Ақылы жолдың аумағы кеңейеді

«Нұрлы жол» бағдарламасының аясында республикалық маңызға ие «Щучинск-Көкшетау-Петропавл» автожолында келесі жылы төлем қабылдау жүйесі енгізіледі.

Бұған дейін «Астана-Щучинск» автокөлік жолы ақылы болып келді. Ақылы жолға биылғы жылы «Нұр-сұлтан-Теміртау», «Алматы-Қапшағай», «Алматы-Қарғос» автокөлік жолдары қосылды. Бұл жолдарға кез-келген жерден шығуға болады. Жолдың соңында жолақы төленеді. Қазір министрлік мақұлданған пилоттық жоба қолға алынып отыр. «Щучинск-Көкшетау-Петропавл» автокөлік жолының пилоттық жобасын жүзеге асыру тапсырылды. Бұл жолдың ұзындығы 242 шақырымды құрайды. Бүгінде бақылау аркалары мен қондырғылары орнатылды. Қазір қондырғыларды мамандарымыз тестілеп, жөнге келтіруде. Келесі жылы министрліктің бұйрығы шыққан соң бұл жол ақылы болады. Тестілеу кезінде өзекті мәселелер болуы мүмкін. Жолақы жөніндегі тұрғындар мен жол иелерінің өтініш-тілектері ескеріледі.
Мемлекет тарапынан бұл жолдарды жөндеуге қомақты қаржы бөлінсе де бар қажеттілікті жаппайтын. Енді жол ақылы болғандықтан, бұл бағытқа қаржы бөлінбейтін болады. Барлық қызмет жолақыдан түсетін қаржы есебінен атқарылады. Сондай-ақ, жолдар салынып, күтіледі. Жолды қардан аршу, жөндеу біздің міндетімізге кіреді. Сөйтіп, мемлекеттік бюджет қаржысы үнемделеді.
Бұл жол учаскесінде ақша төлейтін бекеттер мен шлагбаум болмайды. Дегенмен, әр бақылау аркасы автокөліктердің әр аумақтан өткенін жазып, ақшаны есептеп отырады. Автокөлік есебіне ақшаны ертерек төлеп қою жүйесі енгізіледі. Жолақысымен ертерек есептеспегендер оны 1,5 есе төлейді. Есепті толтырудың 20 әдісі бар. Біз заңды тұлғалармен келісім-шартқа отырамыз. Ұсынған құжатпен автокөлік тізімін анықтаймыз. Ақша төлемейтіндерді көлік бақылау органы айыппұл салып, тәртіпке шақыратын болады. Біздің жолдан жүретін салмағы 15 тоннадан артық автокөліктер 5 мың 200 теңге төлейді. Олар үшін айыппұлдың көлемі 20 мың теңгені құрайды.
Кейбір автокөліктер үшін жеңілдік қарастырылған. Жол бойында орналасқан аудандардың тұрғындары жылына 1 мың теңгенің абономентін сатып алады. Жүк автокөлігі үшін абономент қарастырылмаған. Министрлік жобаның бұйрығын дайындап жатыр. Мұнда әр аумақтың өз үстемесі болады. Жолақыны Қазақстанның кез-келген қаласында төлеуге мүмкіндік жасалған. Сөйтіп, әр адам өз автокөлігінің есебіне ертерек ақша аудара алады. Әйтпесе, оның қарызы көбейе береді. Автокөліктің жолақысы бір мың теңгеден асқанда ескерту құжаты жіберіледі. Бейнекамераларды қадағалауға күзет фирмасын жалдаймыз. «Көкшетау-Щучинск» және «Көкшетау-Петропавл» автокөлік жолдарының санаты әртүрлі болғандықтан, жолақысы да бірдей болмайды. «Көкшетау-Петропавл» бағытында жүретін жүк автокөлігінің жолақысы арзандау. Бұл бағытта жеңіл автокөлік тегін жүреді. «Көкшетау-Щучинск» автокөлік жолында жүк және жеңіл автокөлік белгіленген жолақы төлейді. Қарызға батқандардан жолақы сот арқылы өндіріліп алынады. Жолақы терминал арқылы ертерек төленсе, шлагбаум маңында автокөліктердің кептелісі болмас еді. Алдағы уақытта автокөлікке қатысты барлық жауапкершілік біздің акционерлік қоғамға жүктелмекші.
Әліасқар МУСИН,
«ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы»
акционерлік қоғамының «Ақылы автокөлік жолдары дирекциясы»
филиалы басшысының кеңесшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар