Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны өсе түсуде

осыған орай өңірімізде қатерлі індеттің енуіне жол бермеу шаралары қолға алынуда

Өткен сейсенбіде Ақмола облысының аумағында коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау мақсатында санитарлық-эпидемиологиялық және санитарлық-алдын алу шараларын күшейту жөніндегі өңірлік комиссияның алғашқы отырысы өткізіліп, аталмыш індеттің өңірімізде таралуына жол бермеу мақсатында тиісті ведомстволармен қолға алынып жатқан шаралар пысықталды.

Қытайдағы эпидемиологиялық жағдайдың ушығып, коронавирус инфекциясы таралған елдер қатарының күн санап көбейіп бара жатқаны бұл індеттің біздің елімізде де таралуын болдырмау шараларына аса жауапкершілікпен қарау қажеттігін аңғартады. Комиссия отырысында сөз алған Көкшетау қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Қанат Ысқақовтың айтуынша, 28 қаңтарға дейінгі жағдай бойынша Қытайда коронавирус жұқтырғандардың саны 4515 адамға жеткен. Оның 106-сы осы індеттен көз жұмған.
Аталмыш елде жүргізілген эпидемиологиялық зерттеулер нәтижесі коронавирус жұқтырғандардың басым көпшілігі Хубей провинциясының Ухань қаласында орналасқан құс, жануарлар еті, теңіз өнімдері сатылатын дүкен қызметкерлері мен тұтынушылары болғанын көрсетіп отыр. Қазіргі таңда Хубей провинциясының он бес қаласында карантин жарияланған. Тұрғындарға қаладан шығуға тыйым салынған.
– Қытайдан бөлек, әлемнің 15 мемлекетінде коронавируске шалдыққан 60 адам тіркелді. Ол елдердің қатарында Гонконг, Тайланд, Макао, АҚШ, Тайвань, Австралия, Сингапур, Малайзия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея, Вьетнам, Непал, Канада, Германия секілді мемлекеттер бар. Коронавирус инфекциясының алдын алу мақсатында Қазақстан Респуб-ликасы Денсаулық сақтау министрлігімен іс-шаралар жоспары қабылданды. Сондай-ақ, министрлікте коронавирус туралы ақпараттандырып отыру үшін Call-орталығы құрылды. Қытайдан облысымызға келген азаматтардың барлығы жіті қадағалауға алынды. Олар 14 күн бойы медициналық бақылауда болады, – деген басқарма басшысы Қанат Ысқақов Ақмола облысының аумағында коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау мақсатында санитарлық-эпидемиологиялық және санитарлық-алдын алу шараларын күшейту жөніндегі өңірлік комиссия мен өңірлік штаб құрылғанын атап өтті.
Қазіргі таңда коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу мақсатында жер-жерде оқу-жаттығу шаралары өткізіліп жатқанын айтқан комиссия мүшелері қоғамда қандай да бір үрей туындамас үшін БАҚ өкілдерінен тұрғындарды осы шаралар жайында уақытында хабардар етіп отыруды өтінді. Сонымен қатар, індеттің таралуы тыйылмайынша, шетелге шықпауға, тіпті болмай жатса, баратын елдегі эпидемиологиялық жағдайды алдын ала біліп алғаннан кейін ғана сапарға шығу, жабайы және үй жануарларына көп жақындамау, кісі көп жүретін жерлерде бетперде киіп жүру, түшкіру, жөтел, қызу көтерілу секілді белгілер пайда болса, дереу дәрігерге қаралу қажеттігі айтылды.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар