Береке белсенгенге бітеді

Бұл күнде бар шаруасын дөңгелетіп отырған кәсіп иелері Тілеуовтер осыдан бірер жыл бұрын Зеренді ауылына көшіп келгеннен кейін ең алдымен өздері табиғи, таза азық тұтынбақ болып, жалғыз сиыр сатып алған екен. Үйдің жанында тоқымдай жерге қияр еккен. Көп-көрім өнім беріпті. Ал, тәбет шақыратын таза сүтке көршілердің көңілі ауған. Бүгінде жергілікті межемен мөлшерлегенде тәп-тәуір табысты болып отырған «Даир Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі алғашқы қадамын ауылдастарының сұранысына орай осылай бастапты.

Жалғыз сиыр қырыққа жеткен. Қазір сүт, қаймағын ауылдастары таңсәріден талап алады. Тоқымдай жердегі жылыжай 0,7 гектарға ұлғайыпты. Аумағы ат шаптырым жылыжайдың ішінде қияр самсап тұр. Үзіліп алынып жатыр. Тұтынушының ақ дас-тарханына жетіп жатыр. Біздің өңірде қат көкөністі қылтиып көктеген соң құлағынан тартып шығаратындай ыждаһаттылықпен өнімді жұмыс жүріп жатыр.
–Қазір қалалық жерде табиғи таза өнім қасқалдақтың қанындай тапшы болып кетті ғой,–дейді серіктестіктің қаржы жөніндегі орынбасары Қарлығаш Тілеуова,–біз алдымен осыны ескердік. Тұтынушы іздеп ешқайда сабылған жоқпыз, құлақтанған жұрттың өзі келіп жатыр. Аудан орталығындағы 25 дүкенмен келісім-шарт жасадық. Өнімді өндіру бір бөлек те, өткізу де өзекті мәселе ғой. Бұл орайда бізге аудан әкімдігі көп көмек көрсетіп отыр. Өткен күзде жергілікті кәсіпкерлердің өнімдерін насихаттаған үлкен шара ұйымдастырылды. Сол жерде жарнама жасалды. Ісіміздің алға басуына осындай қамқорлықтар себепші болып отыр.
Жылыжайға наурыз айының басында қияр егіп тастаған екен. Тамшылата суарылады. Ал, тыңайтқышқа ешқандай химиялық заттар қолданбайды, бәрі табиғи. Көңді, қайыңның күлін пайдаланады.
–Бапталған өнімнің өзі беп-белгілі болып тұрады ғой. Алғашқы жолы қиярымызды алып әлдебір дүкенге бардық, әріптес болайық деген ұсынысымызды айттық,–дейді серіктестік басшысы Нұрлан Дайырұлы,–сатушы келіншек қазақтың қияр еге білетініне күдіктенген тәрізді. Кесіп көрсеттік. Сөлі ағып тұр, ал, хош иісі дүкеннің ішін алып кетті. Содан кейін дүкен иелері өздері келе бастады.
Қазір серіктестік 10 адамға тұрақты жұмыс беріп отыр. Жұмысшылардың еңбекақылары 110-115 мың теңгеден айналуда. Аудан орталығы үшін тәп-тәуір жалақы.
Ырыс та ұмтылғанға үйіріледі-ау. Алғашқы жылы өнім көлемі онша көп болмаған. Былтыр 15 тонна қияр өндіріпті. Биылғы жылғы меже 20 тоннадан асыру. Ерте көктемде солтүстікте қияр бағасы түсе қоймайды. Өйткені, дәл осындай жылыжай салып жұмыла жұмыс істеп жатқандар жоққа тән. Жаз ортасында бірер ай баға төмендегенімен, қоңыр күзде қайта шарықтап кетеді. Қазір серіктестік сауда орындарына қиярдың келісін 350 теңгеден тапсырады екен. Көкшетаудың орталық базарында да өнімдерін сататын орындары бар.
Қазір салы суға кетіп, жұмыс жоқ деп сылтау айтатындар жыртылып айрылады. Зеренділік кәсіпкердің қияр егіп, қаймақ былғап отырған ісін соларға үлгі болу үшін айтқымыз келгені.

Байқал БАЙӘДІЛОВ,
журналист.

Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар