Өңірді өркендетудің маңызды мәселелері қаралды

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың қатысуымен «Ақмола облысының аумағын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру және проблемалық мәселелер туралы» «Nur Otan» партиясының депутаттық фракциясының кезекті жиналысы болып өтті.

«Nur Otan» партиясының фракция мүшелері алдында Ақмола облысының әкімі, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы Ермек Маржықпаев баяндама жасап, тұрақты экономикалық дамуды қамтамасыз ету және Ақмола облысының аумақтарын дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасында көрсетілген нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша жергілікті орындарда жүргізіліп жатқан жұмыстар өңір тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсартуға бағытталғанын атап өтті.
– Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасы бойынша әзірленген «Nur Otan» партиясының 2030 жылға дейінгі «Берекелі қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» бағдарламасы («Nur Otan» партиясының XVIII съезінде 2019 жылғы ақпанда қабылданған) қазақстандық азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған болатын. Ағымдағы жылдың 9 айының қорытындылары бойынша облыс экономикасы 6 пайызға, ең алдымен нақты сектордың есебінен өсті. Өткен жылмен салыстырғанда өнеркәсіптегі өсім 102,4 пайыз, ауыл шаруашылығында – 106,5 пайыз, құрылыс саласында – 118,1 пайызға өсіп отыр. Бұл, еліміз бойынша төртінші көрсеткіш. Экономика саласына 236 миллиард теңге инвестиция тартылып, өсім 109,5 пайызды құрады. Инвестициялардың негізгі көздері жеке инвестициялар болып табылады.
Қазіргі уақытта 60 индустриялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл аймақ экономикасына шамамен 400 миллиард теңге тартуға және 3,5 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Оның ішінде құны 178 миллиард теңгенің 19 жобасы Индустрияландыру картасына енгізілген, – деді облыс әкімі өз баяндамасында. Сондай-ақ, ірі жобалардың ішінде қуаттылығы жылына 6 тонна алтын өндіретін тау-кен металлургия кешенінің құрылысын атауға болады, – деді өңір басшысы. Бұл – «RG Processing» серіктестігі, жоба құны 105 миллиард теңге. Жобаның іске қосылуы аймақтың түсті металлургия саласындағы жетекші позициясын нығайтуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда облыс жылына 30 тоннаға дейін алтын өндіреді бұл республикалық көлемнің үштен бір бөлігін құрайды. Оған қоса, баламалы энергетика саласында, жалпы қуаты 280 МегаВаттық күн және жел электр станцияларын салу бойынша 4 жоба қарастырылған.
Сонымен қатар, экономиканың түрлі салаларында шетелдіктердің қатысумен жалпы құны 190 миллиард теңге болатын 11 жоба жүзеге асырылуда. Бұл Ресеймен, Қытаймен, АҚШ-пен, Сауд Арабиясымен және басқа да елдермен бірлескен жобалар. Ағымдағы жылдың 9 айында сыртқы инвестициялар көлемі 2018 жылдың кезеңімен салыстырғанда 158 пайызға өсіп, 16,3 миллиард теңгені құраған. Алайда, төмен инвестициялық белсенділік облыстың 6 ауданында байқалған. Олар: Ерейментау (60,3 пайыз), Бұланды (63,5 пайыз), Есіл (64,5 пайыз), Қорғалжын (71,5 пайыз), Жақсы (79,9 пайыз) және Аршалы (95,8 пайыз) аудандары. Ал, аграрлық секторда ауыл шаруашылығы саласына салынған инвестициялар өткен жылғы деңгейден 1,5 еседен асып, 40 миллиард теңгеден жоғары көрсеткішті құрап отыр.
Ел Президенті өзінің биылғы Жолдауында айтқандай, қала мен ауылды дамытудың негізі тиімді көзі шағын және орта бизнес болып табылады. Бұл салада облыстың жұмыс істейтін халқының үштен біріне жуығы қамтылған. Ол 125 мың адамнан асады. «Бизнестің жол картасын» жүзеге асыру кезеңінде 1000-нан аса жоба мақұлданып, 15 мыңнан аса жаңа жұмыс орындары ашылған. Сөйтіп, ағымдағы жылы 2,6 миллиард теңгенің 300 жобасы мемлекеттік қолдау тапқан. «Еңбек» жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін 1000-нан аса гранттар (1143 грант) бөлініп, ағымдағы жылдың 21 қазанына дейін 782 адам грант алған.
Облыста қолжетімді баспана салу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Айталық, «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асырған екі жылдың ішінде 900 мың шаршы метрден астам тұрғын үй алаңы пайдалануға берілген. Нақтырақ айтар болсақ, 2017 жылы 426 мың шаршы метр, өткен жылы 478 мың шаршы метр үй берілу арқылы 8 мыңнан астам отбасы тұрғын үй мәселесін шешкен.
Адам капиталының сапасын арттыруға көп көңіл бөлініп отыр. Бұл – ең алдымен, мектепке дейінгі білім беру. Елбасының тапсырмасы шеңберінде жылдың соңына дейін 3-6 жастағы балаларды мептепке дейінгі тәрбиелеумен 100 пайыз қамтуды қамтамасыз ету.
Орта білім сапасын арттыру мақсатында үш ауысымды мектептер мәселесін шешу кезең-кезеңімен жүргізілуде. Мәселен, Бурабай ауданында үш ауысымда оқыту мәселесі шешілген. Онда 800 орындық мектеп пайдалануға берілген.
Көші-қон өсімі көп болуына байланысты Целиноград ауданында 2700 орындық 3 мектеп салынуда. Ол Қосшы және Қоянды ауылдарында әрқайсысы 1200 орындық, ал, Қажымұқан ауылында 300 орындық мектеп құрылысы жүзеге асуда. Алдағы екі жылда Қосшы ауылында 1200 орындық тағы 2 мектеп салу жоспарлануда. Осы ауылда жеке инвестордың қаражаты есебінен 600 орындық мектептің құрылысы аяқталуға жақын.
Көкшетау қаласы мен Нұр-Сұлтан қалаларының маңындағы аймақтың дамуына айрықша тоқталған өңір басшысы:
– Күннен күнге саны өсіп келе жатқан облыс орталығының тұрғындарын бас-панамен қамтамасыз ету үшін біз қала ішінде жаңа аумақтарды игере бастадық. Атап айтқанда, жаңа Сарыарқа шағын ауданы белсенді түрде салынып, қарыштап даму үстінде. 2013 жылдан бастап мұнда 1370 пәтерлік 35 көп қабатты тұрғын үй салынды, қазіргі уақытта «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 12 тұрғын үй (8 үй несиеге және 4 үй жалға беру арқылы) салынуда, соның 10-ы биыл аяқталады. Оның екеуі аз қамтылған отбасыларға арналса және 8 тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің инвесторлары үшін беріледі, – деді Ермек Боранбайұлы.
Тағы бір білгеніміз, бас жоспарға сәйкес болашақта Сарыарқада 16380 пәтерлік 200-ден астам үйдің, 2400 орындық 3 мектептің және 440 орындық 9 бала бақшаның құрылысы жоспарланып отырғаны қуантады. Өткен жылы шағын ауданда 900 орындық жаңа IT-мектеп-лицейі ашылды. Ал, 2020 жылдан бастап 280 орындық балабақша құрылысын бастау да жоспарлануда. Бұл мектепке дейінгі екінші мекеме болмақ. Өйткені, бұған дейін ашылған 240 орындық алғашқы балабақша жұмыс істеуде.
Сонымен қатар, осы заманғы «Болашақ сарайының» құрылысы жүргізілуде, онда 2020 жылы Қазақстан мен Ресейдің XVII өңіраралық ынтымақтастық форумының маңызды шараларын өткізу жоспарлануда. Ал, Қопа көлінің жағасында Кенесары көшесінен Қан орталығының бұрылысына дейін айналма жол құрылысы басталды. Қылшақты өзені арқылы автомобиль көпірі салынуда.
Қала маңы мен астананың іргесі де назардан тыс қалмаған екен. Мемлекеттің қолдауымен бұл ауылдық жерлерде қолайлы өмір сүру жағдайларын жасау үшін шаралар қабылдануда. Электр жүйесі, су, жол, әлеуметтік инфрақұрылым мәселелері бекітілген кешенді жоспар аясында кезең-кезеңмен шешімін тауып келеді. Биыл бұл мақсатқа 10,3 миллиард теңге бөлінген. Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан қаласының іргесіндегі мәселелерді шешуге арналған Елбасы тапсырысы аясында үш жылдық кезеңге 25 миллиард теңге бөлінген.
Депутаттық фракцияда аумақтық партия филиалдарының төрағалары Астрахан ауданының әкімі, Нұрлан Сейілов, Степногорск қаласының әкімі Еркебұлан Баяхметов, Целиноград ауданының әкімі Мәлғаждар Тәткеев, Атбасар ауданының әкімі Аманбек Қалжановтар баяндама жасап, өз аудандарының әлеуметтік-экономикалық жағдайынан, сумен жабдықтау, жолдар салу, тағы басқа жұмыстардан хабардар етті.
Жиын соңында облыс әкімі Ермек Маржықпаев, «Жалпы, Ақмола облысын дамытудың 2019 жылға арналған бағдарламасының нысаналы көрсеткіштеріне экономиканың көптеген бағыттары бойынша қол жеткізілуде. Біздің міндетіміз – жылдың аяғына дейін осы қарқынды сақтау. Төмен көрсеткіштерді жақсарту үшін тиісті шаралар қолданылады», – деп қорытындылады.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар