«Волонтерлер қозғалысы» орталығындағы Ашық есік күні

Жуырда Достық үйінде Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясының жанынан құрылған «Волонтерлер қозғалысы» орталығы Ашық есік күнін өткізді.

Шарада сөз алған облыстық мәслихат депутаты, Чуваш этно-мәдени орталығының төрайымы Елена Мащинская 2020 жыл Қазақстанда «Волонтер жылы» деп жарияланғанын, осы маңызды іске атсалысу мақсатында облысымыздағы этно-мәдени бірлестік мүшелері еріктілер қозғалысын құрғанын айтты.
Одан кейін «Волонтерлер қозғалысы» орталығының тұжырымдамасы таныстырылып, «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкері Д.Кәкпенова волонтерлік қызметпен айналысу адамның өз еркінде екенін атап өтті. Облысымыздың кез-келген тұрғыны Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының «Волонтер қозғалысы» орталығына жазбаша немесе онлайн сауалнама арқылы тіркеліп, еріктілер қатарына қосыла алады. Осы орталық жетекшісі, «Санги-Кабуд» тәжік ұлттық-мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Умар Шоназаров еріктілер қозғалысының негізгі бағыттарын, құрылымын түсіндіріп берді.
Айта кетейік, «Санги-Кабуд» тәжік ұлттық-мәдени орталығымен бірге, «Волонтерлер қозғалысы» орталығының құрамына «Қазақстанның орыс, славян және казак ұйымдары қауымдастығы» секілді тағы бірқатар этно-мәдени бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың, жастар ұйымдарының өкілдері, колледж және мектеп оқушылары кіреді. Шарада бірқатар тәжірибелі волонтерлер, медиаторлар сөз сөйлеп, әлеуметтік көмек, медиацияны дамыту, білім беру және спорт туралы ой бөлісіп, еріктілерді оқытуға, олардың жұмысын ұйымдастыруға қатысты сұрақтарға жауап берді.
Одан әрі сөз алған «Видергебурт» Ақмола облыстық немістер қоғамы» қоғамдық бірлестігі жанындағы жастар клубының жетекшісі Н.Бильман, «Жас Отан» жастар қанатының жетекшісі С.Бекішев еріктілік қызметті ұйымдастыру тәжірибелерімен бөлісті.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар