Әр азаматымыздың парызы

Әлемді жайлаған коронавирус қауіпті індет екенін дәлелдеп үлгерді. Мұның салдарын біздің еліміз де көріп отыр. Алыс-беріс көбейген кездегі осынау зауалдың өршіп бара жатқандығы қынжылтады. Күрес шаралары қызу жүріп жатыр.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы Үндеу, Мәлімдеме жасап, орын алған жағдайды күнделікті бақылауында ұстап отыр. Халыққа көмек-қолдаудың барлық түрі толық көлемінде көрсетілуде дей аламыз.
Бірақ, бұл маңызды құжаттар рес-публика тұрғындарының жеке жауапкершілігін, азаматтық парызын ұштауға бағытталғанын да ұмытпауымыз керек. Қазақстан Президентінің 2 сәуірдегі «Әскери міндеттілерді арнайы жиынға шақыру туралы» Жарлығы осыны білдіреді және індетпен күрестің жалпыхалықтық сипат алғанын еске салады. Біздің аудан тұрғындары мұны жақсы түсінеді. Карантиндік талаптар қатаң сақталып, медицина, тағы басқа салалар қызметкерлерімен бірге еріктілер де дезинфекциялық жұмыстарға қатысқанына ризамыз.
Қазіргі күні жергілікті әскери комиссариат кеңсесінде кісі қарасы көбейді. Бұлар арнайы жиындарға өз еркімен келген азаматтар. Бұлардың қатарында менің де ұлдарым болатынына сенемін. Осы орайда, Жандосым Астанадағы Отан қорғаушылар күні мерекелік парадына, ал Ақжолым Ұлы Жеңістің 72 жылдығына арналған әскери шеруге қатысқанын айтқым келеді. Президенттің Жарлығы еліміздегі осындай жастардың бастамасымен қабылданды деп ойлаймын.
Халқымыз азаматтық парызды асыл қасиет санайды. Отансүйгіштік, Елжандылық ұғымдарының негізі де осында. Біз Отан шақыруына үн қосқан азаматтарымызды мақтан етеміз!
Шайым Мағжанова,
көп балалы ана.
Жақсы ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар