«Ұлы тұлғалар – елдік пен ерліктің үлгісі»

Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының
директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор
Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ:

–Құрметті Зиябек мырза, сіздер Тәуелсіздік мерекесіне орай, Көкшетау қаласындағы «Достар» мәдениет сарайында «Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын жүзеге асыру аясында Отан тарихындағы тұлғалардың рөлі» атты ғылыми-теориялық конференция өткізуді жоспарлап отыр екенсіздер. Осы ретте, аталған іс-шараның мән-мағынасы жа-
йында азырақ тоқтала кетсеңіз.
–Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлытау-2019» халықаралық туристік форумында сөйлеген сөзінде Алтын орданың 750 жылдығын мерекелеу аясында: «Моңғолия Шыңғыс хан тұлғасын халықаралық туризмді дамыту үшін өте тиімді пайдаланып отыр. Ал, ұлы ханның үлкен ұлы – Жошының мазары қазақ жерінде тұрғанын бүгінде еліміздегі және шетелдегі жұртшылықтың көбі біле бермейді. Ата-бабалардың аманатына адал болу – бізге сын. Сондықтан, біз Алтын Орданың негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтауды міндетті түрде қолға алуымыз қажет. Оның тарихи тұлғасына әлемнің назарын аударып, кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыру – өте маңызды міндет» деген болатын.
Демек, қазақ даласында ашылған немесе ашылмаған қаншама құнды қазыналарымыз жатыр. Сол қазыналарды ақтару үшін өзіміздің шығу тегімізге қатысты болған, елдігіміздің іргетасын қалауға еңбек еткен тарихи тұлғаларады танып-білу ауадай қажет болады. Әрі күллі әлемге танымал болған тұлғалар тұғырын көтеру арқылы елдік мәртебемізбен бірге байтақ жерімізде туризмді жандандырудың да жарқын жолын сала аламыз. Сондай ұлы тұлғалардың бірі – Шыңғыс ханға әке жолындағы ұстазы, Жошының атасы болған Тұғырыл хан. Бір қызығы, Жошының сүйегі де, ұрпағы да бізде. Тұғырыл ханның ұрпақтары да бізде отыр. Демек, осындай ойлар түрткі болып, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын өзек еткен тарихи мәні бар ғылыми конференция өткізуді жөн санадық.
–Ендеше, Тұғырыл хан туралы да мағлұмат бере кетсеңіз екен?
–Қазақ ұлтын қалыптастырушы тұлғалар қатарында аты аталатын Шыңғыс хан – қазақ хандарының атасы болса, сол Шыңғыстың өкіл әкесі, ұстазы болған Тұғырыл хан туралы да шежірелі дерек аз емес. Тұғырыл хан және оның ұрпақтарының ерлік іздері моңғол, парсы, түрік, қытай, орыс, жапон жазбаларында кезігіп қана қоймай, Марко Поло, А.Андреев, Н.А.Аристов, Г.Ф.Миллер, т.б. еңбектерінде де алтын әріптермен жазылған. Кеңестік кезең тарихымызды өз тегімізден іздеуге жол бермеді.
Алаш туын көтерген Әлихан Бөкейханов сонау 1913 жылдың өзінде «Қазақ» газетінде жазған мақаласында: «Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, өзінің тарихын ұмытқан ел – қайда жүріп, қайда тұрғандығын, не істеп, не қойғандығын білмейді, келешекте басына қандай күн туатындығына көзі жетпейді» деген еді.
Тарихи тұлға – Тұғырыл ханды зерттеу сол елдіктің ескі тамырын танып, біздің бағзыдан қалыптасқан мемлекетшілдігіміз бен ел басқарған тұлғаларымыздың барлығын ұрпақ санасына сіңіру болып табылады.
–Аталған іс-шараны Ақмола облысында, соның ішінде Көкшетау қаласында өткізулеріңізге не себеп болды?
–Мұның екі түрлі себебі болды. Бірінші себеп – сөз басында айтылғандай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлытау – 2019» халықаралық туристік форумында Жошы ханның есімін ұлықтау арқылы әлемнің назарын аударып, мәдени туризмді жандандыруды айтқан болатын. Жошының атасы Тұғырыл хан болса, ботасы Абылай хан. Олай болса қасиетті Көкше өңірі туризмге сұранып тұр. Осындай ойлармен жүргенімізге, Тұғырылдың тікелей тұқымы, Сібір хандары –Тайбұға, Сейдақтардың ұрпақтарының да Ақмола облысында, одан қалды, Біржан сал ауданында тұратынын білдік.
Белгілі кәсіпкер Асылхан Игібаев дейтін азамат инситутқа арнайы келіп, Тұғырыл хан тұлғасын көтеру арқылы Бурабайға жақын отырған ауылдарды туризм нысанына айналдырсақ деген ізгі ойын айтты. Сөйтіп, осы жағдаймен елдеріңізге келгелі отырған жайымыз бар.
–Жаңадан жарық көрген «Тұғырыл хан» атты тарихи деректер жинағы да сіздің алғысөзіңізбен басталған екен. Осы кітап жайында не айтасыз?
–«Тұғырылхан» атты тарихи деректер жинағы телегей-теңіз қазақ тарихына құйылар кәусар бұлақтың бірі болмақ. Сан тараулы бұлақтар дарияға айналып, ұрпақ шөлін қандырса, олар Мәңгілік елдің мәңгілік иесі болып, қара ормандай халқы үшін өле-өлгенше қызмет ететін болады.
Қазақ тарихы өзінің ақтаңдақ беттерін түгендеп жатқан бүгінгі кезеңде Тұғырыл хан сынды тұлғаны зерттеу, оны бүгінгі ұрпақтың кәдесіне жарату кезек күттірмес ірі тақырыптардың бірі саналады. Кешегі Сібір хандығы мен оның қазақ хандарымен қарым-қатынасы және Сібір хандығы мұрагерлерінің орыстарды билеуі сынды оқиғалардың да зерттелмеген тұсы көп. Айталық, Ораз Мұхаммед, Қадырғали Жалайыр, Сейдақ хан туралы тарихи мәліметтер оқулықтарда жоқтың қасы. Сібір хандығын құраған түркі тайпалары және олардың мұрагерлері болған керей, арғын тектес аталар ұрпақтары әлі де болса, солтүстік өңірлерді мекендеп отыр.
Қолдарыңыздағы бұл кітап Тұғырыл хан сынды тұлғаның қыр-сырын ашуға аз да болса көмектесіп, сол дәуір тарихын танытуға әліппелік сауат ұсынады деп ойлаймын. Онда 12-13 ғасырлардағы жазбалардан бастап, қазіргі дәуірге дейінгі саяхатшылар, ғалымдар, зерттеушілер еңбектері, тарихи құжаттар қамтылған.
–Алдағы күнде Тұғырыл хан есіміне қатысты тағы қандай іс-шараларды жоспарлап отырсыздар?
–Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты және «Tugurul Han On-Han» корпоративтік қоры Шыңғысхан дәуіріндегі әйгілі тұлға Тұғырыл хан және оның ұрпақтары – Сібір хандары Тайбұға хан, Сейдақ хан атындағы жас тарихшы-ғалымдарға арналған республикалық байқау жариялады. Басты мақсат –дарынды жас тарихшылар мен зерттеушілерді іздестіру, олардың ғылыми және шығармашылық жұмыстарына қолдау көрсету, сол арқылы жас буын өкілдерін Тұғырыл хан, Тайбұға хан, Сейдақ хан туралы деректерді жинауға, зерттеу жұмыстарын жүргізуге және олардың ел басқару саясаты мен ерлік батырлықтарын насихаттауға тәрбиелеу болып табылады. Осы арқылы рухани жаңғыру мен тарихи сананы қалыптастыруға, қазақ халқы тарихының өзекті мәселелерін зерттеуге жас ғалымдарды тарту жұмысын іске асырмақшымыз.
Байқау қорытындысы 2020 жылдың 26 наурызында Алматы қаласында халықаралық конференциямен қорытындыланып, жүлдегегерлер арнайы дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталады.
Қазір Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты тарапынан «Қазақстанның тарихи энциклопедиясы» атты үш томдық еңбек құрастырылып жатыр. Әрине, онда – Алтын орда кезеңінің серкелері Жошы хан және оның әулеті, Тұғырыл хан, Тайбұға, Сейдақ хандар сынды талай-талай ірі тұлғалар қамтылған. Аталған тұлғалар хақында өзге елдерде тиянақты зерттеу жоқ. Демек, оның иесі қазақ мемлекеті деген сөз. Олай болса, «Ұлы даланың ұлы тұлғалары» тарих ғылымының өзегіне айналуы тиіс. Қазақ тарихының тамыры тереңдеген сайын оның ұрпаққа берер жемісі де мол болады деп ойлаймын!
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты жүргізген Қ.Байсеркеұлы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар