Заң көмегі тегін көрсетіледі

Құқықтық мемлекеттің негізгі белгілерінің бірі – азаматтардың сот төрелігіне қол жеткізуін қамтамасыз ететін тиімді құқықтық тетіктің болуы.

Алайда, барлық азаматтардың заң консультациясына немесе адвокаттың қызметіне мүмкіндіктері жоқ. Сондықтан, әлемдік тәжірибеде халықтың осындай топтарын қолдаудың түрлі нысандары бар. Осындай нысандардың бірі «Pro bono» – тегін заң көмегін көрсету. «Pro bono» сөз тіркесі «pro bono publico» деген латын фразасынан шыққан, «қоғамдық игілік» деген мағынаны білдіреді.
Бұл сөзді түрлі контексте қолдануға болады. Ол заңтану саласында қызметтердің ұсынылуы тегін екендігін білдіреді. Қазақстанда «Pro bono» кешенді әлеуметтік заң көмегі «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңға қол қойылған сәттен бастап, яғни, 2018 жылдың 5 шілдесінен енгізілді. Бұл көмек Қазақстан Республикасының «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» Заңына сәйкес, Ұлы Отан соғысына қатысушыларға және оларға теңестірілген тұлғаларға, бірінші және екінші топтағы мүгедектерге, зейнеткерлерге, медициналық-әлеуметтік мекемелердегі қарт адамдар мен мүгедектерге, әлеуметтік және қаржы жағдайы қиын өзге де адамдарға, қиын өмірлік жағдайға тап болған тұлғаларға көрсетіледі.
Кешенді әлеуметтік заң көмегін көрсетудің көлемі мен тәртібін заң консультанттарының палаталары, республикалық адвокаттар алқасы белгілейді. Кешенді әлеуметтік заң көмегі азаматтық сот ісін жүргізу шеңберінде кәсіпкерлік қызметке байланысты даулар бойынша көрсетілмейді.
Pro bono заң қызметін көрсетуге мемлекет тарапынан ақша төленбейді, бірақ, заңды қоғамдастықпен ерікті негізде көрсетіледі және заң мамандығының әлеуметтік жауапкершілігінің элементі болып табылады. Қазақстан Республикасында осындай қызметтерді енгізу азаматтардың сот әділдігіне қол жеткізуін нығайтуға, әлеуметтік шиеленісті төмендетуге көмектеседі. Осылайша қазақстандық заң практикасына pro bono кешенді әлеуметтік заң көмегін енгізу, тегін жоғары білікті заң көмегіне қол жеткізе алатын Қазақстан Республикасы азаматтарының пайдасына ғана емес, сондай-ақ, заң қоғамдастығының өзіне де пайдасын тигізеді.
Әлібай ЕРЖАНОВ,
Ақмола облыстық Әділет департаментінің құқықтық түсіндіру жұмыстары және халыққа заң көмегін көрсету бөлімінің басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар