Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне ҮНДЕУІ

Құрметті ақмолалықтар!
Барша әлемді жайлаған коронавирус пандемиясы әлі де басылар емес. Бұл халқымыздың денсаулығына зиян тигізген індет. Сол себепті, біз оны бүкіл ел болып күресіп, әр адам осыған өз үлесін қосып, бар күш-жігерімізді біріктіргенде ғана жеңе аламыз.
Құрметті ақмолалықтар, ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары!
Коронавирус пандемиясы бүгінгі таңда да үлкен проблема болып қалып отыр. Індетпен күреске барлық материалдық және адам ресурстары жұмылдырылып, аурудың одан әрі таралуына жол бермеу үшін қажет шаралардың бәрі қолданылуда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың мәлімдемесімен елімізде төтенше жағдай режимі 11 мамырға дейін ұзартылды. Карантиндік шектеу шараларын кезең-кезеңімен жұмсартудың жаңа қадамдары баяндалды. Тұтастай алғанда, барлық шаралар халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталып отыр.
Біздің облыс еліміздің ең ірі аграрлық аймақтарының бірі болып табылады. Осы орайда, Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев егіс науқанының өз мерзімінде өтуіне үлкен көңіл бөлуде. Біздің басты парызымыз да көктемгі дала жұмыстарын сапалы ұйымдастыру болып табылады. Халық «көктемнің бір күні жылға азық» деп текке айтпаған. Биыл көктем ерте келіп, диқан қауымын асықтырып отыр. Осыған байланысты кондициялық тұқым қоры, техника жағынан болсын, жауапты науқанға дайындық жоғары деңгейде.
Топырақта ылғал қоры да жеткілікті. Биыл қардың көп түскені болашақ өнімнің берік негізін қалауға мол ықпалын тигізуде. Облысымызда жаздық дақылдар алқабы 5 миллион гектарды құрайды. Оның негізгі бөлігі дәнді дақылдар. Бүгінгі таңда ауыл еңбеккерлерінің көбі көктемгі егіске дайындық кезеңіне толық көлемде кірісіп кетті. Тұқым себу кезінде егіс алқаптарында 14 мыңнан астам трактор, 16 мыңнан астам астық сеялкасы, соның ішінде көптеген егіс кешендері жұмыс істейтін болады. Ауыл шаруашылығы техникасын жөндеу жұмыстары толық аяқталды. 4,7 миллиард теңгеден астам қаржыға жаңа ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес көктемгі дала жұмыстарын сапалы өткізу мақсатында облысқа 70 мың тоннаға жуық дизельді жанар май бөлінді. «Аграрлық кредит корпорациясы» және кредит серіктестіктері жүйесі арқылы ең көп дегенде 5 пайыздық жылдық өсіммен несие беру мәселесі шешілді. Бұл біздің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне үлкен көмек. Бүгінгі таңда осы мақсатта ақмолалық шаруаларға 20 миллиард теңге көлемінде несие берілді. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы шағын шаруашылық субъектілеріне бөлінетін 6 миллион теңгеге дейінгі несие және бір айтарлықтай көмек болып отыр. Бұл – тұтастай алғанда 2,5 миллиард теңге.
«Азық-түлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» мен екінші деңгейдегі банктердің, «Есіл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының кепілдіктері немесе сатуға жарамды мүлікті кепілдікке қою арқылы астық сатып алу мәселесі де шешілді. Бұл ұйым тұқымдық ссуда да бергелі отыр. Ол күзде тауарлық астықпен қайтарылады. Бүгінгі күнге дейін біздің облыстан 1500 тонна тұқымдық астыққа өтінім түсті.
Карантин режиміне байланысты фермерлер мен шаруа қожалықтарынан облыс бойынша жүріп-тұруға өте көп өтініштер түскен болатын. Бұл мәселе де шешілді.
Облыстық әкімдік облыс аумағындағы блок бекеттер арқылы кедергісіз өтудің қажетті алгоритмін әзірледі. Сөйтіп, кәсіпорындар да аграршыларды қосалқы бөлшектермен ешқандай бөгетсіз қамтамасыз ететін болды. Бүгінгі күнгі тағы бір маңызды фактіге назар аударғым келеді. Облыс еттің барлық түрлері, сүт, жұмыртқа, бидай ұны және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша өзінің ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз етіп отыр. Біздің астанамыздың да азық-түлікпен қамтамасыз етілуіне ақмолалық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері лайықты үлесін қосуда. Сол үшін мен Сіздердің баршаңызға шынайы алғысымды жеткізгім келеді. Сіздердің әрқайсыларыңыз біздің еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне баға жеткізгісіз үлестеріңізді қосып келесіздер.
Коронавирус пандемиясы және соған байланысты енгізілген карантиндік шектеулерге орай, эпидемиологиялық күрделі жағдайлар барысында барлық шаралар онлайн режимінде өткізілуде. Сондықтан, көктемгі дала жұмыстарына дайындық жөніндегі жылдағы дәстүрлі кеңестің орнына мен сіздерге бейне көрініс үлгісіндегі осы үндеуімді жолдауымды жөн көрдім. Сол себепті, көктемгі дала жұмыстарын сапалы өткізу үшін мемлекет тарапынан қажет болатын барлық шаралардың қабылданғанын тағы бір атап өткім келеді. Осы бір күрделі кезеңде бәрімізге тыныштық, ұйымшылдық пен орындаушылық тәртіп және азаматтық жауапкершілік танытудың маңызы зор. Ауыл еңбеккері әрқашан осы қасиеттерімен ерекшеленіп келгені белгілі.
Осы бір жауапты сәтте менің басты сөзім басшыларға арналады. Көп нәрсе сіздердің өз ұжымдарыңызда барлық санитарлық нормалар мен қауіпсіздік талаптарын сақтай білулеріңізге байланысты. Сіздердің әрбір қызметкерлеріңіз өзінің қорғалғанын іштей сезіне білуі, осыған сенімді болуы тиіс.
Біздер осы бір ауыр кезеңнен бәріміз бірге өтіп, әрдайым сабыр сақтап, облыс ауыл шаруашылығы саласының одан әрі дамуы үшін бар күш-жігерімізді салатынымызға өз тарапымнан кәміл сенімдімін. Сонымен бірге, осы бір сәтті пайдалана отырып, сіздерді мамыр айында аталып өтетін барлық мерекелермен шын жүректен құттықтаймын! Баршаңызға қажымас қайрат, мықты денсаулық, отбасыларыңызға құт-береке тілеймін! Біз біргеміз!

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар