Коронавирус – Қытайда тараған қатерлі індет

оның алдын алып, сақтану – міндет

Қазір көршіміз Аспан асты елінде пайда болып, ондаған адамдардың өмірін қиған коронавирус жұқпалы дертінің қауіп-қатері бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Біз Қытаймен шекаралас елміз. Сондықтан, біздің мемлекет үшін осы беті жаман аурудан дұрыс сақтана білудің маңызы одан сайын зор.

Көкшетау теміржол вокзалында санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің және медицина мекемелерінің коронавирустің алдын алуға бағытталған эпидемиологиялық шараларына дайындықтарын тексеру мақсатында оқу-жаттығу шарасы өтті. Ақмола облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп ұйымдастырған шараның өтуіне жедел жәрдем станциясының мамандары, Көкшетау станциясындағы желілік полиция қызметкерлері де атсалысты. Шартты түрде коронавирус-ты жұқтырған науқасты мамандар теміржол вокзалында орналасқан медициналық пунктке оқшаулатып, одан кейін жедел жәрдем қызметіне хабарласты. Оқу-жаттығу кезінде науқасты қабылдап алу, жеткізу, тексерістен өткізу шараларына баса мән берілді. Тез арада жеткен жедел жәрдем қызметкерлері «науқасты» арнайы карантин боксына жатқызып, облыс орталығындағы жұқпалы аурулар бөлімшесіне алып кетті. Оқу-жаттығу барысында желілік полиция қызметкерлері вокзалдың іші-сыртын күзетіп, жолаушылар үрейленбес үшін бұл алдын алу шарасы екенін түсіндіріп жатты.
Айта кетейік, Қытайда жұқпалы дерттің жаңа түрі – коронавирус тарады деген ақпараттан кейін әлемнің көптеген мемлекеттері дүрлігіп жатқаны белгілі. Оған себеп те жоқ емес. Қытайдың Ухань қаласында тіркелген коронавирус бүгінде Жапония, Тайланд, АҚШ, Оңтүстік Корея мемлекеттеріне де жеткен. Еліміздің Сыртқы істер министрлігінің мәлімдеуінше, 94 қазақстандық студент жүздеген адам коронавирус жұқтырған Қытайдың Ухань қаласында жүрген көрінеді.
Өткен аптада еліміздің бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин қазақстандықтарға аспан асты еліне, әсіресе, вирус тарап жатқан Ухань қаласы мен Хубэй провинциясына бармауға кеңес беріп, Қытайда жүрген отандастарымызды барынша сақ болуға шақырды.
Коронавирус бұрын-соңды адамдарда тіркелмеген жұқпалы дерт. Аурудың клиникалық көрінісі жалпы респираторлық синдром ауруларымен бірдей. Кәдімгі тұмаудың белгілері секілді түшкіру, жөтелуден басталады. Одан кейін дене қызуы көтеріліп, адам ауыр дем алады. Соңы пневмония, басқа да ауыр жағдайларға, тіпті өлімге әкеп соқтыруы мүмкін.
–Дегенмен, дәрігерлердің жіті қадағалауымен уақытында ем-дом жүргізілсе, коронавирустан жазылуға болады, – деді Ақмола облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Серік Омарханов.
–Коронавирус адамда түрлі дерттердің пайда болуына ықпал ететін бірнеше вирустардың жиынтығы. Ол тікелей адамнан адамға жұғады. Вирус жануарларда да болуы мүмкін. Қытай Халық Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, аталған елде 27 қаңтарға дейінгі жағдай бойынша коронавирус жұқтырған 1300 адам тіркелген. Соның ішінде, 80 адам осы аурудан көз жұмған. Вирус жұқтырғандардың арасында медицина қызметкерлерінің де бары, вирус Қытайдың Ухань қаласының аумағынан шығып, Пекин және Шанхай қалаларына, тіпті Жапония, Тайланд, АҚШ, Оңтүстік Корея елдеріне де тарап кеткені жайлы мәліметтер бар. Эпидемиологиялық тексерістердің нәтижесінде коронавирус жұқтырғандардың барлығы Уханьдағы жергілікті базардан азық-түлік сатып алғандар немесе сонда жұмыс істейтіндер екені анықталған.
Қытайдағы эпидемиологиялық жағдайдың ушығып кетуіне байланысты Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті вирус жайлы ақпарат жарияланған алғашқы күннен бастап алдын алу шараларын бас-тап кетті. 2020 жылдың 6 қаңтарында еліміздің бас санитарлық дәрігерінің «Қазақстан Республикасының аумағында эпидемиологияға қарсы және алдын алу шараларын күшейту туралы» Қаулысы шықты. Мемлекет шекараларында күшейтілген санитарлық-бақылау пункттері ұйымдастырылды, – деген департамент басшысының орынбасары Серік Омарханов өңірімізде аталмыш жағдайды болдырмас үшін Ақмола облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті медициналық мекемелермен бірлесіп, алдын алу шараларын жүргізіп жатқанын айтты. Жуырда департамент мамандары туристік фирма өкілдерінің қатысуымен жиын да өткізген.
Індеттің таралуы тыйылмайынша, эпидемиолог мамандар тұрғындарға шетелге шықпауға, тіпті болмай жатса, баратын елдегі эпидемиология жағдайды алдын ала біліп алғаннан кейін ғана сапарға шығуға кеңес береді.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар