КӨКШЕНІҢ ӘНІН КІМ ШЫРҚАР?!.

КӨКШЕНІҢ ӘНІН КІМ ШЫРҚАР?!.

Әнші Қажыбай дүниеден озыпты!.. Кәдімгі Қажыбай Жахин!.. Күні кеше ғана зерленіп оюланған ақ түсті шапанымен, үкілеген бөркімен, қызыл шырайлы көркімен сахнаға шығып, ән салып жүрген Қажыбайдың да жылыстап мына бақи дүниеден озғанын естіп, біраз уақыт еңсемді жия алмай қалдым.

Қажыбай кез –келген әнді жүрегімен айтушы еді! Әсіресе, халық әндері мен халық композиторларының әндерін айтуға келгенде оның алдына әнші түсе бермейтін-ді. Ол өзі де кең тынысты әнші болғаннан кейін, қазақтың кең сахарасын сахна еткен дала композиторларының әндерін тынысы тарылмай еркін айтатын.

Қажыбай кез келген әнді Сарыарқаның еркін соққан самалындай кейде желпіндіріп, кейде еркелетіп, кейде ойнатып айтатын.

Қажыбайдың күміс көмейінен төгілер ән Кербез Көкшенің Оқжетпесіндей кейде асқақтап, өзі туып-өскен Көксеңгірдің желмен ойнаған шашақты көдесіндей кейде бір желпініп, тағы да кейде бір қайран да, қайран Көкшетаудың сексен көлінің толқыны болып кез келген тыңдаушысының жүрегіне ақ көбік болып шашылатын еді.

Қажыбай ән салғанда Бурабай көк мұнарланып, Айнакөлдің айдыны ажарланып, Жұмбақтастың да жүрегі бір сәтке дір етіп, мәңгі ұйқыдағы Жекбатыр да бір күрсініп, Бөлектау ол да бір бойын жазып алатын.

Қажыбай ән салғанда зерлі Зерендінің көкке бой түзеген көк қарағайы мен аққайының сырлы сыбдыры да саябырсып, Қажыбай салған әнмен тұңғиық төңірек тербелетін де, көз ұшындағы Жыланды таудың биігінен сезім жүрекке Балқадиша елес болып қол бұлғайтын…

Қажыбай Айыртауда ән салса Саумалкөл мен Шалқар көлдің айдынындағы аққулар қанаттарын желпіп, махаббат әнімен сыңсыйтын, Қамсақты қамығатын, Сырымбетте ән салса Құлагер дүние кейде күңіреніп, кейде күрсініп, кейде мұңайып көз жасын бір сығып алатын.

Қажыбай Ақан серінің әнін салғанда серінің шырмауықтай шырмалған ғұмырының мұңы болып күңіренетін, Біржан салдың әнін салғанда арман-мақсатына жеткізбей кеткен «Айбозым» дүниенің зарын төгетін, Үкілі Ыбырайдың әнін айтқанда «ой… гә-гә… гә-гә» деп гуілдеп алып, түнеріп келген өмірдің ауыр бұлтын асқақ үнімен сейілтіп алатын да, көңіл көгіңді ағартып, жадыратып та, жарқыратып та сол көңіліңді шәйдай ашып жіберетін.

Әнші Қажыбай Жахин күміс көмей үнінің осындай құдіреті бар еді!..

Өткен ғасырдың сексенінші жылының аяғы мен тоқсаныншы жылдардың басында қазақ руханияты керемет бір серпіліс пен өрлеуді бастан кешірді. Бәлкім бұл кеңес одағының сол кездегі басшысының горбачевтік қайта құру мен жариялылығының жылымығы, одан кейін қазақ елінің өз тәуелсіздігін алуы бар осы бір өлара тұстағы қазақ елінің өз тілі мен мәдениетіне деген керемет бір құмарлығы оянған болатын.

Міне, осы бір шақта Алматыдағы Жүсіпбек Елебеков атындағы өнер студиясын атақты әнші Қайрат Байбосыновтың алдынан бітіріп, Көкшетауға Қажыбай келді. Өзі көрікті, өзі сал, өзі сері Қажыбайдың аты Көкше еліне тез тарады. Қажыбайдың әнін бір тыңдаған кез келген жан онымен күні-түні бірге болғысы келді, бірге жүргісі келді. Баладай аңқылдаған көңілімен Қажыбай кез келген жан иесіне дос болды, бауыр болды.Қажыбай ән салмаған сахна қалмады. Көкше елінде Қажыбайсыз бірде бір той-томалақ өтпейтін болды. Қажыбай ән салмаған ауыл қалмады десе де болғандай. Ол өз Көкшесінің сүйікті әншісіне айналды, өз Көкшесінің ардақты ұлына айналды.

Әнші Қажыбай әсем әнімен әуелеп бара жатқан сол бір тұста Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газетіне «Айбозым, айхай Бозым!..» деген тақырыппен талантты жас әнші Қажыбай Жахин жайлы эссе жазып, шығардым. Балаша мәз болды.Кез-келген жерде «Мені алғаш рет «Айбозым!» деп Жабал ағам жазды» деп айтудан бір танбаушы еді. Содан кейін Қажыбай әнші Көкшенің «Айбозым» әншісі атанып кеткен-ді. Сол Көкшенің «Айбозым» әншісі бірде алдыма келді. Көңілі пәстеу көрінді. Жағдайын сұрадым. «Аға, Павлодарға кеткелі отырмын» деді. Басында пәтерінің және жағдайының жоқтығын айтты. Керекудегі айтыс ақыны, досым Серік Құсанбаев шақыртып жатыр, келген күні пәтердің кілтін қолыма беретін болды деді

-Қой… тұра тұр-, дедім де сол кездегі облыстық атқару комитетінің төрағасы Шапай Әбутәліпов ағама телефон соғып, рұқсатын алып, Қажыбайды ертіп, ағаның алдына келдік. Жарықтық, Шәкеңнің алды кең еді ғой! Жатқан жері жарық болсын!

-Аға, аузына ел қарап отырған мына Қажыбайды павлодарлықтай үй береміз деп шақыртып жатқан көрінеді. Қажыйбайдай әншіге бір үй бер алмай, айырылып қалсақ, ертең талай бір айтыстарды осыны бетімізге басады ғой,-деп едім Шапай ағам бір жымиды да, алдындағы телефонының тұтқасын көтеріп, сол кездегі Көкшетау қалалық атқару комитетінің төрағасы Серікжан Қасымовқа нұсқау берді. «Барыңдар Серікжанға» деп Шапай ағам кең пейілімен шығарып салды.

Салып ұрып, Серікжан Қасымовқа келдік. Обалы нешік, Секең де бардан жоқ жасап, дегендей көп ұзатпай Қажыбайға Абылайхан даңғылынан екі бөлмелі пәтер беруге шарапат жасаған еді. Осы арада бұл жайды дүниеден озған Шапай мен Серікжан ағаларымның іріліктерін және де олардың өз елінің азаматтарының бір ауыз сөзін аяқасты етпеген кісілік қасиеттері алдындағы парызым есебінде ғана айтып отырмын! Қайран Көкшенің ірілері-ай!

Әнші Қажыбай тұтас қазақ елінің Айбозым әншісі еді! Әнші Қажыбай кезінде республика бойынша өтіп жатар талай бір байқауларда да ән салып, қанжығасына олжа байлап жүрді.

Көкшетаудың кең көшесінде ақ жанымен жарқылдап, ақ көңілімен сейілдеп, көрген сайын «менің алтын,ағам-ау» деп құшағыма енер Қажыбай жоқ енді мына дүниеде. Қажыбай тұратын үйінің іргесіндегі Бұқпа тау да аласырап қалғандай… Көкшетаудың етегін шайып жатқан Қопа көлінің айдыны да шымырламайды, бүгін ол да моп-моқан күйге түсіп, ауыр мұңға батқандай, тек жағасындағы құрақ қамысы ғана сыңсығандай… егіліп тұрғандай… Қажыбайды білетін және де сыйлас әр адамның жаны да осы Бұқпа таудай мүжіліп, Қопа көліндей көз жасын сығып алғаны да анық…

***

Көкшеңмен қош айтыс, Қажыбай! Әлде қимайсың ба?..Әрине, қимайсың! Біз де… Көкшең де сені қимай жатырмыз! Дегенмен… қош бол! Сен бақыл болсаң… біз бақылмыз!..

Жабал Ерғалиев,

жазушы-драматург,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сенаторлар кеңесінің мүшесі.

Көкшетау. 30 маусым, 2020 жыл. (сағат 1. 16 )

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *