде қарияларға арналған мереке қазан айы бойы жалғасады. Қарияларға қажетті жағдай жасау – біздің басты борышымыз. Бейбітшілікті сақтау, егемен елді көркейту жолында Сіздер еңбектің жарқын үлгісін көрсеттіңіздер. Жастар адамгершілік, отансүйгіштік секілді асыл қасиеттерді ардақты ардагерлер, Сіздерден үйренеді, – дей келе, облыс әкімі өз сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қарттарға қамқорлық жасауды сайлауалды бағдарламасына енгізгенін, бүгінгі таңда облыс аумағында жұмыс істеп тұрған ірі кәсіпорындар аға ұрпақтың арқасында тұрғызылғанын атап өтті.
Келер жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 75 жыл толады екен. Бүгінгі таңда облыс аумағында 43 соғыс ардагері, 5 мыңға жуық тыл еңбеккері тұрады. Сонымен қатар, бір мыңға тарта соғысқа қатысушыларға теңестірілген жерлестеріміз бар. Облыс әкімі Ермек Маржықпаев қарттарды әлеуметтік қолдау одан әрі жалғасатынын айтты. Қазіргі таңда шамамен 5 мың қарт арнайы әлеуметтік қызмет түрлерімен қамтамасыз етілген. Жыл сайын Ұлы Жеңіс күні қарсаңында аудандық және облыстық бюджет есебінен ардагерлерге материалдық көмек көрсетіледі.
Мерекелік шара барысында бір топ қариялар Ақмола облысы әкімінің Алғыс хаттарымен және естелік сыйлықтарымен марапатталды. Солардың қатарында Ақкөл ауданы Наумовка ауылдық округінің бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Қайырбек Мұқанов, Ерейментау ауданының құрметті азаматы, еңбек ардагері Қайыркен Жақып, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Күміс Мұратбекова, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген энергетигі, Есіл ауданының тұрғыны Арыстан Әбдірахманов, Целиноград ауданының тұрғыны, бар ғұмырын медицина саласына арнаған ақсақал Сегізбай Жахин де бар. Өз кезегінде қариялардың атынан сөз алған білім саласының ардагері Қаламқас Мұхамедина облыс әкіміне мереке қарсаңында қарттарға көрсетіп отырған сый-құрметі үшін алғысын білдіріп, жауапты қызметінде табыс тіледі. Ал, Атбасар аудандық ардагерлер кеңесі президиумының мүшесі Аубакир Хато-евич шешен-ингуш халықтарының атынан қазақ халқына ризашылығын білдірді. Қарттар күніне арналған салтанатты шара мерекелік ән-шашуға ұласты.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар