«Алтайдың әр жағынан келген ару…»

1936 жылы Қазақстанға жер аударылған халықтардың ішінде алтайлықтар да болды. Сол жылдары тек Шортанды ауданының өзіне 200-ден астам алтайлық қоныстанған екен. Олар тұрған ауыл Алтай ауылы деп аталып кетті. Күні бүгінге дейін атауын жоғалтпаған ауылға бізді Алтайдан Қазақстанға жер аударылған қуғын-сүргін құрбандарының ұрпағы Раиса Салахова бастап алып барды.

Кейіпкеріміз Раиса Николаевна аудан орталығынан қырық шақырымдай жерде орналасқан осы Алтай ауылында дүниеге келген.Туған жеріне апарар жолға түскеніміз сол-ақ екен, оның жүрегі елжіреп сала берді. Ауылына жетіп, ауасын жұтқанша, жерлестерін құшқанша асық болып отыр. Жолды қысқартайық деп оны әңгімеге тартып, ауыл тарихын сұрадық.
–Алтайлықтар қоныстанбай тұрғанда бұл ауыл Молдованка деп аталған екен. 1933 жылы ауылдың негізін Кубань өлкесінен келген қоныс аударушылар қалапты. Олар көшіп келгенде мұнда жазық даладан басқа түк болмапты. Сөйтіп, олар саманнан жертөлелер салып, сонда күндерін көреді. Арада үш жыл өткеннен кейін осы елді мекенге алтайлықтар көшіп келіпті. Олар да саманнан жасалған жертөлелерде тұрады. Менің ата-әжем Василий Каятов және Александра Каятова 1936 жылы қараша айында алты баласымен бірге Қазақстанға жер аударылған. Алыс жолда аштыққа шыдай алмаған төрт баласы осында келгенде шетінеп кеткен. Тек, 6-7 жасар қыздары София мен Августина ғана аман қалған. Августина менің анам. Әке-шешесінің, өзінің басынан өткен осы ауыр жағдайды анам жиі еске алып, мұңайып отыратын. Ол кезді ойлаудың өзі ауыр. Депортацияланған алтайлықтардың жартысы алғашқы қыста-ақ қырылып қалды. Қалың қарда оларды жерлеу мүмкін болмай, тек көктемде ғана бауырластар зираты ашылып, денелері қара жердің қойнына тапсырылғанын анам жылап айтып отыратын еді, – дейді Раиса Николаевна.
–Ал, ата-әжеңізді көрдіңіз бе? – деген сұрағымызға:
– Атам жер аударылғаннан кейін осында үш жыл тұрып, 1941 жылы соғысқа аттанды. Ал, 1943 жылы оның Курск шайқасында қаза тапқаны туралы қара қағаз келді. Әжем де ерте қайтты. Тәтеміз София есейгесін Алтайға көшіп кетті, ал, анам өмір бойы Алтай ауылында тұрды. Көзі тірі болғанда өткен жылы тоқсанға келер еді, – деді ол.
Біраздан соң көлігіміз ауылдық кітапхананың жанына келіп тоқтады. Раиса Николаевна Целиноград қаласында кітапханашы мамандығы бойынша қысқа курсты тәмамдап келгеннен кейін мұнда отыз жыл табан аудармастан еңбек етіпті. Кітапханашы болумен қатар, көптеген мәдени шаралардың басы-қасында жүріпті.
–Оқырмандарымыз көп болатын. Ауыл тұрғындары ұлтына қарамастан, бір үйдің баласындай тату тұрды. Қазір де солай. Оларды ортақ қайғы біріктірді, – дейді кейіпкеріміз.
Бүгінде Алтай ауылында орыс, неміс, украин, белорус ұлтының өкілдері және екі алтайлық отбасы тұрады. Соның бәрін қосқанда тұрғындар саны 100-ге жуықтайды. Барлығы да қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары. Ертеде араларында Лұқпан есімді бір ғана қазақ тұрыпты. Ол да Алтайдың қазағы. Ауылда болғанымызда тұрғындардың ынтымағы мен бірлігін көріп, бір марқайып қалдық. Алтайлықтардың қуғын-сүргін жылдары өздеріне пана болған Қазақ еліне деген ризашылықтары шексіз.
Тұрғындар мал өсіріп, егін егеді. Басым көпшілігі ауылға іргелес Новокубанка селосындағы «Новокубанский» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде еңбек етеді. Осы серіктестік директорының өндіріс жөніндегі орынбасары, Шортанды аудандық мәслихатының депутаты Яков Бельц Алтай ауылының тумасы екенін айта кеткеніміз артық болмас. Оның інісі Александр Бельц ауылда басқарма төрағасы. Ал, аналары Мария Бельц ата-анасымен Қазақстанға он жасында жер аударылған. Кейуана күні бүгінге дейін осында тұрады. Бір қызығы, Раисаның анасы қызы дүниеге келгенде кіндігін ұлты неміс болса да, осы Мария Юлиусовнаға кескізіпті. Содан бері Раиса Николаевна кейуананы кіндік шешем деп қатты құрметтейді. Ол да Раисаны туған қызындай жақсы көреді.
Олармен жеке-жеке әңгімелесе келе, сөздерінен Қазақстанға әбден бауыр басқандарын, осы Шортанды ауданына қарасты шағын ғана Алтай ауылынан асып ешқайда кеткілері келмейтінін байқадық. Раиса төртінші сыныпта оқығанда ата-анасы Алтай Республикасына көшіп барған екен. Алайда, ол жақта бірнеше жыл тұрғаннан кейін қайтадан Қазақстанға оралыпты. Раиса Салахова содан қайтып Алтай Республикасына барып көрмепті. Осында отбасын құрды, балалы болды. Ендігі арманы, ата-бабасының елі Алтайдағы жақындарымен байланыс орнату, араласып-құраласу, ұлттық салт-дәстүрді меңгеру.
–Алтайлықтар өте еңбекқор халық. Тілдері қазақ тіліне ұқсайды. Себебі, алтай тілі де түркі тілдер тобына жатады. Алтайлықтар өз ішінен бірнеше руға бөлінеді. Мысалы, менің руым төлеңгіт. Өкінішке орай, өз ұлтым жайлы көп білмеймін. Анам бізге алтай халқының ұлттық тағамы деп талқан істеп беретін, – деген кейіпкеріміздің «Алтайдың ар жағынан келген ару» деген әнді естіген сайын жүрегі жібіп сала береді.
Кеңестік солақай саясаттың кесірінен сонау 1936 жылы осында жер аударылған алтайлықтарды Алтай ауылының атауы мен мұнда алтайлықтар жерленген зират қана еске салады. Кезінде осында тұрған айтайлықтар ата-бабаларының, туған-туысқандарының рухына зиярат ету үшін зират басына келіп, дұға оқып тұратынын әңгімеден аңғардық.
Раиса Николаевна Қазақстанда дүниеге келгенімен, қуғын-сүргін құрбаны деп саналады. Репрессияға ұшырағаны жөнінде тиісті құжаты да бар. Оны жасатқандағы бар мақсаты ата-бабасының есімі ұмыт қалмаса екен дейді. Өзі осыдан үш-төрт жыл бұрын аудан орталығына қоныс аударса да, жүрегі туып-өскен Алтай ауылында қалды. Ал, ата жұртына деген сағынышы Алтай тауларының биігінде бұлт болып қалықтап бара жатқандай, атажұрты әрдайым санасының түкпірінде тұрады.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Шортанды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар