Ата-тегімізді қашан дұрыс жазамыз?

Редакциямызға түрлі мекемелер мен оқырмандардан хаттар жиі келіп жатады. Жұмыс бабымен өзіміз де іссапарларға шығып, материалдар жинаймыз. Көптеген адамдармен таныса жүріп көкейге бір түйгенім, өз ұлтымыздың бірсыпыра азаматтары мен азаматшаларының бойында қазақ болудан қашатын, ата-тегін мойындағысы келмейтін бір менсінбеушілік қасиетті байқағандаймын.

Неге бұлай айтып отыр дейсіздер ғой. Қазақтың қазақ тілінде сөйлегісі келмейтіні аздай, ата-тегін де әлі күнге дейін орысшалап жазып жүргені қынжылтады. «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» демекші, бұл мәселе бұрыннан айтылып келе жатқанымен, сең қозғалатын түрі жоқ. Қазағымыздың қазақша сөйлеуі, қазақша ойлауы, жанымен де, тәнімен де, тегімен де қазақ болуы үшін не істелуі керек? Қазақтың санасын қалай өзгерте аламыз? Ол баршамыздың алдымызда тұрған үлкен бір мәселе.
Кейбір жайттарды көріп қарадай қынжыласың. Жуырда бір аудандық мәдениет үйі туралы мақала жазбақшы болып, директорына хабарласқан едім. Ол материалды дайындап болған соң, оны газетке берер алдында өзіне бір оқытып алуымды өтінгесін, мақаланы электронды поштамен жібердім. Артынша әлгі мәдениет үйі директорының «Мақалада бәрі дұрыс. Тек, тегімді «Смайылова» емес, міндетті түрде «Смаилова» деп жазыңыз демесі бар ма. Қазақ басылымы болғаннан кейін газетімізге шығатын кейіпкерлеріміздің, авторлардың аты-жөндерін қазақшалатып беруді міндетіміз деп білеміз.
Жалпы, ондай жағдайлар жиі кездеседі. Кейде мақаламызда адамдардың аты-жөндерін қазақшалатып, мәселен «Буркутбаеваның» орнына «Бүркітбаева», «Утепбергенованың» орнына «Өтепбергенова», «Закирьянов» емес, «Зәкіриянов» деп, «Садвакасов» емес, «Сәдуақасов» деп жазсақ, мұнымызға кәдімгідей шамданып жататын жандар кездеседі. Өз ұлтымды сауатсыз деуге аузым бармайды. Десек те, кейбір қарагөздеріміздің өз-аты жөндерін жазуға келгенде сауатсыздың күйін кешетініне іштей қынжыласың. Жарайды, кезінде құжатта аты-жөні, тегі орысша жазылған шығар. Бірақ, аты-жөнімізді қазақшалап айтатын, жазатын кез әлдеқашан келді емес пе? Қашанға тілімізбен де, тегімізбен де «шала қазақ» атанып жүрмекпіз? Өзіңіз ойлап қараңызшы, мәселен, «Сәдуақасов» тегін «Садвакасов» деген жазғасын әр жағында қандай мағына қалады?
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы бастау алғанда бірқатар ұлт жанашырлары «рухани жаңғыруды төл құжаттағы ата-тегімізді дұрыс жазудан бастау қажет» деген өте орынды пікірлерін білдірген болатын. Шынымен де, ойланатын жәйт. Ал, сіз не дейсіз?
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар