Құрылыс саласындағы алаяқтық азаймай тұр

Құрылыс саласындағы алаяқтық  азаймай тұр

Үй салып беремін деп адамдардан ақша жинап алып, үйін де, ақшасын да бермей кететін алаяқ компаниялар әр жерде кездесіп қалады. Жиған-терген бар ақшасын салып, алданып қалған үлескерлер біздің облысымызда да бар. Осы орайда облыстық прокуратура өз құзыреті шеңберінде алаяқтықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарға жете көңіл бөледі.

Таяуда Ақмола облысы прокуратурасының бастамасымен «Көркем-2008» және «Жаңа-Алтай Group» ЖШС-нің басшылары Қазақстан Республикасы Әкімшілік Кодексінің 320-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл серіктестіктерге 416 мың 700 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
Облыс прокуратурасы тұрғын үй құрылысы нарығындағы жағдайға мониторинг жүргізу барысында жоғарыда аталған екі серіктестіктің жергілікті атқарушы органдардың тиісті рұқсатынсыз және «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ-ы кепілдігінсіз тұрғын үй құрылысына азаматтардың ақшалай қаражатын тартқысы келгендігі анықталды. Қазіргі уақытта жарнама сайттарынан бұл компаниялардың пәтерлерді сату туралы хабарландырулары жойылды.
Өкінішке орай, арзандау бағаға жаңа үй сатып аламыз деп үміттенген адамдардың көбі осындай алаяқ компаниялардың арбауына түсіп қалып жатады. Бұған ең алдымен, азаматтарымыздың құқықтық сауатының аздығы себеп болады дейді прокуратура мамандары. Шындығында, үй сатып алатын адам кепілдік беру Қорымен жасалған кепілдік беру туралы шартты, ақшаны тартуға жергілікті атқарушы органның рұқсатын, басқа да қажетті құжаттарды талап етуге құқылы. Мұндай құжаттары болмаған компаниялардан аулақ жүрген жөн.
Осы орайда, Ақмола облыстық прокуратурасы үлескерлік құрылыс саласындағы заң бұзушылықтар байқала қалған жағдайда прокуратураға жедел хабарласуды сұрайды. Прокуратура мамандары азаматтардың үлескерлікке қатысты кез-келген сауалдарына жауап беріп, құқықтық көмек көрсетуге әзір.
Қалкөз ЖҮСІП.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *