Белсенді жастар – ел үміті

Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы былтыр Жастар жылы аясында құрылған болатын.

Ұйым жастары көзі ашық, көкірегі ояу, білімді ұрпақ қана XXI ғасырдың көшбасшысы болатынын есте сақтап, сондай дәрежеге жетуге құлшыныстары жоғары екендігін дәлелдеп келеді. Биылғы жыл – Волонтер жылы деп жарияланғаны белгілі. Осыған орай, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының жаңында Волонтерлік орталық құрылып, жұмыс атқаруда. Волонтерлік орталықтың төрағасы болып ассамблея белсенділерінің бірі, кәсіпкер Омар Шоназаров сайланды. Белсенді мүшелер қатарында Артем Мащинский, Индира Нұралиева және бір топ мектеп оқушылары бар. Волонтерлік орталықтың жетекшілері мен мүшелері Нұр-Сұлтан қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен жалпыреспубликалық волонтерлік фронт-офистің ашылу салтанатына қатысып, семинар мен тренингтерде дайындықтан өтті.
Қазіргі таңда волонтерлік орталықтың белсенділері экологиялық жоба әзірлеуде. Ассамблеямыздың волонтерлік орталығы Ақмола облысының алдыңғы қатарлы волонтерлік ұйымдарының біріне айналатынына сенім мол.
Жастар арасында бірлік пен келісім идеяларын насихаттау мақсатында 2020 жылдың ақпан айында Көкшетау қаласының жоғары оқу орындарының студенттік ассамблеяларының фестивалі өтті. Фестивальда студенттік ассамблея мүшелері жоғары деңгейде өнер көрсетіп, атқарған жұмыстарын баяндады. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті, Көкшетау техникалық институты, Гуманитарлық-техникалық академия студенттері облыстық ассамблея жанындағы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының жұмыстарына белсене қатысып келеді.
Бүгінде «Жаңғыру жолы» Ақмола облысындағы он бес этно-мәдени бірлестіктердің жас өкілдерін біріктіреді. Жастар ұрпақтар сабақтастығын жалғастыра отырып, бірлік пен келісім идеяларын насихаттауға үлес қосуда.Сөз соңында жастар қозғалысына сеніп, қолдау көрсеткені үшін Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының жетекшілері мен «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкерлеріне алғысымызды айтқымыз келеді.
Баршаңызды Қазақстан халқы бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын. Ынтымақ-бірлігіміз жасай берсін!
Аслан ӘБУТӘЛІПОВ,
Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар