Тәуекелсіз адам болмас

Тәуекелсіз адам болмас

Қазақта «уайым түбі – теңіз, түсерсің де кетерсің, тәуекел түбі – қайық, мінерсің де өтерсің» деген нақыл сөз бар. Тәуекел деген қасиет – бұл бойындағы қорқынышын жеңген, батыл, ержүрек, ерлерде ғана кездеседі, ал қарапайым жандардың көбі тәуекелге бара алмай, қорқыныштарына бой алдырып, соның салдарынан өмірде алға жылжи алмай тұсалған аттай бір орнында қалады.

Мен тәуекелшілерден қорқамын

Сайтан айтыпты деген осы сөздің астарында үлкен мән бар. Қорқыныш, үрей, күмән, күдікке бой алдырған адам ешқашан тәуекел ете алмайды. Ал бұл аталған қасиеттердің бәрі сайтанның арбауымен туатын қасиеттер. Қорқыныш пен күдікке бой алдырған адамның ешқашан ісі алға баспайды. Көлеңкесінен қорқатын пенденің тәуекел етіп жақсы істі бастауы қиын ғана емес, тіпті мүмкін болмай қалады.
Орыстарда «риск – дело блогородное» деген сөз бар. Яғни, тәуекел деген екінің бірінің маңдайына жазылмаған Жаратқан сыйлаған жақсы қасиет екен. Ондай қасиетке ие әрбір пенде түптің түбінде ойына алған мақсатының биіктерінен көрінері анық. Өйткені, тәуекелшіл адам қашанда мақсатына жетуге тың қадам жасаудан қашпайды. Ол жасаған әрбір жаңа қадам мақсат биігіне жетуге мүмкіндікті молайта түседі.

Тәуекелшілдік қасиетке қалай ие болуға болады?

Тәуекелшілдік кейбір адамдардың бойында туабітті қасиет болып қалыптасқан. Ал енді бойыңызда мұндай қасиет болмаса не істеу қажет?  Тәуекелшілдік қасиетті бойға дарыту үшін ең алдымен өз ақыл-ойыңызды бақылап, басқаруды үйренген жөн болады.
Оның ең қарапайым және сенімді тәсілі – күнделікті істейтін шаруаларыңызды жоспарлап алу және күн тәртібін белгілеу. Өзіңіз жасаған жоспар мен күн тәртібін сақтауға тырысып жүрсеңіз, бойыңызда ақырындап ерік-жігер пайда болады. Ал ерік-жігер жүрген жерде қорқыныш, күмән дегендер болмайды. Яғни, жігерлі адам әрқашан тәуекелден қашпайды.
Екінші назар аударатын нәрсе – бір істі бастаған кезде басқалармен, оның ішінде әйеліңізбен, туыстарыңызбен ақылдасудың жөні жоқ. Өйткені, айналаңыздағы адамдармен ақылдасып жасауды әдетке айналдырсаңыз, сіз ешқашан өз бетіңізше шешім қабылдай алмайсыз және тәуекелден аулақ боласыз.
Сіз ақылдасқан адамдардың көбі сізге тәуекел дегеннің қорқынышты екендігін, ең қауіпсізі – тәуекелге бармай ақырын жүріп, анық басқан деген мазмұнда ақыл-кеңес берері анық. Жалпы, бұндай ақыл-кеңес беру көп адамдарға, оның ішінде қазақтарға тән қасиет қой. Оған еш таңырқауға болмас. Ал осындай кеңесті естіген кезде сіздің бойыңыздағы тәуекел етіп, жаңа істі бастауға деген құлшыныс күрт азаяды. Оның соңы тәуекелден және жаңа істі қолға алудан бас тартуға ұшырататыны анық.
Мынаны есіңізде ұстаңыз: биіктерге жетемін  десеңіз, қатерге ұшыратуы мүмкін тәуекел әрдайым алдыңыздан шығады және сондай тәуекелдерге бару үшін барлық жауапкершілікті өз мойныңызға алып, өз ақылыңызбен шешім қабылдау қажет болады. Міне, қарапайым осы тәсілдерді пайдалансаңыз, тәуекел деген қасиетті бойыңызға сіңіріп, қиындықтарға қасқая қарсы тұрып, арман биіктерінен көрінеріңіз даусыз.
Қалкөз ЖҮСІП.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *