Қопада төрт адам құтқарылды

«Көкшетау» жедел-құтқару жасағының 112 телефонына облыс орталығындағы Қопа көлінде адамдарды құтқару үшін құтқарушылардан көмек қажет деген хабарлама келді. Сол күні бірнеше адам қайықпен көлге шығады. Жел оларды жағалаудан ұзақтатып алып кеткен. Қайықты қанша ескенімен, қарсы соққан жел оларды алға бастырмайды.

№4 құтқару бөлімшесінің төрт құтқарушысы Рүстем Мұжыпов, Қазыбек Ысқақов, Зейнет Шаймұханов және Әсет Ысмайылов дереу моторлы қайыққа отырып, бірнеше минуттан кейін оқиға орнына жетті. Оқиға орнында құтқарушылар ер адамның қайықтан суға құлап, жағаға жүзіп кеткенін, ал, әйел мен екі кәмелетке толмаған баланың қайықта қалғанын анықтады. Алдымен құтқарушылар суға кеткен ер адамды судан алып шықты. Суық су өтіп, қатты жаураған оны дереу қайыққа отырғызып, жылы орап тастады. Содан кейін катермен қайықты жағалауға сүйреп шығарды. Жасақтың медбикесі Наталья Данилецкая оларға психологиялық және медициналық көмек көрсетті. Осы кезде шақырылған «Жедел жәрдем» көлігі келіп, құтқарылғандар дереу ауруханаға жеткізілді.
Ауруханада құтқарылғандарға қажетті медициналық көмек жасалды. Оқиғаның себебі – зардап шеккендердің ауа райына немқұрайлы қарауы және судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамауы болғаны анықталып отыр. Қайықта болған адамдарда құтқару дөңгелегі мен жилеті сияқты құралдар да жоқ екен. Егер кезекші құтқарушылармен жедел көмек көрсетілмесе, бұл оқиға бақытсыздықпен аяқталуы әбден мүмкін еді.
Ақмола облысының жедел құтқару жасағы күзде су айдындарында қауіпсіздік техникасының негізгі ережелерін ескеріп жүруге кеңес береді, әйтпесе өз өміріне және жақын адамдарының өміріне немқұрайлылықпен қарау қайғылы салдарға әкелуі мүмкін.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар