Өзекті мәселе

Заң арқылы міндеттейтін кез келді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетіне берген «Ұлттық қауіпсіздік тілімізді қадірлеуден басталады» деген сұхбатында айтылған мемлекеттік тілге қатысты пікірлермен толықтай келісемін. Өйткені, мемлекетіміздің болашағы мемлекеттік тілмен байланысты.

Қазақтың біртуар ұлы Әбіш Кекілбаев айтпақшы: «Тілдік жарасым жоқ жерде әлеуметтік жарасым болмайды. Бір тілдің жоғалуы тек белгілі бір ұлтқа ғана емес, күллі адамзатқа жасалған қиянат болып табылады. Ал мәдениет пен тіл сияқты аса нәзік құбылыс тек белгілі бір ортада ғана өркен жайып, көсегесін көгерте алады. Әр тіл мен мәдениеттің ғасырлар бойы қалыптасқан сондай өз ортасы бар. Мәселен, қазақ тілі әлемдік мәдениеттің бөлінбес бөлшегі ретінде тек қазақ топырағында ғана ойдағыдай дами алады. Ол осындай күллі адамзаттық маңызы бар рухани құбылыс ретінде кемелденіп жетілуге тиісті мемлекеттік маңыз бен нақты қамқорлықты тек қазақ топырағында ғана талап ете алады».
Сондықтан, мемлекет басшысының тілімізге деген құрметті сіз бен бізден талап етуі заңдылық.
Ал, ой тереңінің тұңғиығы Конфуцийге шәкірттері: «Егер бір елге басшы болсаңыз, алдымен не істер едіңіз?» – деп сауал қойғанда, адамзаттың ойшылы: «Ұлттың тілін тәртіпке салар едім», – деп жауап беріпті. Себебін сұрағанда «Тілі бұзылса, ұлттың рухы мен әдет-ғұрпы да бұзылады. Рухы мен әдет-ғұрпы бұзылса, әділет пен ақиқат жоғалып, халық шарасыздықтан жо-йылу қаупіне душар болады. Тілі бұзылған ұлттың келешегінен үміт күтуге болмайды. Мұндай жағдайдың алдын алған дұрыс», – деп бекер айтпаса керек.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін Ата Заңымыз айқындап берген тұғырына көтеру үшін сөзден іске көшіп, нақты іс-шаралар атқаратын кез келді. Жалпы азаматтарымыздан, әсіресе, мемлекеттік мекеме басшыларынан «Тіл туралы» заңның 4-бабының талаптарын орындауды нақты талап етуіміз қажет. Ал, өз әріптестерімнен, мемлекеттік мекемелер сотқа жолдаған процессуалдық құжаттарын шет (орыс) тілде рәсімдеген жағдайда, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 270-бабына сәйкес, мекеме басшысына мемлекеттік тілді құрметтемегені үшін жекеше қаулы шығарылуы қажет деп есептеймін.
Себебі, заң талабы бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Мемелекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы. Үкімет, өзге де мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдар Қазақстан Республикасында мемлекеттік тілді барынша дамытуға міндетті. Ақмола облысы соттарында мұндай тәжірибе 2020 жылдың басынан қолданылып, оң нәтижесін беруде.
Осындай шаралардың арқасында, облыс соттары «Тіл туралы» заңының үстемдігін қамтамасыз етуде.

Досжан Әміров,
Ақмола облыстық сотының төрағасы

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар