Ақбас сиырдан артығы жоқ

Ендігі арада ауыл шаруашылығы ел экономикасының драйверіне айналуы керек. Мемлекет басшылығы жүктеп отырған міндет осы.

Қалай, қайтіп?.. Ең алдымен, төрт түлік малдың тұқымын асылдандыру парыз. Соңғы жылдары тұқымы азып кеткен жергілікті малдың жілігі татымайтындығы ақиқат. Қара малдың ішінде оңдысы да, қоңдысы да қазақтың төл малы – ақбас сиыр. Ізін індетсек, өткен ғасырдың сонау отызыншы жылдары К.Акопян, П.Кулишов тәрізді ірі ғалымдар қазақ пен қалмақтың
сиырларын ағылшынның герефорд тұқымымен будандастырып, жаңа мал түрін шығарса керек. Осы бір ілкімді істің нәтижесінде елуінші жылдардың бел ортасында қазақтың асыл тұқымды ақбас сиыры сайын даланың сәнін келтіре бастады. Бұқаларының тірідей салмағы тоннаға жуық. Тіпті, ғажап емес пе? Қазір ауыл-аймаққа тұқымы азған қара малды ғана көзі көріп отырған ағайынға айтсаңыз, сенбес те еді.
Алдымен жергілікті тұқым жайлы бірер ауыз сөз сабақталық. Тұқымы азғаннан кейін бұл малдың берекесінен бейнеті басым болып кетті. Бұрынғыдай мал тұқымын асылдандыру ісін сәл қожыратып жіберіп едік, бұқаң торпақ, торпағың бұзау тәрізді болып қалды. Енді есептеп көрелік, бәкене бойлы барболғырлар пышақ көтеруге жарағанша екі рет қыстатылады. Соның өзінде екі центнерден әрең асады. Ал, екі қыста қаншама жем-шөп жейді? Мал баққан қазақ өз еңбегін, қол еңбегін ақшаға шағып, есептей бермейді ғой. Әйтеуір, қорасы қаңырап бос тұрмаса болды. Қысқы бейнет өз алдына, жаз бойы екі-үш қараның соңында жүруі керек. Бақташыға төлейтін азын-аулақ ақысы тағы бар. Сонда пайдасы қайсысы?!
Мал шаруашылығын діттеген межеге жеткізудің жалғыз жолы – тұқымын асылдандыру. Айталық, «мәрмәр» деп саналатын ақбас сиырдың еті мен майының мөлшері 55-65 пайыздан кем түспейді, дәмді әрі жұмсақ. 18 айға дейін жемделіп бордақыланса, 4 центнерден асып түсетіндігі даусыз. Мал мамандарының есептеуіне қарағанда, осы 18 айдың ішінде біз айтып отырған тірідей салмақ дәрежесіне жетуі керек. Одан асса артық бейнет, қосалқы шығын деген сөз. Ал, ақбас сиырдың төлі жетпек түгілі асып та кетеді.
Ендігі бір ерекшелігі, ақбас сиырдың қазақ даласының табиғатына әбден төселуі. Солтүстіктің түкірігің жерге мұз болып түсетін қақаған қысының атан түйені алып жығатын аязынан қорықпайды. Қар үстінде де төлдей береді. Өзге асыл тұқымдыларға қарағанда, ұтымдысы – өз аяғымен жа-йылады. Ал, басқа асыл тұқымды қара малды қысы-жазы қамап бағу керек. Ірі шаруашылықтар бұл міндеттен аса көп қысылмаса, шағын қожалықтар үшін қарбаласы мол, қиын шаруа. Қара мал қысы-жазы қолға қараса, жемшөбін тауып беру қиямет. Міне, сондықтан да ақбастан артығы жоқ. Ел ішінде мал тұқымын асылдандыруға бағыт алып отырған жақсы мысалдар да аз емес. Ерейменнің етегі төрт түлік малды тегіс өсіруге аса қолайлы. Отты, құйқалы өңірінде Торғай ауылы бар. Шоқ жұлдыздай ғана, елуден астам түтіні бар елді мекен. Бір ғажабы, ауыл қотанында тұрып-ақ жанарың жететін жерді шолып шығуға болады. Өйткені, төрт құбылаң тегіс айнадай ашық алаң. Жергілікті тұрғындардың айтуына қарағанда, бұл өлкенің шөбі шүйгін әрі малға жұғымды. Таулы-тасты өлке егін егуге қолайсыз болғанымен, мал өсіруге таптырмайтын-ақ жер.
– Осындай жерде түтін түтетіп отырған соң ауылдың ырыздығы – мал өсірмеу әсте мүмкін емес,–дейді шаруа қожалығының басшысы Қанат Қанжығалы,–біздің
ойымызша, ісіміз табысты болуы үшін мал шаруашылығын асылдандыруға біржола бет бұруымыз керек. Асыл тұқымды мал өнімді де жақсы береді. Қазір жүзге жуық ақбас сиыр мен төрт жүздей қой бағып отырмыз. Алдағы уақытта қой тұқымын да асылдандырғымыз келеді. Ол үшін суыққа шыдамды, әбден қыс дендеп түскенше өз аяғымен жайыла беретін қазақтың құйрықты қошқарларын алып, отарға қостық.
Мал бағумен көзі шыққан малсақ қауымның айтуына қарағанда, мал шаруашылығы табысты салаға айналуы үшін жемшөбін өзің дайындауың керек. Егер жемшөпті сатып алып бағатын болсаң, табысың толымды бола қоймайды. Шаруа қожалығының егін егетін аз ғана жері бар екен. Міне, осы егістік алқаптарын тиімді пайдаланып, мал азығын өсіруді жоспарлап қойыпты. Көздеген межеге жететін қауметтері де бар. Трактор, комбайн тәрізді ауыл шаруашылығы техникалары көктемгі науқандық жұмыстарға әзір тұр.
– Өткен жылы 250 гектар жерге арпа ектік,–дейді Қанат Қанжығалы,–алған өнімді шашау шығармай, өзіміз бағып отырған малдың азығына жұмсадық. Ешкімге алақан жайып жүрмейтіндей болуы үшін, күзде 500 гектар жерді жыртып, өңдеп қойдық. Ерейменнің етегі құнарсыздау болғандықтан, тыңайтқыштан тарылған жоқпыз.
Әрине, мал өсіру оңай-оспақ шаруа емес. Қайткен күнде де моншақтап төккен маңдай терің ырыс болып оралатын адал кәсіп. Сол кәсіпті бүгінгі күн талабына сай дөңгелету мал тұқымын асылдандыруға тікелей байланысты дейді күнделікті тәжірибесінен істің жайын түйсініп отырған малсақ қауым. Әрине, тегі асылдың таразы басын тартатыны анық қой?!

Байқал БАЙӘДІЛОВ.
Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар