Қоғамдық келісімді нығайту – парызымыз

Биылғы жылы елімізде мерейлі даталар көп. Соның бірі Ата Заңымыздың 25 жылдығы мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығы, ұлы Абайдың 175, Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойлары, сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы. Осы жылдар аралығында ассамблея бірлік пен ынтымақтың символы болып қана қоймай, ел тағдыры үшін маңызды экономикалық, саяси бастамаларға да үлесін қосты.

Ақмола ассамблеясының тиімді жұмысын қамтамасыз ету мақсатында облыста бірнеше ұйымдар жұмыс істейді. Олар Көкшетау қаласындағы «Қоғамдық келісім» мемлекеттік коммуналдық мекемесі, Степногорск қаласындағы Достық және шығармашылық үйі, Зеренді және Целиноград аудандарындағы Достық орталықтары.
Сондай-ақ, Қоғамдық келісім кеңестері, Аналар кеңестері, Ғылыми-сараптамалық топ, Журналистер клубы, «Достық» депутаттар тобы, Сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің одағы секілді облыстық ассамблеяның қоғамдық құрылымдары мемлекеттік органдармен және барлық этно-мәдени бірлестіктермен тығыз байланыс орнатты. Облыстық, аудандық және ауылдық деңгейлерде 3000 адамды қамтитын 248 Қоғамдық келісім кеңестері жұмыс істейді. Бұл кеңестер әлеуметтік осал топтағы азаматтардың мәселелерін шешуге көмектесу, оларды жұмыспен қамту, әлеуметтік нысандар мен жолдарды жөндеу секілді халықтың әлеуметтік мәселелерін шешу мақсатында 200-ден астам іс-шара өткізді.
Облыстық ассамблея жанында 105 Аналар кеңесі жұмыс істеп келеді. 2019 жылдың соңында Ақкөл, Егіндікөл, Жақсы және Шортанды аудандарында Аналар кеңестері ашылды. Биыл олар 100-ден астам іс-шара өткізді. Бұл шараларға 5000 адам жұмылдырылды. Отбасы институтын нығайту, қазақ халқының әдеп-ғұрыптарын, салт-дәстүрлерін, қоғамның өнегелі құндылықтарын дәріптеу, қайырымдылық акцияларын ұйымдастыру – Аналар кеңестерінің негізгі мақсаты саналады.
Құрамына облыстың алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының 5 ғылым докторы, 8 ғылым кандидаты, 5 магистрі кіретін Ақмола ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобы жайлы да осы арада айтпай кетуге болмайды. Ғылыми-сараптамалық топ өздерінің отырыстарында мемлекеттік этносаясаттың негізгі мәселелерін талқылап, ғылыми, әдістемелік, сараптамалық қызметтерді жетілдіру бойынша идеялар мен тұжырымдамалар ұсынады, облыстың этносаяси, әлеуметтік-экономикалық дамуы беталысына кешенді сараптамалық баға береді. Топ мүшелері ғылыми жоба конкурстарына белсене қатысып тұрады.
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті мен А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті базасында Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедралары жұмыс істейді. Бұл кафедрада студент жастарға толеранттылық мәдениеті, ұлтаралық келісімді қалыптастыру бойынша тәрбие, жастарды әлеуметтік, ғылыми жобаларға, стартаптарға тарту жұмыстары жүргізіледі.
Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік мәселелерін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау мақсатында 2011 жылдан облыстық ассамблея жанында республикалық, облыстық, қалалық газеттер мен телевизия саласының 20-дан астам журналисінің басын қосқан Журналистер клубы жұмыс істеуде. Олардың негізгі тақырыбы – ұлтаралық және конфессияаралық келісім шеңберінде Қазақстанның жетістіктерін, тәуелсіздік жылдары қалыптасқан Қазақстан халқы бірлігін кеңінен насихаттау болып табылады.
Ширек ғасырды артқа тастаған Қазақстан халқы Ассамблеясы уақыт көшінен қалмай, алда тұрған міндеттерді елмен бірге атқаратыны анық. Облыстық ассамблея қызметінде жаңа әлеуметтік жобалар пайда болды, қайырымдылық шаралардың аясы кеңейді, дау-дамайлар мен жағдайларды шешуге көмектесетін медиация кабинеттері ашылды.
Өңірде 116 медиация кабинеті бар. Мұнда Ақмола ассамблеясымен ынтымақтастық орнатқан 87 кәсіби және кәсіби емес медиатор қызмет атқарады. 2019-2020 жылдары медиаторлар азаматтарға отбасылық-тұрмыстық, мүліктік және еңбек мәселесі бойынша мыңнан астам кеңес берді, медиация саласы бойынша 2800 адам жұмылдырылған 160 іс-шара өтті.
Бұдан бөлек, жастарды жұмыспен қамту мақсатында облыс ұйымдарының, кәсіпорындары мен ауыл шаруашылығы құрылымдарының қатысуымен бос орындар жәрмеңкелері ұйымдастырылып тұрады. Өткен жылы жұмысшы жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау жобасы кең танымалдылыққа ие болды. Ақмола ассамблеясының футбол командасы құрылып, халықаралық турнирлерге қатысып, жеңіс тұғырынан көрінді.
Облыстық ассамблея жанынан құрылған кәсіпкерлер қауымдастығының жастарға арналған көптеген әлеуметтік жобалары бар. Тіпті, олардан тәжірибе жинақтау үшін Солтүстік Қазақстан облысының өкілдері де келді. Сондай-ақ, жуырда ассамблея жанынан құрылған «Біз біргеміз!» жастар волонтерлік қозғалысы 1,3 миллион теңгеге әлеуметтік осал топтағы азаматтарға азық-түлік, дәрі-дәрмек түрінде көмек көрсетті.
Ассамблея жұмысының тиімділігін қамтамасыз етуде Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының төрағасы, облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өтетін облыстық ассамблея кеңесі мен сессиясының маңызды рөл атқаратынын айтқым келеді. Этникалық қақтығыстың себебін ертерек анықтау және жою үшін атқарушы және құқық қорғау органдары бірлесіп жұмыс істеп келеді. Осы жұмыстың аясында өңірдің қоғамдық саяси ахуалына нұқсан келтіретін мәселелерді анықтау және шешу мақсатында этно-мәдени бірлестіктердің басшыларымен дөңгелек үстелдер, кездесулер өткізіледі.
Достық үйі жанында «Шаңырақ» жексенбілік тілдерді оқыту мектебі жұмыс істеп тұр. Бұл жексенбілік мектепте мемлекеттік тіл – қазақ тілімен қатар, тоғыз ұлттың тілі үйретіледі. 2019 жылдың қазан айында Достық үйінде қазақ тілін оқыту курстары ашылды. Атқарылған жұмыстар облыста бейбітшілікті, келісім мен бірлікті нығайтуға бағытталған. Қазақстан халқының бірлігі – біздің тәжірибе жүзінде сыннан өткен, күнделікті көп еңбекті талап ететін жұмыс екенін баршамыз білгеніміз жөн.
Мәрзият ТОХАЕВА,
Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар