Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды!

Зұлқарнай атамыздың «Қызыл Ту» ордені

Адамзат баласын қайғы-қасіретке душар еткен екінші дүниежүзілік соғыс өрті басылғанына 75 жыл толғанымен, миллиондаған жүректердегі жан жарасы еш уақытта жазылар емес. Өйткені, бұл соғыста Кеңес Одағы 27 миллион адамынан айырылды. Майдан даласында шәйіт болған бұл боздақтардың арасында орыстар, украиндар, беларустар, қазақтар, бір сөзбен айтқанда, сол кездегі он бес одақтас республиканы мекен еткен жүздеген ұлттар мен ұлыстардың өкілдері бар болатын. Бұл айтып отырғанымыз адам шығыны ғана. Ал, қираған қалалар мен күйзелген халық шаруашылығына келтірілген залалды цифрмен айтып жеткізу мүмкін емес-ті.

Кешегі Ұлы Отан соғысы шарпымаған қазақтың да шаңырағы кемде-кем шығар. Көкшетау ауданындағы Дөңгілағаш ауылынан ғана қан майданға 63 адам аттанып, оның 36-сы ұрыс даласында шәйіт болды. Аталары мен әкелерінен, асыл жарларынан айырылған отыз алты шаңырақ осылайша қара жамылды. Ауылдастары іштерінде жаралылары, мүгедектері бар 27 жерлесіміздің елге оралғанына шүкіршілік етті. Өйткені, ұнжырғасы түскен елдің еңсесін көтеріп, күйзелген шаруашылықты қалпына келтіретін адам күші де ауадай қажет болды. Бәрінен де майдандағы әке, ағаларына деген сағынышты айтсаңызшы.
–Мен соғыс басталғанда туған перзент болғандықтан, отбасымыздағы барлық ауыртпашылықтың зардабын үлкендермен бірге сезіндім. Жансебіл аналарымыздың қамқорлығы арқасында қағажу да, ашаршылық та көрмей өстік. Ал, Құрманғожа атамның отбасынан соғысқа үш ұлы, үш немересі қатысты. Менің әкем Мүсілім ағасы Зұлқарнай екеуі майданға бір күнде аттанып, Брянск бағытында №110 атқыштар полкінде екі жылдай немістермен табандылықпен шайқасты. 1943 жылдың шілде айында бір аяғынан айырылған Зұлқарнай атам елге 1944 жылы оралды. Аман келгеніне шүкіршілік еткен ағайындары оның майданда қандай ерлік жасағанынан бейхабар болатын,–дейді біздің Қалымтай ағамыз.
Бертін Ресейдің «Память народа» сайтынан мынадай қуанышты мәлімет таптық. «1943 жылғы 9 қыркүйекте Чулатово селосына өзінің бөлімшесімен алғашқы болып шабуылдап, басып кірген Зұлқарнай Құрманғожин қасындағы серіктестерімен 150 гитлершіл жауынгерлер мен офицерлерді оқ жаудырып, жер жастандырды. Осы ерлігі үшін Орталық майданы құрамындағы №283 Красно-Уфимовский дивизиясының бөлімше командирі Зұлқарнай Құрманғожин «Қызыл Ту» орденіне ұсынылады. Бұл құжатқа полк командирі, полковник Гусев қол қойып, кейін дивизия командирі, генерал-майор Киселев бекітеді. Одан әрі бұл марапаттау қағазы Орталық майданының Әскери Кеңесінде қаралып, майдан қолбасшысы, генерал-лейтенант Батов, Әскери Кеңес мүшесі, генерал-майор Галецкий «марапатталсын» деген шешім шығарады. Қолымыздағы құжатта соның бәрі тайға таңба басқандай айқын көрсетіліп тұр. Соған қарағанда, майданда «Қызыл Ту» орденін алу кез-келген соғысқа қатысушыға оңай соқпаған сияқты. Өйткені, екінші дүниежүзілік соғыс туралы басылым бетін көрген кей мақалалардан Кеңес Одағының Батыры жоғары атағына ұсынылған кейбір ұлты қазақ біздің ата, ағаларымыздың өзі оның орнына «Қызыл Ту» орденін алғанын оқығаным бар еді. Тиісті ақпарат көздеріне зер салсақ, бұл кеңес өкіметінің сонау азамат соғысында белгіленген алғашқы ордендерінің бірі екен.
Алайда, жаралы болып, госпитальға емделіп, одан кейін Қазақстанға қайтарылғандықтан, атамыздың бұл награданы ала алмағаны өкінішті-ақ. Ендігі ойымыз, Ресейдің әскери архивтеріне тағы да сұрау салып, «Қызыл Ту» орденін беру жөнінде Жарлықтың шыққанын білу. Әкем Мәмбетәлі мен атамның немересі Сәнтай ағай майданнан соғыс біткен соң оралды. Әкей Петропавлда арнайы курсты бітіріп, колхозда мал дәрігері болып істеді. Өкінішке орай, Әутәліп атам мен Сағидолла, Қалиолла ағайлар майдан шебінде шәйіт болды. Бертіндері Әутәліптің майданда көрсеткен ерлігі үшін орденмен марапатталғаны жайлы хабар елге жеткенімен, әскери комиссариаттағылар бұл награданы ең жақын туыстарына береміз деп алуға рұқсат етпеді.
Атамның алты перзентінен басқа біздің әулеттен Отан қорғауға Сақи Құсайынов, Тиеш Арықов, Рашид Алшынбаев, Қабыкен Құлышев, Қабыкен Рахымов барды. Сақи атай Хабаровск қаласында әскери дайындықтан өтіп, Украинаның Харьков қаласын азат ету және Дон бойындағы ұрыстарға қатысты. Украина майданында соғысқан Тиеш Арықов елге оралған соң еңбекке бел шешіп араласты. 1951 жылы Қонысбай, Дөңгілағаш, Қызыл Жұлдыз, Алтыбай ауылдары біріктіріліп, «Абай» колхозы құрылғанда партия ұйымының хатшысы болды. №315 атқыштар полкының зеңбірек атқышы Қабыкен Рахымов Мәскеуді қорғаса, Қабыкен Құлышев Қиыр Шығыста жапонның Квантун армиясымен шайқастарға қатысты. Рашид Алшынбаев соғысқа он сегіз жасында өзі сұранып барды. Осының бәрі неткен қайсарлық десеңізші.
Құрманғожа әулетінен Ұлы Отан соғысына қатысқан он бір боздақтың есімдерін еске алып отырғаным, оларды бүгінгі ұрпағы кім екендерін біліп жүрсін деген ой ғой. Майдан шебінде шәйіт болғандары өмірдің еш қызығын көрген жоқ. Ал, елге оралғандары мысқалдай болса да халық шаруашылығына пайдасын тигізді, артында ұрпақ қалдырды. Ендігі біздің қолдан келер шаруамыз, әкелерімізге иман байлығын тілеп, олардың қасиетті есімдеріне дақ түсірмейтіндей өнегелі ұрпақ тәрбиелеу.
Шынар МӘМБЕТӘЛІҚЫЗЫ,
немересі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар